• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
07 Қараша, 2016

Елбасы «Tokyo rope Almaty» зауытын іске қосты

413 рет
көрсетілді

Бүгін Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапары барысында  «Tokyo Rope» компаниясына барды.  Мұнда Елбасы ең алдымен, зауыттың жұмысымен, тыныс-тіршілігімен, шығаратын өнімдермен танысты.  Бұдан кейін Президент компанияның Қазақстанның Алматы қаласындағы өкілдігі «Tokyo Rope Almaty»-мен дистанциялық байланыс орнатқан телекөпір рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсім барысында  «Tokyo Rope» компаниясының президенті Шигето Танака мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі.  Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зауыт тетігінің іске қосылуына рұқсат берді. Болаттан жасалған металл бұйымдарын өндіретін «Tokyo Rope» компаниясының негізі 1887 жылы қаланған. Қазіргі таңда ол болаттан жасалған арқандарды  өндіруші әлемдік лидерлердің қатарында тұр. Мәселен, дүниежүзіндегі ең танымал 20 көпірдің 12-сінің құрылысын салу кезінде «Токио Роуп» компаниясының болат арқандары қолданылған. Бұл көпірлердің қатарында  Мысырдағы Суэцк каналы арқылы өтетін көпір, АҚШ-тағы Тартар көпірі, Түркиядағы Босфор теңізі арқылы өтетін көпір, ҚХР-дағы Стоункатер көпірі, Оңтүстік Кореядағы Инчхон көпірі бар. «Tokyo Rope» сонымен қатар, металлокорд, лифт арқандарын, жедел лифтілерге арналған арқандарды, у-шуды өткізбейтін қабырғаларды, көлік дөңгелектеріне арналған металлокордтарды,  тасқын су мен селге қарсы тұратын құрылғыларды, күн энергетикасына арналған өнімдерді, металдан және болаттан жасалған басқа да бұйымдар мен  өнімдерді өндіреді. Қазіргі таңда  компанияның өндірістік қуатын Жапониядағы 5 зауыт  жүзеге асырады. Олардың бірі әлемдегі болат арқандарын  өндіретін ең үлкен зауыт саналады.  Мұндай зауыттардың 3-і ҚХР-да, 3 зауыт  Вьетнамда, АҚШ-та және Ресейде орналасқан.  Компания қызметкерлерінің саны 1881 адамды құрайды. Ал бұл компанияның Қазақстанмен қандай байланысы бар? 2008 жылы 2011 жылы Алматыда өткізілетін Азия Ойындарына дайындықтардың  қарсаңында  «Токио Роуп» компаниясы «Медеу-Шымбұлақ» бағыты бойынша өтетін автожол аумағындағы шатқал қуыстарын бекітетін құрылыс жұмыстарын салуға тартылады. Компания мамандары тасқын суға қарсы тұра алатын құрылғыларға қатысты жобалар әзірлеп, болашақта оларды Қазақстанда пайдалану жөніндегі мәселені қарастырады.  2015 жылдан бастап «Tokyo Rope» компаниясы Алматы қаласында   болаттан жасалған  бұйымдарды өндіретін жоғары технологиялық зауыттар мен цехтардың құрылысын салу туралы жобаны жүзеге асыруда.

«Tokyo Rope Almaty» компаниясы алдағы уақытта «Алматы металл бұйымдары зауыты» деп аталады.  Бұл компанияның 100% құрылтайшысы әрі негізін қалаушы - «TOKYO ROPE MFG». Оның қызметі   инфрақұрылымдық нысандардың инженерлік қауіпсіздігін кешенді түрде қамтамасыз ете алатын тау-кен кәсіпорындарына арналған болат бекіту желілерін, металдарды, болаттан жасалған арқандарды өндіруге бағытталған.

«TOKYO ROPE ALMATY»  компаниясының жалпы инвестициясы - 25 млрд тенге. Бірінші кезеңнің  қаржысы  - 10 млн долларды, екінші кезеңдікі - 20 млн долларды құрайды.  Үшінші кезеңге құйылатын инвестиция - 40 млн доллар. Жобаның жүзеге асырылуы  2016-2020 жылдар аралығын қамтиды. Айрықша жобаны жүзеге асыру орны – Алматы қаласы. Еркін-экономикалық аймақтың аумағы -  5 гектар. Қазіргі таңда онда учаскені рәсімдеу және негізгі цехтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Компания толық қуатына көшкеннен кейін жылына 50 млн доллардың  5 мың тонна металл бұйымдарын, 7 мың тонна болат арқаныдарын шығарады. 100 ге жуық адамды жұмыспен қамтиды. Өз өнімдерін Орталық Азия, ТМД, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Моңғолия, Үндістан мемлекеттеріне жеткізетін болады.  Компания зауыты әлемде баламасы жоқ жоғары технолгиялық металл өнімдерін шығаратын ТМД-дағы бірегей кәсіпорын болмақ. Барлық технологиялық желі мен құрал-жабдықтар Жапонияда шығарылған. Зауыт жоғары жапондық сапамен – «Made in Kazakhstan» - эксклюзивті брендімен өнім шығарады деп көзделуде. Ләйла Еділқызы, «Егемен Қазақстан»