Өткен қазан айында елімізде халықаралық деңгейде маңызы бар үлкен оқиға болып өтті. Талайдан бері көпшіліктің назарында келе жатқан атақты «Қашаған» кен орны іске қосылды. Бірақ осы оқиға көп дабыра жасалынбай ың-шыңсыз жағдайда өтті. Тіпті, алғашқы мұнайдың қашан алынғандығын көп мәселеде құлағы түрік жүретін журналистер қауымының өзі білмей қалды десе де болады.
«Қашаған кен орны іске қосылды деп есептей беруге болады. Біз бұл оқиға қазанның 23-і күні өтеді деп белгілеген едік. Бірақ кен орны бұдан сәл ертерек жұмысын бастап кетті, экспорттық мұнай қазан айының бірінші жартысынан бастап алынды», деді бұл жайында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Парламент Сенатының дәлізінде журналистерге берген қысқаша сұхбатында.
Біздің ойымызша, аталған оқиғаның елеусіздеу өтуінің екі түрлі себебі бар. Біріншісі –
«Қашағанның» осыған дейін де бір рет іске қосылып барып, қайтадан ұзақ мерзімді жөндеуге қойылуы. Екіншісі – қазіргі әлемдік мұнай нарығындағы әрі-сәрі жағдайлар. Бірқатар сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл жоба игерілуінің қиындықтары мен мұнайдың өзіндік құнының жоғары болуына байланысты бастапқы кезеңде Қазақстан жағына көп пайда бере қоймайды.
Бірақ соған қарамастан, «Қашаған» секілді алып кен орнының қайтадан іске қосылғанды туралы ақпарат халықаралық іскерлік ортаның назарын аудартқандығын, бұл туралы пікірлер әлемнің әр шалғайында айтылып жатқандығын атап өтуіміз керек. Қазан айының соңында Астанаға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бірінші орынбасары Мэри Уорлик ханым кен орнының іске қосылуына қолдау білдіріп сөйледі. «Тіпті, мұнай бағасының төмен болған жағдайының өзінде Қазақстанға мұндай кен орнын игеруді жалғастырған жөн болады», деді ол. Біз мұны «Қашағанның» іске қосылуына орай білдірілген АҚШ-тың ресми ұстанымы деп ұқтық.
Сарапшылар «Қашағанды» соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кен орны деп атап, көрсетіп келеді. Осының байыбына бару үшін әлемде ашылған ең ірі кен орындары жөнінде деректер жинастырдық. Сонда «Қашағанның» әлемдегі ең ірі 10 мұнай кен орнының қатарына кіретіндігіне көз жеткіздік. Ол қандай кен орындары?
Әлемдегі ең ірі мұнай кен орны – Мексикадағы Чиконтепек. Мұндағы ресурстар мұнай қоры – 22 миллиард тонна. Кен орны өткен ғасырдың 30 жылдары ашылыпты.
Мұнан кейінгі орынды Сауд Арабиясындағы Әл-Габар кен орны иеленеді. 1948 жылы ашылған кен орнындағы мұнай қоры 20 миллиард тоннаны құрайды.
Үшінші орында Кувейттің Үлкен Бүрган аталатын кен орны тұр. Қоры – 13 миллиард тонна. Мұндағы мұнай алу жұмыстары 1946 жылы басталған.
Бразилиядағы Кариока Сугар Лоаф кен орны 11 миллиард тонна мұнай қорымен төртінші орынды иеленген. Бұл кен орны біздің «Қашағаннан» кейін, яғни 2008 жылы ашылған екен. Қазір бұл кен орнын игеру жұмыстары да белсенді түрде жүріп жатыр. Мұндағы мұнайды игеру біздің «Қашағаннан» да күрделі бола ма деген ойда қалдық. Өйткені, мұнай 7 шақырымдық тереңдіктен алынуы тиіс. Оның 2 шақырымын әлемдік мұхит сулары жауып тұр.
Көлемі жағынан бесінші орындағы Сафания-Хафджи мұнай кен орны Кувейт пен Сауд Арабиясы елдерінің аумағында орналасқан. 10,5 миллиард тонна мұнай қоры болған кен орны 1951 жылы ашылыпты.
Алтыншы орындағы Боливар (Венесуэла) мұнай кен орны осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын, яғни 1917 жылы ашылса да әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Қазірдің өзінде 8,3 миллиард тонна мұнай қоры бар деп есептеледі. Шамасы, мұнайды алу ісі барған сайын тереңдей түссе керек, Petroleos de Venezuela компаниясы оны Боливар бұғазындағы Маракайбо мұнай бассейнінен 5 шақырымдық тереңдіктен тартуда.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Әл-Зәкүм кен орны 10 миллиард тонна мұнай қорымен жетінші орынды, Ресейдің Самотлор кен орны 7,1 миллиард тонна мұнайымен сегізінші орынды иеленген. Бұл екеуі де 1965 жылы ашылған. катар мен Иранның аумақтық суларында орналасқан Солтүстік және Оңтүстік Парсы кешенді мұнай кен орнында 7 миллиард тонна мұнай бар. Оны өндірумен екі елдің мұнай компаниялары қатар шұғылдануда.
Әзірге осы ондықты түйіндеп отырған «Қашаған» мұнай кен орнында әу баста 6,4 миллиард тонна мұнай бар деп есептелген. Бұл – үлкен байлық көзі. Біздің қолымыздағы деректер бойынша биылғы жылы кен орнынан 500 мың тонна мен 1 миллион тонна аралығында мұнай алынуы тиіс. Бәрі дұрыс болса, келесі жылы 4-7 миллион тонна аралығында мұнай өндіріледі. Ал мұндағы жұмыс толық жүйеге түскен кезде Қазақстан «Қашағанның» арқасында мұнайлы елдер элитасының арасынан берік орын алатын болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»