• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Сот саласының сардары

525 рет
көрсетілді

Қадір тұтар ағамыз, әріптесіміз Кеңес Жалмұханбетов осыдан 80 жыл бұрын, 1936 жылдың 4 қарашасында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Жексенбек ақсақал да халқына қалаулы, еліне елеулі болып көп жылдар бойы аталған жерде ауылдық кеңестің төрағасы болыпты. Анасы Қадиша да еліне сыйлы ақылшы әже атанса керек. Өз басым Кеңес ағамен өткен ғасыр­дың сексенінші жылдарының орта шенінде ол Қазақ КСР Жоғарғы сотының судьясы болып жүрген кезінде танысып, ағамыздың бұған дейін де еңбек жолдарынан абыроймен өткен қызықты да мағыналы өмірбаянын біле бастадым. Дәлірек айтқанда, 1959 жылдан 1962 жылға дейін «Қазақстан Магниткасы» аталған Теміртау металлургия комби­на­тының №1 Домна пешінде жұмысшы бо­лып, тарихта қалған 1960 жылдың 3 шілдесінде сол уақытта жас горно­вой, еліміздің болашақ тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір­ге Қазақстанның алғаш рет шойын бал­қы­масын алуға қатысқаны өз басыма үлкен әсер қалдырды. Кенекең болса: «Мен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сол тарихи сәтте бірге болғанымды әрқашан мақтан тұтамын», деп сол кезді әлі де есіне алып отырады. Бұдан бұрын геологиялық кен барлау партиясында бұрғылаушы болып, қарапайым жұмысшыдан бастаған Кеңес Жексенбекұлының өмір жолында тағы да маңызды өзгеріс болды. Комсомол комитетінің жолдамасымен белсенді, алдыңғы қатардағы жас азамат ретінде Ішкі істер министрлігінің Теміртау қаласындағы социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің (ОБХСС) қызметкерлігіне жіберіледі. Осы жұмыста біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, жоғары білімді заңгер мамандығын иеленді. Елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті дамыту мен нығайту ісіне біржолата түсіп, демократиялық құқықтық мемлекет құру ісіне белсенді түрде араласып кетті. Ол 1968 жылдан бастап он шақты жыл бойы Приозерск қаласындағы мамандандырылған соттың төрағасы болды. Сот төрелігін атқарудағы прин­цип­шілдігі мен іскерлігі ескеріліп, елі­міз­дегі сот жүйесінің ең жоғары са­тысы – Жоғарғы сотқа қызметке ша­қы­рылады. Сөйтіп, 1981-1986 жылдары Жоғарғы соттың судьясы, Алматы қалалық Әділет басқармасының бастығы, Торғай облыстық сотының төрағасы, Алматы облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарды. Сот саласындағы осы аталған күрделі де үлкен еңбек жолдарынан өткен Кеңес Жексенбекұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Конституциялық сотта да жұмыс істеді, яғни 1992-1995 жылдары мәртебесі жоғары Конституциялық соттың судьясы болды. 1996 жылы юрисдикция сот саласына жұмысқа қайта шақырылып, Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының судьясы қызметін атқарды. Бұл ағамыздың Жоғарғы сотқа үшінші рет оралуы еді. Кеңес Жалмұханбетов 2004 жылдың аяғына дейін жұмыс істеп, Жоғарғы соттың судьялық қызметінен құрметті демалысқа шықты. «Еңбек ету бар, еңбекті бағалау бар» дегендей, Кеңес Жексенбекұлының қажырлы еңбегі, отыз бес жыл бойы судья болып, сот төрелігін атқару ісіне қосқан еңбегі елеусіз қалған жоқ. Пре­зи­­денттің Жарлығымен «Құрмет» ор­дені­мен, көптеген мемлекеттік медаль­дар­мен марапатталып, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының құрметті судьясы» атанды. Сот әділдігінің символы іспеттес болған «Үш би» төсбелгісінің иегері, «Приозерск қаласының құрметті азаматы» деген атағы, басқа да көптеген марапаттары бар. Бүгінгі таңда ағамыз Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы жоғары білікті ардагер судьясы. Еліміздің Конституциясында «Мем­ле­кеттік биліктің бір тармағы – сот би­лігі» деп жазылғандай, үш би­лік­тің бір шыңы – соттар өз биігіне бет­теп келеді. Ал бұл сот жүйесінде жүр­гізі­л­ген түбегейлі реформалардың тіке­лей нәтижесі, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» деп нақты қам­қор­лық жасауының арқасы. Осы орайда айта кетер болсақ, республикамыздың сот жүйе­сін егемендік алған кезеңнен бастап бас­қар­ған Жоғарғы сот төрағаларының, со­ның ішінде қазір де сот жүйесін бас­қарып отырған Қайрат Әбдіразақұлы Мә­мидің сот жұмысын жақсартып, рефор­малаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Бұл жағдайға тоқталып отырғанымыз, осы мақаланы жазуға арқау болған Кеңес Жалмұханбетов те Жоғарғы соттың судьясы ретінде күнделікті өзінің тікелей қызметтік міндеттерімен қоса, сот жүйе­сін реформалау, оның деңгейін озық үлгі­дегі халықаралық стандарттарға дейін кө­те­ріп, жақсарту ісіне үнемі өз үлесін қосып келеді. Сот билігінің қоғамдағы орны мен маңызы қашанда жоғары. Бұл тұр­ғы­да судьялардың мәртебесі артып, бұ­қа­ра халықтың сеніміне ие болуы үшін олардың өздері қандай болуы керек? Кеңес аға мемлекет тарапынан судья­лардың әлеуметтік-материалдық хал-аху­а­- л­ын көтеру бағытында қандай шаралар керектігі туралы өз пікірін білдіріп, сан рет мақала жазды. Сондай-ақ, бұл мә­селені заңгерлер бас қосқан түрлі мін­берлерден айтып, әрқашан көтеріп жүрді. Осы бағыттағы күнделікті басылымдардан басқа ағамыздың «Судеб­ная рефор­ма в Казахстане: взгляд изнутри» атты кітабы да, «Система судебных орга­нов. Республика Казахстан» деген көлемді мақаласы да жарық көрген бо­латын. Осы жылдар ішінде Кеңес Жал­мұханбетовтің басқа да кітаптары шық­ты. Бұл еңбектерінде ол 1955-2012 жылдар аралығында өзімен қатар жүр­ген адамдардың адамгершілік, отан­сүйгіштік, адалдық пен әділеттілік сынды қасиеттерін баяндайды. Ал кітаптарын өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні болсын деген игі мақсатпен жазған еді. Бұдан басқа, 2010 жылы жарық көр­ген «Ғасырлар белесі» атты кітабында Ке­ңес Жексенбекұлы көшпелілер жайын­дағы тарихи шындық пен қазақ хал­қы­ның ұлы хандары, атақты билері мен батырлары туралы құнды тарихи дерек­терді сәтті топтастырып, оқырман үшін қарапайым да түсінікті тілмен жазып шыққан. Яғни, еңбегінде ел ау­зын­дағы тарихи мәліметтер мен аңыз әңгі­мелерді, сондай-ақ бабалардың, қазақ да­ласының атақты данышпандары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ұлағатты сөз­дері мен мұрағат қорларын да орынды пай­даланған. Жоғарғы соттың судьясы бола жүріп, сот төрелігін атқару ісімен қатар, Кенекең қоғам­дық жұмыстарға да белсенді аралас­ты. Ол 1998-2001 жылдары Жоғарғы соттың жанындағы тәртіптік алқаның төра­ғасы, біліктілік алқасының мүшесі бол­ды. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Рес­публика Судьялар одағының хатшысы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстармен айналысты. Жоғарғы сот ұжымы бұл кісіні «біздің ақсақал» деп ардақтайды. Кеңес ағаның азамат ретіндегі басты ерекшелігі – қара­пайымдылығы мен кішіпейілдігі, па­расаттылығы мен мәдениеттілігі, айна­ласындағыларға мейірімділігі. Ал отбасылық жағдайына келетін бол­сақ, Кеңес Жалмұханбетов – үлгілі отба­сының отағасы. Зайыбы Алтын Мәм­бетқызымен Теміртау қаласында таны­сып, бас қосып, елу жеті жыл бойы жұп­тары жазылмай тату-тәтті өмір сүріп ке­леді. Екеуі табысқан кезде Алтын жеңге­міз Құрманғазы атындағы Алматы кон­серваториясын бітіріп, Қазақстан Маг­нит­касының ән-би ансамблін басқарып жүрген кезі екен. Кеңес аға мен Алтын жеңгеміз ұл-қыз өсіріп, олардан немере, шөбере сү­йіп отырған бақытты жандар. Біз қуаныштары ұзағынан болсын деген ізгі тілегімізді білдіреміз. Екіншіден, осын­дай шағын мақалада Кеңес Жек­сен­бекұлының өмір жолын, өткен бе­лес­терін, өмірдегі жетістіктері мен қуаны­ш­- ты сәттерін, әр адамның басында кез­де­сетін «әттеген-ай» деген кезеңдерін толық қамту мүмкін емес. Қолымызға қалам алғандағы басты мақсатымыз –әріптесіміз, үлкен аға, ақылман досымыз, замандасымыз Кеңес Жалмұханбетовті мерейлі жасымен құттықтай отырып, ағамызға, зайыбы Алтын жеңгемізге мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейтінімізді білдіру еді. Амангелді РЫСҚАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы