Мәжілістегі «Ақ жол» депутаттық фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова бастап, фракцияның басқа мүшелері қостаған хат Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың атына жолданды. Онда былай делінген: «Біз үстіміздегі жылдың 29 шілде және 7 қыркүйек күндерінде сіздің атыңызға шетелдік валютамен қарыз алған адал борышкерлердің мүддесін қорғау үшін «Ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын жетілдіру туралы ұсыныс жасаған сауалдар жолдаған едік. Өйткені, бағдарламаның шарты алған несиелерін дұрыс өтемей жүрген борышкерлерге жеңілдік жасап, олардың қарызын шетелдік валютаның былтырғыдан бұрынғы курсымен қайта есептегенін, ал қарызын уақтылы өтеп жүрген адал борышкерлер үшін валютаның қазіргі курсын қолданып қайта есептелгенін, соның нәтижесінде олардың қарызы 70-80 пайызға көбейіп кеткенін жаздық. Біздіңше, бағдарламаның шарты адал борышкерлерді қолдаудың орнына оны төлегісі келмейтіндерді ынталандырады.
Ол-ол ма, бұл Конституциядағы азаматтар теңдігінің нормасын бұзады. Осыған байланысты біз жағдайды түзету шараларын қарастыруды сұраған едік. Екі сауалымызға да біз Ұлттық банк төрағасының орынбасары О.Смоляков қол қойған жалтарма жауап формасындағы жауаптар алдық. Онда біздің сұрақтарымызға жауап берудің орнына Бағдарламаның жалпы сомасының сандары, қатысатын банктердің тізімі, бағдарламаның шарттары және т.б. ғана көрсетілген. Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық партиясының мүшелері сізге төмендегілерді хабарлайды:
Мұндай жалтарма жауапты біздің көтерген мәселемізге жауап деп санамаймыз;
Біздің сауалдарымызды қарауды үшінші рет талап етіп, оған негізделген жауап беруіңізді талап етеміз;
Ұлттық банктің атынан жалтарма жауапты дайындаған қызметкерлеріңізді жауапкершілікке тартуыңызды өтінеміз.