• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2016

«Назарбаев-Абэ саммиттері»: Серіктестіктің сенімді серпіні

320 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 6-9 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары болады. Бұл шараның нышандық мәні бар. Өйткені, бұл сапар екі маңызды дата – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанының 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейінгі сапарларындағы секілді Президент Н.Назарбаевтың осы елде болу бағдарламасы әдет­тегідей Жапония Императоры Аки­хи­томен кездесуден басталады. Жалпы, қазіргі кезде Елбасы мен Император арасында жылы достық қарым-қатынас қалыптасқан. Қазақстан Президентінің алда­ғы сапарына орай, Жапония Министр­лер кабинетінің Бас хатшысы Йо­сихидэ Суга «Н.Назарбаевтың Жа­понияға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай бекемдеу тұрғысынан маңызды», деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол «Қазақстан ұлан-байтақ жері бар, экономикасы қуатты, өңірлік көшбасшы болып табылады. Бұл ел халықаралық қоғамдастықта да маңызды рөл атқарады және БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланған Орталық Азия өңірін­дегі тұңғыш мемлекет», деп атап көрсетті. Осы жолы Токиода Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Пре­мьер-министрі Синдзо Абэмен жетінші мәрте келіссөз жүргізеді. Бұл – екіжақты қарым-қатынас тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. Яғни, Қазақстан-Жапония ынтымақтастығының аса жоғары деңгейін көрсетеді. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана екі елдің көш­басшылары екі ірі халықаралық форумда жүздесті. Алғашқысы – АҚШ-тың астанасы – Вашингтонда өт­кен әлемдік форум болса, екіншісі – Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған халықаралық ауқымды басқосу. Осындай кездесулердің нәтиже­сінде, Қазақстан мен Жапония көшбас­шылары екіжақты ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелерін талқылап, бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға түзету енгізуге әрі қазіргі заманның аса өткір сын-қатерлері бойынша ұста­ным­дарын үйлестіруге мүмкіндік алып отыр. Жапониямен қарым-қатынастың ширек ғасырлық тарихына тұтастай көз жүгіртетін болсақ, Мемлекет басшысы Қазақстан-Жапония ынты­мақ­тастығын дамытуға тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап үлкен назар аударып келе жатқанын көреміз. Күншығыс еліне сапарлары барысында Н.Назарбаев өзі кездескен жергілікті ірі кәсіпкерлерді саяси харизмасымен және мақсаткерлігімен таң қалдыратынын да атап айтқан жөн. Сондай-ақ, маған Мемлекет басшысын жапон бизнесінің «капитандарымен» кездестіру бақыты бұйырғанын да мақтанышпен еске аламын. Мұндай оқиғалар Қазақстан Президентінің Жапонияға 1994 және 1999 жылдардағы ресми сапарлары барысында жүзеге асқан еді. Жапонияның саяси және іскер топтарының өкілдерін қашанда Қазақстан Президентінің көрегендігі мен сендіре білу күші таң-тамаша қалдыратын. Мемлекет басшысының жеке күш-жігерінің арқасында тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарының өзінде ғана Жапония компаниялары Даму мақсаттарына ресми көмек желісі бойынша Қазақстанда жалпы сомасы 1,145 млрд АҚШ доллары болатын жобаларды жүзеге асырып, 67,8 млн АҚШ долларының техникалық көмегін көрсетті. Қазақстан үшін Астанадағы ха­лық­аралық әуежай құрылысы, темір жол және автомобиль жолдарының желісі, энергетикалық нысандарды жаңғырту, еліміздегі медицина, бі­лім беру, мәдениет және спорт меке­мелерін жарақтандыру, сондай-ақ, Жапонияның халықаралық ынты­мақ­тастық агенттігі базасында кең бейінді Қазақстан мамандарының біліктілігін арттыру секілді жобалардың маңызы жоғары екенін атап көрсеткен жөн. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынаста екі жаңа экономикалық стратегиялар түйісетін «Нұрлы жол» және «Абэномика» бағдарламаларын тиімді пайдалану мақсаты тұр. Бұл жерде Қазақстан мен Жапонияның қазіргі экономикалық мүмкіндіктерін пайдаланудың, оның ішінде жапон­ның технологиялары мен «ноу-хауларын» еліміз экономикасына кеңінен енгізудің маңызы зор болмақ. Қазіргі кезде Қазақстан мен Жапония арасында Қосарланған салық салуды болдырмау туралы кон­венция, Атом энергиясын бейбіт мақ­сатта қолдану туралы келісім, Ин­вес­тицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісім секіл­ді және тағы басқа маңызды құжат­тар қолданылып келеді. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі әр жыл са­йын шамамен 1,5-2 млрд АҚШ долларын құрайды. Мәселен, өткен жылы, әлемдік экономика өсімінің баяу­лағанына қарамастан, екі ел арасын­дағы тауар айналымы 1,5 млрд АҚШ доллары болды (экспорт – 858,6 млн дол­лар, импорт – 584,7 млн доллар). Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткішке көз жүгірт­сек, алыс-беріс көлемі 741 млн АҚШ дол­ларын құраған (экспорт – 351,1 млн доллар, импорт – 390,5 млн доллар). Қазіргі кезде Қазақстанда Жа­пония тарапының қатысуымен 74 компа­нияның филиалдары мен өкіл­дік­тері тіркелсе, олар мұнай, газ, мұнай химиясы, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильдерді көтерме бағамен сату, электр байланысы, құрал-жабдықтарды көтерме бағамен сату, ағаш дайындау, логис­тика, медицина, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда жұмыс істейді. Жапония инвестициясының Қа­зақстан экономикасына ағыны соңғы 10 жыл бедерінде 5 млрд АҚШ долларын құрады. Алайда, аталған цифрлар екі ел арасындағы бар мүмкіндіктерді толық көрсетпейді. Соңғы жылдары жапон компанияларының қа­зақ­стандық еркін экономикалық аймақ­тар қызметіне, жүк тасымалы үшін елі­міздің транзиттік әлеуетін пайда­лануға қызығушылығы байқа­лып отыр. Бұл жерде біздің терминалдарымыз пайдаланылатыны айтпаса да түсінікті. Елбасының Жапонияға осы жолғы ресми сапары аясында Қазақстан мен Жапонияның Экономикалық ынты­мақтастық жөніндегі үкіметтік және жеке секторлары бірлескен комиссиясының 6-шы мәжілісі өтеді деп жоспарланған. Оған екі жақтың бизнесмендері қатысады деп күтіліп отыр. Мәжіліс қорытындысы бо­йын­ша құны шамамен 1 млрд АҚШ дол­лары болатын бірқатар екіжақты ком­мерциялық құжаттарға қол қойылмақ. Қамтылатын салалар да ауқымды – көлік, мұнай химиясы, қаржы, минералды ресурстар, атом энергетикасы, туризм, ІТ және жоғары технологиялар салалары. Үстіміздегі жылы Жапонияның эко­номикалық ұйымдары мен компания­лары алдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесіне аса белсен­ді қатысуға дайын екендіктерін білдір­ген еді. Екіжақты қарым-қаты­наста келесі бір тығыз әріптестік орнаған сала – ядролық таратпау саласы. Тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап Жапония Қазақстан Прези­дентінің аталған бағыттағы бас­тамаларына қолдау көрсетіп келеді. Кезінде Жапонияның БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңірі бо­йынша қарарына тең автор ретінде көрінгенін атап өткен жөн. Осы орайда, 1999 жылы Токионың бұрынғы Семей ядролық полигоны проблемалары бойынша ірі халықаралық конференцияға бастамашылық таныт­қанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ. Бұл халықаралық ауқымды шара Жапонияның астанасында ұйым­дастырылған-тын. 2009 жылы Жапония, сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамыз­ды Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жариялаған қарарына тең автор болған дамыған мемлекеттердің арасындағы жалғыз ел болды. Жапонияның үкіметтік және қоғамдық делегациялары жыл сайын Астана мен Семей қалаларына арнайы келіп, осы күнге арналып өткізілетін естелік шараларына белсенді қатысып жүр. Мысалы, 2013 жылы Елбасының АТОМ жобасының тұсаукесеріне құрметті қонақ ретінде Жапония Премьер-министрінің зайыбы Акиэ Абэ ханым, Хиросима мен Нагасаки қалаларының мэрлері, т.б. қатысты. Бұл қатарда басқа да шаралар бар. Қазақстан мен Жапония халық­тары тарихының ұқсастығына орай, Жапонияға осы жолғы ресми сапары барысында Елбасы Хиросима қаласына барып, 1945 жылғы атом бомбасынан зардап шеккен құрбан­дарды есіне алады. Сонымен қатар, менің алдағы сапардың бағдарла­маларын толық ашып айтуға құқым жоқ. Белгілісі – оның саяси және экономикалық сипаттағы шараларға толы болатыны. Ерлан БАУДАРБЕК-ҚОЖАТАЕВ, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі