• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

Бизнеске кедергі жасаушылар заңмен жазалануы тиіс

351 рет
көрсетілді

Алматыда апта соңына қарай екі күн қатарынан корпоративтік заңгерлердің жыл сайынғы ХІ қазақстандық форумы өтті. «Тұрақсыздық кезеңінде бизнесті құқықтық қорғау» тақырыбын күн тәртібіне шығарған жиында кәсіпкерлік саласында қордаланған мәселелер қаралды. 3-4 қарашада корпоративтік заңгер­лердің басқосуында мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасы, корпоративтік даулар, бизнесті бопсалаудан қорғаудың әдістері, соттық тәжірибелердің тиімді жолдары мен кейстері, проблемалық активтер мен банкроттық, халықаралық келісімшарттар мен сауда-саттық мәсе­ле­лері, еңбек заңдарын іс жүзінде қолдану жәйттері жан-жақты қаралды. Қазақстандық құқық саласының ең өзекті мәселелерін талқылау үшін форумға елдің әр түкпірінен беделді заңгерлер және құқық саласындағы сарапшылар жиналды. Жиынға қатысушылар заңнамадағы тұрақсыздықтан бас айналатынын айтады. Мәселен, соңғы 7 жылдың өзінде Салық кодексінің заңдары 111 рет өзгерген. Қазір тағы да өзгеріс еніп отыр. Өзгерістер мен толықтырулар 2314 бапты қамтыған. Мұндай жағдайда бизнесті жоспарлау өте қиын. Осы мәселеге орай, «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы басқарма төр­а­ға­сының орынбасары Рустам Жүрсінов бизнесті жоспарсыз тексеруге арналған 32 негіздемені қысқарту керектігін ұсынды. «Осы жылы Бас прокуратурамен біріге отырып, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды тексеруді бастадық. 28 мың талапты есептедік. Түрлі талап қоюшылардың ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен өрт сөндіру қызметтері көш бастап тұр. Талаптар бірінші орынға қауіпсіздікті қоюы керек. Сапа мәселесі – компанияның ішкі жұмысы. Мысалы, балабақшалардағы жуу орындары ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасуы керек деген талап бар. Неге? Өндірістегі шамдар металл торлармен қапталуы тиіс. Не үшін? Қоғамдық тамақтану орындарында жұмыртқаны металл пышақпен жару керек. Мұндай нәрселер өте көп. Біз талаптардың 82 пайызын жоюға кеңес бердік», деді форумда Рустам Жүрсінов. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары еліміздегі биз­нес­тің дамуына кедергі келтіріп отыр­ғандарды қатал түрде заңмен жазалау керектігін нақтылады. «3 жыл ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 13 564 шағым түсті. Бұл 50 кәсіпкерге күнделікті көмек керек екенін көрсетеді. Алайда осы уақытта қылмыстық жауапкершілікке тек бір, ал тәртіптік жазаға 18 мемлекет қызметкері тартылды», деді Рустам Жүрсінов. Форум қатысушылары елімізде сот шешімдерінің бірегей базасы болуы керектігін айтты. Мұның нұсқалары бар, алайда заңгерлердің пікірінше олар қажетті талаптарға жауап бермейді. Бірегей базаның көмегімен әр азамат қазақстандық соттың қандай да бір мәселеге көзқарасын біле алады. Ал бүгінде сот шешімі қандай болатынын болжау қиын. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».