• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2016

Қанат Ислам: Салмақ азайтқанмен, соққым әлсіреген жоқ

391 рет
көрсетілді

– Қанат, Аллотеймен жекпе-жегіңді қалай бағалайсың? Соны өз аузыңнан естісек. — Қарсыласың алғашқы раундтарда құлап қалса, «оңай жекпе-жек болды» деп жатады ғой. Негізі, оңай жекпе-жек болмайды, бәрі қиын. Осы жолғы 12 раундқа созылған кездесуім де оңай болған жоқ. Нокаутпен жеңбесем, оның жақсы жағы да бар. Себебі, ендігі кездесулерімнің барлығы 12 раундтан тұрады. Сол үшін Аллотеймен кездеуім өзімнің күшімді, төзімімді тексеру үшін пайдалы болды. — Жыл соңына дейін тағы рингке шығуың мүмкін бе? — Ол жөнінде ештеңе айта алмаймын. Қазір проумотерлерім АҚШ-та жұмыс істеп жатыр. Олар хабарласса, бірден дайындыққа кірісеміз. Жыл соңына дейін тағы бір кездесуге мүмкіндік болып қалуы да мүмкін. Ауыр жарақатым жоқ, келесі жекпе-жекке дайынмын. — Алматыдағы кездесудің алдында қолын жарақаттап алыпты, үйренбеген қолғаппен шығыпты дегендей түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Бұл қаншалықты рас? — Қолымды жарақаттап алғаным рас. Бірақ оның бәрін айта беруге болмайды. Жеңдің бе, жеңдің. Қалғанының барлығы төмендегі адамдар айтатын әңгіме. — Қолғабыңның ыңғайсыз болғаны ше? — Ол да рас. Бірақ қазақ «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дейді ғой. Ақталатындай біз ол жерде жеңілген жоқпыз. Жеңіс менде, Аллаға шүкір. Енді ол туралы ойлай беруге уақыт жоқ. Тек кемшіліктерді түзетіп, артықшылықтарды дамытып, алдағы жекпе-жектерге дайындалу керек. — Өз еліңде, өз халқыңның ортасында өнер көрсету рух берген болар? — Әрине. Бұл менің көптен бергі арманым еді, соған қол жеткіздім. Біз өз елімізбен, жерімізбен, Елбасымызбен мақтануымыз керек. Бізде бәрі бар, соны дәлелдеуіміз керек. Мысалы, Қазақстанда осы турнирді көріп қаншама інішектерімнің намысын оятып, қаншама баланың жүрегіне от жақтым деп үміттенемін. Ертең олар да менің істеген ісімді менен артық істеуге тырысады. Көздеген мақсатымның бірі сол. Алдағы уақытта Қазақстанда кәсіби бокстан деңгейі бұдан төмен кездесу өтпеуі керек. Себебі, біз деңгейді көтердік. Соны мақтан тұтамын. — Қанша кездесуден кейін чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік бар? — Оны қазір білмеймін. Соңғы жекпе-жекте де мен чемпиондық атаққа таластым. WBA, WBO тұжырымдарының чемпиондығына таласу үшін маған келісімшарттар ұсынылуы мүмкін, соған дайын болуға тиіспін. — «Astana Arlans»-та жүргенде 74 килоға дейінгі салмақта жұдырықтастың. Ол кезде соққың жойқын, қимылың да бөлек болатын. 69 килоға түскеннен кейін соққың әлсіреп қалған сияқты. Қалай ойлайсың? — Көп салмақ қусаң соққыңның күшін азайтып алу қаупі бар, әрине. Бірақ 72-ге мен 69 келіні толық бағындырып алғаннан кейін бір-ақ көтерілетін шығармын деген жоспарым бар. Қазір бірден көтерілу тиімсіз. Себебі, осы салмақта қаншама жыл өнер көрсеттім. Жетістікке жете бастағанда басқа салмаққа ауысып кетсем, соның бәрі бекер болмақ. Осы салмақта нәтиже шығару керек алдымен. Ал соққымның күші азайып кетті деп ойламаймын. Бір жарыс ештеңе шешпейді. Кейде қарсыласыңды құлатып жеңесің, кейде ұпаймен. Бұл бокс, соны түсіну керек. Спортшы ретінде, осы саланың маманы ретінде қарау керек. — Соңғы уақытта күн сайынғы режимің қауырт сияқты. Бізбен сұхбаттасуға телеарнадағы түсірілімнен келіп отырсың. Шаршаған жоқсың ба? — Жоқ, шаршайтын ештеңесі жоқ. Күн сайын жаттығып жатқан жоқпыз. Жаттығудан бос уақытта елмен араласып, журналистермен кездесуге шаршай қоймаймын. — Қанат, Қытайдан атамекенге келгеніңе алты жыл болыпты. Талай қиындық та, жеңістер де болды. Осы алты жылда көкейіңдегі арманың орындалды ма? — Аллаға шүкір, ойлаған, армандаған ісіміз орындалып жатыр. Біраз жекпе-жек өткіздік. Мұның барлығы еліміздің Тәуелсіздігінің арқасы деп ойлаймын. Біздің елде әлемдік деңгейдегі ең мықты спорт кешендері бар. Халыққа, спортшыларға сондай жағдай жасап бергені үшін Елбасымызға алғысымыз шексіз. Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің жеткен жетістігін әлемге дәлелдеу, елімізді жақсы қырынан көрсету мен үшін үлкен абырой. — Қазақстан құрамасының сапында әлемдік жарыстарға қатыса алмадың. Көп ұзамай кәсіпқой боксқа ауысып кеттің. Жалпы, ел намысын әуесқойлар арасында қорғай алмағаныңа өкінген жоқсың ба? — Шынымды айтсам, өкінуге, болмай қалған дүниелерді ойлай беруге уақыт жоқ. Себебі, жұмыс көп. Әуесқой да, кәсіпқой да — бокс. Қайсысында жүрсең де, қорғайтының қазақтың намысы. Аллаға шүкір, кәсіпқойда жүріп те ойға алған жоспарларым орындалып жатыр. — Астанаға көшіп келгің келмей ме? — Әзірге оны жоспарламадым. Отбасыммен бірге Алматыда тұра бермекпін. Маған Қазақстанның қай бұрышында тұрсам да бәрібір ғой. — Әлем чемпионатында, Олимпиадада топ жарған талай боксшы кәсіпқойға бармай, спортты қойып кетті. Қазір спорт саласында лауазымды қызмет атқарып жүргендері де бар. — Әркімнің өз жоспары бар ғой. Біреулер спортқа мал-дүние табу үшін келуі мүмкін, біреуі атақты болғысы келеді. Мен үшін қазақтың мүддесі, абыройы бәрінен қымбат. Қызмет, қағазбен жұмыс істеуге келсек, ол енді болашақтың еншісі. Әзірге ол туралы ойлап көрмедім. — АҚШ-қа қашан аттанасың? — Екі аптадан кейін жүруім мүмкін. — Бапкер ауыстыру туралы жоспарың жоқ па? — Әзірге ондай ойым жоқ. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Қанаттың "Егемен Қазақстанға" берген қолтаңбасы