• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Андрей Аршавин: «Қайрат» маусымды қарқынды өткізді»

324 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәреге жеткенімен, Кубок жолындағы тартыс әлі жүріп жатыр. Бүгін Атырауда «Қайрат» қала аттас жергілікті командамен жартылай финалдың қарымта матчын өткізеді. Алматылықтар құрамында сол сапарға аттанар алдында біз команданың жартылай қорғаушысы Андрей Аршавинді әңгімеге тартқан едік. – Андрей, «Қайраттың» чемпион бола алмай қалғаны көңіл-күйді түсіріп жіберген жоқ па? – Жоқ, әрине. Шынын айтқанда, біз бұл атақтан баяғыда айырылып қалғанбыз. Жаздың күні-ақ енді чемпион бола алуымыздың өте-мөте қиынға соғатыны байқалған. Бұған команданың чемпионатты сәтсіз бастауының әсері де аз болған жоқ. Ал, тұтас­тай алғанда, біз бірін­шілікті жоғары деңгейде өткіздік. Жанкүйерлер қы­зыға қарайтындай әдемі ойын көрсеттік, голды да өте көп соқтық. Сонымен қатар, қор­ғаныста өткізген матчтарымыз да кездесті. Чемпион болғысы келетін командаға мұның керегі жоқ еді. – Алайда, Кубокты жеңіп алудан үміттеріңіз үзілген жоқ қой. – Ол рас. Бірақ «Атырауды» Алматыдағы бірінші ойында 1:0 етіп қана ұтқанымыз көңілді аздап қобалжытып тұр. Себебі, қарсыласымыздың өз алаңында аянбасын білеміз. Оның чем­пио­наттың соңғы ойынында өз алаңында «То­былды» 3:0 етіп ойсырата жеңгені де бекер болмаса керек. Десек те, финалға шыға алмай қалсақ, біз үшін нағыз сәтсіздік сол болмақ. Демек, бұл кездесуде барымыз­ды саламыз. – «Қайраттың» Алматыда өткен «Оқжетпеспен» ойыны да ерекше болған жоқ па? Мұндай қарқынды ойынға не себепкерлік етті? – Бұған нақты былай еді деп жауап беру қиын. Біз тек алаңға шықтық та, өзіміздің ойынымызды көрсеттік. Рас, есепті өте тез ашуымыз бізді жігерлендіргеннен гөрі, көбірек тоқмейілсітіп кетті. Ал екінші тайм басталар-бас­талмаста тап солай есепті ұл­ғайтуымыз процесті жедел­детіп жіберді. Содан кейін-ақ қарсыластарымыз ойнауды біржола тоқтатты да, біз оны үдете түстік. – Сіздің футболшылық ман­сапты «Қайраттың» сапында аяқтауды қалайты­ны­ңыз туралы да жазылып жатыр...     – Өмірдің жүзіне тіктеп қа­рағанда, бұдан лайықтысын көре алмай отырмын. Менің жасымда енді басқа бір командаға барып, бірден сіңісіп кету қиынға соғады. Олай болса, «Қай­раттағы» мансабым аяқ­тал­ғаннан кейін маған фут­болшылықты қойғаннан басқа ештеңе қалмайды. – Мұныңыз команда­мен келіссөзді жалғасты­раты­ныңызды білдіре ме? – Жоқ, енді ешқандай да келіссөз жүрмейтін шығар деп ойлаймын. Шамасы, клуб президентімен қатар отырып сөйлесіп, пікірлерімізді білдірсек, соның өзі әрі қарай ойнау беруіме жетіп қалар. – Жақында «Қайраттың» сапынан досыңыз Алек­сандр Кержаковты көр­гіңіз келетінін де айтып қалдыңыз. – Ондай ойдың айтылғаны рас. Бірақ бұл мұнда кіл жасы келген футболшыларды жинап алу керек деген ұғымды білдірмейді. Дегенмен, Саша секілді бірер тәжірибелі ойыншыдан команда ұтпаса-ұтылмас еді. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ