Әрине, студент жастар үшін өз мамандығыңның қыр-сырын меңгеруде кітап ақтарып, лекция жазудың жөні бөлек те, өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, болашақ кәсібін сезінудің жөні бір бөлек. Соңғы он бес жылдан бері өңірлік және республикалық БАҚ-тың еңбек нарығына қажетті маман даярлау ісімен белсене айналысып келе жатқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасы жанынан студенттік телестудия ашылып, осы оқу орнында білім алып жатқан болашақ тілшілер теория мен тәжірибені қатар ұштастыруға мүмкіндік алды. Заманауи үлгідегі телестудияны жабдықтау жұмысына 18 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Дыбыстың сапалы жазылуына мүмкіндік беретін қаптама материал мен заман талабына сай декорация, жетілдірілген техникалық база көзге бірден түседі.
– Соңғы жылдары университеттің техникалық базасын жетілдіру жақсы жолға қойылып келеді, – дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков. – Соның дәлелі ретінде бұл оқу орнында болашақ биологтарға арналған жылыжай кешені, «Фитохимия» зертханасы іске қосылғанын айтуға болады. Түрлі мамандықтарға арналған оқу-өндірістік полигоны да пайдалануға берілді. Ал студенттік телестудия ашу жайын көптен бері жоспарлап жүр едік. «Телестудияны аштық» деген ақпардың астарында қаншама қыруар шаруаның жатқандығы анық. Жабдықтау жұмыстарын бастамас бұрын өңірдегі телеарна басшылығынан кеңес алдық. Қазір телестудия жұмысын үйлестіруге 4 маманды тартып, арнайы штат ашып отырмыз. Алдағы уақытта штат санын көбейту ойымызда бар.
Студенттік телестудия қабырғасында тәжірибелік сабақтар өтіп, арнайы хабарлар дайындалатын болады. Сонымен қатар, елімізге танымал тележурналистермен шеберлік-сыныптарын ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Бұл студенттердің тәжірибесін ұштауға мол мүмкіндік береді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ