Туризм саласы елімізде жыл санап дамып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, биыл жарты жылда Қазақстанға шетелден 320 мың адам келген, деп хабарлайды 24.kz.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл саяхатшылардың қатары 4%-ға ұлғайған. Ал туристік компаниялардың 6 айдағы табысы 15 млрд. 400 миллион теңгеге жеткен. Шетелдіктер көбіне Алматы, Астана қалаларына және Батыс Қазақстан өңіріне жиі сапарлауды жөн көреді.
Қазақстанға 2017 жылдан бастап 48 елдің азаматтары арнайы құжатсыз-ақ келе алады.
Мамандар Қазақстандағы мәдениет саласына, әсіресе экологиялық туризмге және этнотуризмге ерекше мән берілуі керек деген пікірде. Саяхатшылар қазақ жерінің әсем табиғатын тамашалаумен қатар жергілікті халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен танысқысы келеді. Келесі жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі Қазақстандағы туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін беріп, инвесторлардың келуіне жол ашады.