• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Сервистік қызмет сын көтермейді

363 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің сәрсенбіде өткен жалпы отырысында депутат Ерсұлтан Бектұрғанов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінеді: «Орталық Азия тарихында Астана қаласында тұңғыш рет өтетін «ЭКСПО-2017. Болашақ энергиясы» атты көрменің ашылуына да 220 күн қалыпты. Келесі жылғы маусымның 10-ынан қыркүйектің 10-ына дейін үш ай ішінде бас қаламызға 5 миллионға жуық қонақ пен турист келеді деп болжануда. Көрме аясында шетелдік қонақтарды Ұлы Даламыздың тамаша табиғатының үлгісі болып саналатын Бурабай ұлттық табиғи паркіне апару жоспарланып отыр. Бірақ, бүгінгі таңда сол жерге апаратын, дүниежүзілік үлгіде салынған «Астана – Бурабай» тас жолы бойындағы сервистік қызметтер көрсету деңгейі ешқандай сын көтермейді. Төселген автобан ХХІ ғасырды көзге елестетсе, жол бойында салынған автотұрақтардағы әжетханалар өткен ғасырды еске салады. Оларда жылу көздері, сумен қамтамасыз ету атымен жоқ болса, түнгі уақытта ол жерлерге, жарықтың жоқтығынан кірудің өзі қорқынышты. Оларды дер кезінде тазартып, санитарлық нормада ұстау жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Бұл жол – Қазақстандағы алғашқы ақылы автобан ретінде жылына бір миллиард теңгеден астам қаржы түсіріп отырса да, жолаушылар мен жүргізушілерге қажетті жағдай жасалмай отырғаны өкінішті-ақ. Жалпы, айтылған кемшіліктер тек қана осы жолға ғана қатысты емес. Ресми мәліметтер бойынша, еліміздегі республикалық және халықаралық жолдардағы сервистік қызмет көрсетулердің 80 пайызға жуығы ұлттық стандарттарға сай емес екен. Бұл мәселенің шешімін табу үшін тиісті министрліктер және осы жолдар өтетін өңірлердің әкімшіліктері жол бойына салынатын құрылыс нысандарына жаңа талаптар қойып, олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуін қатаң бақылауға алса екен дейміз. Ал «Астана–Бурабай» автобанына байланысты айтатын болсақ, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі ашылғанға дейін аталған жол бойындағы сервистік алаңдарды шұғыл түрде ұлттық стандарттар талаптарына сәйкестендіруді сұраймыз. Халқымызда «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген бар. Сондықтан, халықаралық деңгейдегі іс-шараның шеңберінде елімізге көптеген меймандар мен қонақтар келгенде, ұятқа қалмасақ екен дегіміз келеді».