• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Шым шаһардың шырайы не себепті көңілден шықпай тұр?

346 рет
көрсетілді

Жақында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласының даму мәселесі ортаға салынғанда біраз кемшілік көрініп қалды. Жиында қаланың бас жоспарының орындалуы, жол инфрақұрылымы және көшет отырғызу сияқты өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылған еді. Қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов бас жоспарды іске асыруда қол қусырып қарап отырған жоқ. Жоспарланған жұмыстар жү­ріп жатыр. Шымкент агломерациясы бойын­ша 48 жо­­ба қолға алынған. Алайда, шешімін күтіп отырған мәселелер де аз емес. – Қала аумағына кірген елді мекендерде жол, ауыз су, коммуналдық қызмет түрлеріне қатысты проблемалар өте көп. 70 пайызын жеке сектор құ­рай­тын аумақта инженерлік-коммуналдық жүйе құрылысын жүргізу ауқымды бюджет қар­жысын қажет етуде. Тиімсіз, мақ­сатсыз пайдаланылған жер телімдері бар. Біртіндеп бұл мәсе­лелерді шешудің жоспарын жасап отырмыз, – деді қала әкімі баяндамасында. Алайда, осы мәселелерге байланысты облыс әкімінің ескерт­пелері аз болған жоқ. Елбасының Шымкентті еліміздегі үшінші мегаполиске айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін, Мемлекет басшысының көтерген мәселелері уақытында орындалуы керектігін қадап айтқан облыс жетекшісі әкімдіктің кеңейтілген мәжілісіне шығарылған күрмеулі жайттарды ақылдаса отырып шешудің жайын айтты. Облыстық басқарма мен қалалық әкімдіктің салалық бөлімдері арасында байланыс жоқ. Әрқайсысы өзінше шешім қабылдап отырғандығын сынады. Осы орайда қала басшысының құрғақ цифрларға құрылған баяндамасына малданбайтындығын білдірді. Арнаулы сарапшылардың деректеріне сілтеме жасаған облыс басшысы нақты фотодәлелдерді жұрт талқысына ұсынды. Атап айтқанда, Төлеметов көшесінде былтыр ғана жөндеу көрген жол ернеулері қирап қалған. Бадам өзенінде жарылған көпір, опы­рылған асфальт суретке түсі­ріліпті. – Мұның бәрі қала сыртында емес, орталық көшелерде орын алған. Дәл осындай келеңсіздіктер Байтұрсынов көшесі, Бәйдібек би даңғылы бойында да бар. Жол құрылысының сапасы сын көтермейді. Жол жүру белгілері тал-теректердің қалтарысында қалып қойған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруы үшін арнайы пандустар кейбір кө­шелерде қарастырылмаған. Ал Бадам өзені бойынан заңсыз тас, құм, топырақ қазып алушыларға әлі күнге дейін тыйым салынбай отыр. Соның кесірінен су арнасы бұзылып, экологиялық апат туындауда, – деді облыс әкімі. Осыған байланысты туындаған мәселелерді шешуге қала әкіміне бір апта мерзім берген өңір басшысы Шымкентті көріктендіру, көгаландыру бойынша есеп берген қала әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосыновтың да уәждерінің қаншалықты орындылығын, бюджет қаржысының қалай желге ұшқанын фотоайғақтармен көрсетті. – Тәуелсіз сарапшылар тү­сіріп келген суреттерден көріп отыр­ғандарыңыздай, Астана даң­ғылы бойына былтыр егіл­ген ағаштардың 60 пайызы қурап, ал «Асар», №3 шағын аудан­дарын­дағы жол бойы­на егілген көшеттер көгермей қалған. Өтегенов және Төлеметов көшелерінің бойына ағаштар түгел егілмеген. Көгаландыруға бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? «Тұрлан» шағын ауданы мен Бөржар су жи­нақтағыш аумағы күл-қоқыстан көз ашпайды. Қала­дағы аудан әкім­дері қайда қарап отыр? – деп облыс әкімі төтесінен қойған сұраққа қала әкімдігінің қызметкерлері мандымды жауап қайтармады. Осы мәселелерді нақты шешуге екі ай мұрсат берген облыс әкімі Шымкенттің жасыл қала қалпынан айырылып бара жатқанын атап айтты. Бір тұтам ағаштардың қала көркін әрлендіре алмайтындығын, жа­пырағы саялы, биік ағаштардың өте аз екендігін мысалға келтірді. Жылына тұтамдап өсетін, қала көшелеріне сәйкес келмейтін сән­дік қылқан жапырақты көшет­тердің орнына қаланы көрік­тендіретін қымбат емес ағаштар­ды отырғызуды ұсынды. Ондай көшеттер жоқ емес, қаладағы Дендросаябақ, Қазығұрт және Сарыағаш сияқты аудандарда осы мақсатқа арналып өсіріліп жатқан тұқымбағы бар. – Шымкент қаласында көп­қабатты үйлерді көбейтуіміз керек. Әсіресе, әлеуметтік үй­лер құрылысына көңіл бөлген жөн. Қаншама жас отбасы пәтер жалдап, баспанасыз жүр. Оларды қолдау үшін осындай үй құрылысын салу қажет. Ол үшін мақсатсыз пайдаланылып отырған жер телімдерін мемлекет меншігіне алуға мән беріңіздер. Көп қабатты тұрғын үйлерді Сайрам және Төлеби аудан­дарынан қалаға қараған ауылдардан да салуға болады, – деді өңір басшысы. Жиын барысында облыс басшысының қаладағы бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарға көңілі толмағандығы белгілі болды. Облыс әкімі қатты айтатындай бар. Бұл жағдай Шым­кент шаһарының бүгінгі әкімі Ғаби­дулла Әбдірахымовқа ғана қатыс­ты емес. Облыстың бірталай әкімдері Шымкентті жасыл қалаға айналдыру үшін жылда мыңдап көшет отыр­ғызуды жұмыс жоспарына енгізіп келгенін білеміз. Егер сол егілген, егілді деген кө­­шеттердің жартысы өскен жағ­дайда Шымкент жайқалып шыға келер еді-ау! Бір кездері әрбір басқарма, сала басшылары көше-көшені бөліп алып, көшет еккен жылдар болған. Мәселен Жандосов көшесіне қылқан жапырақты қымбат ағаш­тар егілген еді. Жол жиегі кеңейтіліп, асфальт тартылғанда үйіндінің астында қалып, бірі қалмай қурап қалды. Бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалды, обал болды-ау деген ешкім жоқ. Бұрын да Шымкентте жеке үйлер анағұрлым көп болатын. Енді Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарына қарасты ауылдар қалаға өткеннен бері үлкен ауылдарға ұқсап кеткен жағдайы және бар. Бүгінде қала аумағына 80-нен астам елді мекен кірген. Яғни, қаланың 70 пайыздан астамы жеке сектор болып есептеледі. Оларға инфрақұрылым, инженерлік жүйелерді тарту, көлікпен қам­тамасыз етуге орасан қаржы керек. Қала әкімі Ғабидулла Әб­ді­рахымов 2025 жылға қарай қала халқының саны 1 млн 200 мыңнан асатындығын және көп қабатты тұрғын үйлердің үлесі 52 пайызға арту қажеттігін айтып отыр. Жиын соңын облыс басшысы Шымкенттің мегаполиске лайықты өз кескінін қалыптастыру үшін жан-жақты ойластырылған жоба қажет деп түйіндеді. Яғни қалада атқарылатын жұмыстар көп. Осыған байланысты Жансейіт Түймебаев тапсырмалардың орын­далуын жеке бақылауына ала­тындығын ескертті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ