• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Қылмысты болдырмаудың пәрменді жүйесі қажет

432 рет
көрсетілді

Ұзынағаштағы үш бірдей азаматты айдың-күннің аманында атып өлтіріп, мал-дүниесін тонап кеткен оқиғадан кейін Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Азат Перуашев қоғамдағы осындай қасіретке қатты алаңдаушылық білдіріп, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа депутаттық сауал жолдап, елдегі ауыр қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ, оларды жасаған қылмыскерлерге жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шаралар туралы ақпарат беруді сұраған еді. Сол сауалға жуырда Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтан ұзын-сонар жауап келді. Біз оны қысқартып ұсынып отырмыз: «Еліміздегі қылмыстық деңгейге жүргізілген талдау ресми статистикалық мәліметтер бойынша соңғы 5 жылда адам өлтіру 1,5 есеге (2011 жылы 1414-тен 2015 жылы 860-қа дейін)төмендегенін көрсетті. Адам өлтіру динамикасы мынандай: 2011 жылы – 1 414, 2012 жылы – 1 263, 2013 жылы – 1 118, 2014 жылы – 902, 2015 жылы 860 осындай қылмыс жасалған. Соңғы 3 жылда мал ұрлау саны 11 мыңнан (2013 жылы) 8 мыңға (2015 жылы) азайғанын атап кетеміз. Ағымдағы жылы осы құқық бұзушылық түрлерінің жағдайы тұрақты болып қалуда (5666-дан 5612-ге дейін 1%-ға төмендеді). Адам өлтіруді және барлық резонанстық қылмыстарды ашу және тергеу барысы министрліктің бақылауында тұрады, қылмыстық және іздестіру істері зерделенеді, тиісті тапсырмалар беріледі, қажет болғанда орталық аппараттың тәжірбиелі қызметкерлері өңірлерге іссапарға жіберіледі. Одан басқа, өткізілетін іс-шараларды үйлестірудің тиімділігін арттыру үшін министрлік «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ведомстволық бағдарлама (ІІМ-нің 2015 жылғы 28 ақпандағы №16 бұйрығымен бекітілген) қабылдады. Қылмыстық жазалауды қатаңдатумен ғана мал ұрлау проблемасын шешу мүмкін емес, осы қылмыстық құбылыстың алдын алудың пәрменді жүйесін құру үшін мал бағуды орталықтандырып ұйымдастыру, оны толық есепке алу, сондай-ақ, мал шаруашылығы нысандарын техникалық нығайту бойынша практикалық шаралар кешенін қабылдау қажет. Учаскелік полиция инспекторлары осы бағытта нақты жұмыс атқаруда, олар ағымдағы жылы халықпен 9 мыңнан аса жиын өткізді, онда азаматтарға және фермерлік шаруашылықтар басшыларына өзінің мүлкін сақтау бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ақпарат айтылды. Жануарларды ұстау және бағу мәсе­лелерін құқықтық реттеу тетіктерінің, сондай-ақ, осындай талаптарды орындау үшін жауапкершіліктің болмауы мал ұрлауды кәсіп еткен адамдарға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан, мал ұрлау проблемасын тек полиция күшімен және қолданыстағы заңнаманы өзгертпей шешу, өкінішке қарай, мүмкін емес. Біздің ойымызша, ауылдық округ­тердің әкімдерін бұл процеске белсенді тарту үшін «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға түзе­ту­­лер енгізіп, қалалар мен елді мекен­дер­дің аумақтарын абаттандыру қағи­да­л­арын бекіту бойынша құзыретіне ұқсас об­лыс­тық мәслихаттарға жануарларды ұстау және бағу қағидаларын бекіту құқы­­ғын беру қажет. Сонымен қатар, осы қағидаларды сақтамағаны үшін әкім­ші­лік жауапкершілікті белгілеу керек». Одан әрі жауапта Ұзынағашта болған қанды оқиғаларды тергеу бо­йынша күдіктілер анықталып, ұсталғаны және қылмыстық іс жүргізіліп жатқаны айтылыпты.