Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапары аясында Г.Әбдіқалықова Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық форумына қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға Алматы облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы А.Баталов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, ҚХА және аймақтық ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Елбасы басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген зор жетістіктерінің шешуші факторы бейбітшілік пен келісім болғанын айтты.
Г.Әбдіқалықова өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отырған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін атап өтті. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын облыста олардың өзіндік төл мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтауға және дамытуға жағдай туғызып, мүддесін қорғайтын 70 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары аясында мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған «Алтын бесік» балабақшасында болды. Мемлекеттік хатшыны жадырай күтіп отырған бүлдіршіндер ашық-жарқын сәлемдескен соң тәрбиешілерінің көмегімен дайындаған тақпақтарын да ірікпеді. Шаттыққа толы көңілдері балабақша жағдайының жақсы екендігін айқын аңғартып тұрды.
Уақытты ұта білетіндігін бірден аңғартқан Мемлекеттік хатшы Талдықорғанның іргесіндегі Көксу аудандық орталық ауруханасына барып, медицина саласы қызметкерлерінің жұмыс орнын көрді. Ауылдағы ауруханада заманауи қондырғылардың орнатылғаны, ең бастысы, мамандар сол аппараттарды мүлтіксіз пайдалануға талпынғаны көңілге қонымды-ақ.
Бұл күні түс ауа Мемлекеттік хатшы бастаған ресми адамдар Талдықорғандағы Жастар сарайына барды. Кең де биік әрі жылы сарайда біркелкі киінген жасөспірімдер сап түзей тізіліп, ұлттық нақыштағы ән әуенімен тербеле тұрғаны қандай жарасымды. Сонымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты республикалық акция бастау алды. Бұл акцияның маңыздылығы Елбасының кіндік қаны тамған Жетісу жерінде басталып, 30 қараша күні Астанада қорытындылатындығында болып тұр. Символикалық мәні – жастар болашақтың тіреуі, қорғаушы күші екендігін сол жасөспірімдер санасына сіңіру.
Мемлекеттік хатшының жұмыс сапары Талдықорғандағы Тілдер сарайында жалғасты. Жетісу жерінде түрлі салада еңбек ететін әйелдер бастамасымен ұйымдастырылған көрмені аралап шыққан соң мәжіліс залындағы дөңгелек үстел басында әйелдер қауымдастығымен кездесу өтті. Өңір басшысы төрағалық еткен кездесуде алдымен сөз алған Мемлекеттік хатшы іскер әйелдермен жүздесудің маңыздылығына тоқталып, осы салада еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап берді.
Келесі кезекте сөз берілген Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасындағы Тәуелсіздікті нығайтуға негізделген қоғамның жалпы жүйе құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған мәселелерді талқылау, мемлекеттікті, Қазақстан азаматтарының тағдырының бір екендігін түсіндіру және насихаттау маңызы зор мәселелер болып табылады. Азаматтық сектормен байланысты кеңейту, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, олардың белсенділігін арттыру, ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасау – жергілікті атқарушы органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Алматы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова өңірде қыз-келіншектер тарапынан атқарылып, қол жеткізілген жетістіктерді айтқанда, Мемлекеттік хатшы: «Жекеменшік балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік бар ма?» – деген сұрақ қойды. «Әлбетте, бұл тұрғыда үлгі тұтар бизнесменіміздің бірі жекеменшік балабақшасына балалар үйінің бүлдіршіндерін алдымен қамқорлығына алған Күләнда Батырханова ортамызда отыр», – деп іле жауап берген облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының сөзін облыс әкімі Амандық Баталов толықтыра түсіп: «Жалпы, Алматы облысында уақыт талабына сай былтыр 89 жекеменшік балабақша ашылса, ағымдағы жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 87%-ға дейін жеткізу үшін тағы да 8691 орынға 77 жекеменшік балабақша ашылды. Соның бірі – бүгін өздеріңіз көрген «Алтын бесік» жекеменшік балабақшасы. Тәуелсіздік күніне орай тағы бір жекеменшік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан, құнды идеяны қуана құптаймыз», – деді.
Мемлекеттік хатшы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы