• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Өзара ықпалдастыққа өріс кең

443 рет
көрсетілді

Жақында өңірлер арасындағы кәсіби біліктілік пен тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына барып қайтты. Сапар барысында жамбылдықтар алдымен «Восток-молоко» ЖШС-нің Өскемендегі сүт зауыты жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 40 тонна сүт өңделеді екен. «Сұраныс көбейіп жатса, сүт мөлшерін 200 тоннаға дейін көтеріп, қажет емес жағдайда 10 тоннаға дейін түсіре аламыз. Одан зауыттың шығыны артпайды» дейді кәсіпорын директоры Сейілжан Сайлаубаев. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуына қарағанда, «Восток-молоко» ЖШС елімізде алғаш рет сүт өндірісіне роботтандырылған жүйе енгізген кәсіпорын. Енді табиғи өнімдерін Қытай нарығына шығармақ. Әрине, «Келгенше қонақ ұяла­ды, келген соң үй иесі ұялады» де­ген, әулиеаталық кәсіпкерлер ол жақтағы жұрттан ұят болма­сын деп бір керуен жетектеп баруды жөн санапты. Биыл Жамбыл облысының қамбасы тоқ. Бұл күні Өскемендегі «Fresh Науket» логистикалық орталығында ауыл­шаруашылық жәрмеңкесі өткі­зіліп, әулиеаталық тауар өнді­рушілері жаймаға жалпы құны 95,7 млн теңгені құрайтын 154,3 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарларын қойды. Оның ішінде 20 тонна ет, 1,4 тонна тауық еті, 5 тонна шұжық, 16,2 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік және 6 тонна макарон өнімдері, 5 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 5 тонна балық, 1,2 тонна бал және 87,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Ең бастысы, бұл жәрмеңкедегі тауар бағалары нарық бағасынан 5-20 пайызға төмен болды. «Меркіде ірімшік шығаратын зауыт бар. Сондықтан сүт өнім­дерін көптеп жеткіздік. Бір ғана Меркі ауданынан 15 кәсіпкер өз өнімдерін апарды. Халықтың жеміс-жидекке деген сұранысы керемет болды. Әсіресе, еттің саудасы қызды», дейді бұл жөнінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжаппаров. Бүгінде Шығыста Жамбыл облысының 97 түлегі «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Екі облыстың әкімдері осы студенттермен кездесіп, хал­-­ жағдайларын сұрады. Арман қуып, білім жолына түскен жам­­былдық жастар қамқоршы аға­ла­рына алғыстарын жаудырып, Шығыс жерінде еңбек жолын бас­тауға дайын екендіктерін жет­­кізді. Тағы бір айтары, бұл күні Оңтүстік жақтан келген студент­тер жәрмеңкеге барып, туған жердің дәмінен ауыз тиіп, арзан азық-түлікті мол етіп арқалап қайтты. Глубокое ауданының Сол­неч­­ное кентінде орналасқан «Май­­лы дақылдар тәжірибе ша­руа­­­шылығы» ЖШС – майлы дақылдардың тұқымын ірік­­теп, асылдандырумен шұ­ғыл­­­данатын еліміздегі санау­лы кәсіпорындардың бірі. Ал «Бобровка+» ЖШС-нің робот­тандырылған сүт өңдеу фермасында қазіргі кезде 800-ден астам ірі қара малы бар екен. Барлық жұмыс, яғни мал азығын беру, сауу, сиырлардың жағдай­ын бақылау толығымен автоматты түрде жүргізіледі. Кәсіпорында бүгінде 70 адам еңбек етуде. Кәрім Көкірекбаев осы кәсіп­орын­дарға арнайы мамандар жіберіп, тәжірибе алмасу жөнінде ұсы­ныс айтты. – Бұл кездесу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын, – дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. – Біздің өңір аграрлық өлке саналатындық­тан, биыл ауылшаруашылық сала­­сында мол өнім жинадық. Сондай-ақ, еліміздегі химия саласының 30 пайызы Әулиеата өңірінің үлесінде. Жамбыл облысынан минералды тыңайтқыш­тар, құрылысқа қажетті қоспалар, ұн-макарон өнімдерін тасымалдау­ға әзірміз. Кездесу соңында Шығыс Қа­зақ­­стан облысы мен Жамбыл облыстарының ықпалдастығы жөніндегі мемо­рандумға қол қойылды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН