Самбо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қанат Байшолақовтың қапияда қаза тапқанына да бес жылдан асып барады. Дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, өскен өңірі – Жаңаарқасын аузынан тастамай, елін-жерін елжірей сүйген азамат ақпанның ақ түтек боранында ауылына бара жатып, жол апатынан қайтыс болды. Ел намысын ту етіп, әлемді шарлаған азамат, осылайша, атажұртында мәңгілік дамыл тапты.
Қанат, негізі, Ақмола облысындағы Целиноград ауданының «Еңбекші» деген ауылында 1961 жылдың 20 маусымында туған. Бұл өңірге атасы Ашубай Байшолақов тың игеру кезінде компартияның пәрменімен қоныс аударыпты. Кейіннен, бала Қанат бес жасқа толғанда, ата-анасы атамекен – Жаңаарқаға қайта көшіп келген.
Міне, болашақ чемпион қайсарлық пен табандылық сынды күреске ауадай қажет қасиеттерді бойына осы киелі топырақтан сіңірді. Диқанбай Биткөзовтей байыпты бапкердің қолына түсіп, күрес өнерінің қыр-сырына молынан қанықты. Оныншы сыныпта оқып жүргенінің өзінде, Ташкентте өткен Бүкілодақтық «Динамо» спорт қоғамының чемпионатында үшінші орын алып, КСРО спорт шебері атағының нормативін орындады.
Қанаттың күрес әлемінің көгіне қалықтай ұшуына қос бапкер – Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақитовтің қосқан үлесі мол болды. Бірі бала Қанатты белі қатпаған кезінен күрес өнеріне баулыса, екіншісі балаң жігітті небір дүбірлі додаларға баптап салды.
Қанат 1980 жылы Ашхабадта жастар арасында өткен КСРО біріншілігінде топ жарып, Испаниядағы әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Ал Мадридте өткен дүниежүзілік додада өз салмағы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атағына ие болды. Ал араға төрт жыл салып, тағы да сол Мадридте 48 кило салмақта әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, ол өзінен бұрын қазақтың ешбір баласы шықпаған биікті бағындырып, есімін тарихқа алтын әріптермен жазып қалдырды.
Қанат Байшолақов пен оның бауырлары түлеп ұшқан «Жас сұңқар» спорт мектебі бұл күнде Жаңаарқадан облыс орталығына қоныс аударып, Арқа балуандарын даярлайтын айтулы мектепке айналды. Қазір бұл шаңырақ «Дзюдо, самбо, қазақ күресі бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің «Жас сұңқар» спорт мектебі» деп аталады. Жалпы, «Жас сұңқардың» жойылып кетпей, ғұмырын жалғастыруға себепші болған Қанат Байшолақовтың інісі Талғат еді. Кезінде кәсіпкерлікпен айналысқан ол өткен ғасырдың 90-шы жылдары қаңырап бос қалған балабақша ғимаратын өз қаражатымен қалпына келтіріп, «Еңбек» деп аталатын спорт кешенін ашқан болатын. Міне, қазір «Жас сұңқар» осы кешеннің бір қанатынан орын тепкен.
Қанаттың есімін есте қалдыру мәселесін қозғағанда, жергілікті атқарушы билікпен ақылдасу керек. Сол себепті, жақында Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдрахман Омаровқа хабарласып, осы шаруа жөніндегі ойын білген болатынбыз. «Жаңаарқа үшін Қанат Байшолақовтай саңлақ балуанның, атпал азаматтың орны бөлек. Сондықтан, чемпионның есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі бастамаларды, әрине, қолдаймыз. Қанаттай әйгілі балуанның есімі көшелердің біріне, спорт мектебіне берілер болса, бұл дегеніңіз чемпионға деген құрметтің үлкені болар еді. Қазіргі таңда біз бұл шаруаны жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатырмыз», – деді аудан әкімі.
Жуырда Қанаттың ұлы Айдос отбасын құрап, шаңырақ көтерді. Марқұм көзі тірісінде жалғыз ұлдың жар сүйіп, аяқтанып кеткенін армандап өткен еді... Жаңа құда жөн білетін кісі болып шықты. Той өткен соң Жаңаарқаға арнайы келіп, Байшолақовтар әулетімен ақылдаса отырып, Қанат марқұмға арнап ас берді. Осы шараның үстінде сөз алған қадірменді ақсақал, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов көкейге ой салатын келелі әңгіме айтты. «Ағайын, – деген ол кісі, – Жаңаарқаның жақсы атын шығарған ерлеріміз көп, бірақ Қанат – жалғыз. Міне, сол жампоздың рухына лайықты құрмет көрсетудің жөні енді келген сияқты. Батыр ұлдың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Жаңаарқадан бір көшеге және осындағы спорт мектебіне оның атын беру керек».
Асқа жиылған ағайын ақсақалдың орынды пікірін бір ауыздан қолдады. Қанат болса, фәниден жалғанға өтіп кетті. Ал оның бауырлары бүгінгі күнде қайда, не істеп жүр деген сұрақтың оқырманды қызықтырары сөзсіз. Қанаттай қыранды түлетіп, томағасын сыпырған әйгілі бапкер Диқанбай Биткөзов айтады: «Тарихта дәл Байшолақовтардай бір үйден әлемді аузына қаратқан үш бірдей балуан шыққан емес. Бұл – Гиннестің рекордтар кітабына енетіндей-ақ құбылыс!». Айтса айтқандай-ақ, Қанат Байшолақов – самбодан әлем және Еуропаның КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО Кубогының екі дүркін иегері болса, інісі Талғат Байшолақов – Әлем Кубогының иегері, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері болды, КСРО Кубогының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал Талғаттан кейінгі Жанат Байшолақов – әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Әлем Кубогының иегері, Азия чемпионы болған саңлақ спортшы. Осы әулеттің тағы бір өкілі Жасұлан Байшолақов – КСРО-ның спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған талантты балуан. Шаңырақтың кенжесі Жандос Байшолақов та ағаларына тартып, самбодан ел деңгейіндегі жарыстардың жүлдегері атанды, «Қазақстанның спорт шебері» атағын алды.
Қазіргі таңда ағаның салған сара жолына адал болған ағайынды Байшолақовтар Қарағанды, қала берді, ел спортының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүр. Әулеттің ендігі бас көтерері Талғат жаттықтырушылық қызметпен айналысады: Максим Раков сынды апайтөс балуанның дзюдодан әлем чемпионатында топ жаруына ерекше еңбек сіңірген білікті бапкер. Жанат болса, Қарағандыдағы олимпиялық резервті даярлау орталығының директоры болып жемісті қызмет атқарып жүр. Облыста спорттың ғылымға мейлінше жақын болуы жолында тынбай еңбектеніп, алдыңғы жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғаған. Жанаттан кейінгі Жасұлан да бапкерлікпен айналысты. Оның шәкірті Келбет Нұрғазина жастар арасында әлемнің екі дүркін чемпионы атанған, келешегінен мол үміт күттірген балуан болды. Әулеттің кенжесі Жандос та ағаларының жолын қуып, Қарағандыда жаттықтырушылық өнермен әуестенген.
Ақын Ғалым Жайлыбайдың Қанат қапияда көз жұмғанда жазған мынадай жыр жолдары бар:
Жұртыңның артқан саған бәрі сенім,
Алаштың ар боп туған арысы едің.
Байрақты бәсекеде дес бермеген –
Қайраулы қазағымның намысы едің.
Сенен де сырғып кетті айман-дәуір,
Рухың, айналайын,
Қай маңда жүр?
Жұртыңның кеудесіне жұлдыз қадап,
Жұлдыздай ағып түстің,
Батырын қия алады кім өлімге,
Азамат болып өттің бұл өмірде.
Біртуар балуан болып, арман болып –
Қалдың сен бүкіл елдің жүрегінде!
Иә, Қанатты қадірлейміз десек, оның жүріп өткен жеңісті жолының кейінгі ұрпаққа үлгі болғанын қаласақ, тұңғыш чемпионның есімі ескерусіз қалмауы керек. Бұл орайда Жаңаарқа өз алдына, облыс орталығы Қарағанды мен Қанат Байшолақовтың студенттік шағы өткен Тараз қаласы да есте қалдыру шараларын ойластырса деген ұсынысымыз бар. «Ерім» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ерлер қайдан шығады?! Жұлдыз ғұмыр жүректерден өшпей, жас ұрпаққа үлгі болсын!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ