ҚР Ұлттық банкі 4 қарашада «Дала қазынасы» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «proof» сапалы «Күлтегін» күміс ескерткіш монеталарын айналысқа шығарды.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек бейнеленген, оның ішкі жағында Қазақстан елтаңбасы және мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазба бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазу, жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бар. Жылтыр бетіне жіп тәріздес ою-өрнек салынған. Монеталарды айналдыра жалпақ жиек жүргізілген. Онда соғылған жылын білдіретін «2016» және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 31.1g» деген жазу орналасқан.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ортасында атақты Орхон ескерткіші кешенінің бедер тақтасынан алынған руникалық жазба бөлігінің аясында түркі көсемі мүсінінің бір бөлігінің «тасқа ұқсас» оксидтелген бедерлі бейнесі орналасқан. Жиек монетаның Орхон кешенінің бейнелі байланысын көрсететін, тасқа ұқсас стильдендірілген жақтауша түрінде жасалған. Жиегінде түркі руникалық жазбасы стилистикасында жазылған «КҮЛТЕГІН» деген жазу және монета сериясының үш тілдегі: мемлекеттік тілдегі «ДАЛА ҚАЗЫНАСЫ», орыс тіліндегі «СОКРОВИЩА СТЕПИ» және ағылшын тіліндегі «TREASURES OF THE STEPPE» деген атауы орналасқан.
Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Қыры (гурты) тегіс, бедерсіз және жазбасыз. Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған. Массасы - 31,1 г, 30х45 мм тіктөртбұрыш. Дайындау сапасы - «proof». Ең көп таралымы 5 мың дана. Монеталар оның реверсіндегі бейнені оксидтеу (химиялық бояу) технологиясы пайдалана отырып дайындалды.
Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті. Қазақстанның барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды «ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. «Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Монеталарды ҚР Ұлттық банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҚР ҰБ-ның nationalbank.kz сайтындағы интернет-дүкен арқылы да сатып алуға болады.