• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Тувені түсіну

288 рет
көрсетілді

Бейнелеу өнерін түсінудің бір ерекшелігі – бояу арқылы ұғысуда. Бояу «тіліне» ешқандай аудармашының керегі жоқтығында. «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында өткізілген швед суретшісі Туве Крабоның жеке көрмесі Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жыл­дығына арналды. ­­Туве Крабо «Түзелмейтін қа­телік: Алғашқы жарылыс» атты көрмесіне ядролық қарудан зар­дап шеккен орындарды бей­нелейтін жұмыстарын қойды. Дүние жүзінде пиғылы бұзық, ниеті қарау адамдардың кесірінен күн сайын техногенді апаттардың орын алатыны нәзік жанды суретшіні қатты толғандырған сыңайлы. Швед суретшісінің Тұң­ғыш Президент музейінде ашылған көрмесі солайша барлық зұлымдықтардың артында жекелеген адамдар не қатал режім тұ­рады деген ойды айғақтап тұрды. Көрмені Швецияның Қазақ­стандағы елшісі Христиан Ка­­милл ашты. Ол өз сөзінде Швеция ұзақ жылдар бойы қа­русыздану саласындағы бел­сенді іс-қи­мылдарға өз тарапынан күш салып келе жат­қанын, Қазақстанның ядро­лық қарусыздануға бағыт­талған бастамаларын жоғары ба­ға­лайтынын жеткізді. «Биылғы жылы Швеция және Қазақстан мем­лекеттері 2017-2018 жыл­дарға Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстанмен бірге біз де БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде қарусыздану және қаруды таратпау бастамаларын қолдаймыз. Астанада осы бірегей көрмені ұсыну арқылы ядролық қарудың және ядролық сынақтардың зардаптары жайлы ақпарат беру жұмысын жүргіземіз деген үміт­теміз», – деді елші. Ал көрме барысында сурет­шінің өзі мәтінмен жеткізу мүм­кін емес нәрсені акварельмен, бояу­мен айтуға барынша күш салатынын әңгімеледі. «Менің өнерім кино сияқты. Онда драма, көңіл күй, сезім, жарық пен түнек бар. Көбіне өз образдарымды интернет желісінен аламын. Олардың басым бөлігі – адамзат трагедия­сы мен экологиялық зардап шеккен жерлер. Қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағы­мы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын», – деді ол. Туве Крабо кино, проза, бейнелеу өнері тәрізді өнердің түрлі саласын меңгерген жан. Бір басына өнердің бірнеше түрін тоғыс­тырған Туве адамзатқа қасі­рет әкелетін құбылыстар мен оқи­ғаларды болдырмау үшін өнері арқылы адамдарға жанашырлық, түсіністік сезімдерін сыйлағысы келеді. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»