• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2016

Жетімін жылатпаған ел болып қалайық

1303 рет
көрсетілді

Заман өзгерістерінің көрінісі соңғы жылдары қалыптасқан әдетімен тілімізге жаңалық болып еніп жатыр. Қазір «шет елдегі қазақтар» дейтін қолданыс бар. Оның тарихын шамамен екі кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқысына, бұрынғы шекара бөлісу кезеңінде ата қонысына көшпей сыртта қалғандар және тағдыр талайымен өткен ғасырдың басында әлем елдеріне тарыдай шашыраған қандастарымызды жатқызсақ, кейінгісіне соңғы жылдары кеңге қанат жайған халықаралық байланыстардың негізінде қызмет бабымен, жанбағыс қамымен және басқа жолдармен кеткен қазақтарды жатқызуға болады. Соңғы бірер жылдың көлемін­де «Қазақстан» арнасының «Шет ел­дегі қазақ балалары» (Жанар Бай­се­міз­ова­ның зерттеуі) арнайы жобасы арқылы жаңа бір ұғым ойымызға орныға бастады. Алдыңғы екеуінің жайы түсінікті, соңғысынікі жаның­ды аяздай қариды. Айдың-күннің аманын­да бауырындағы баласын ше­т ел­­ге сатуды ақылға сый­ғы­з­у­дың реті жоқ. Тағдыр талайына тап болған жетімдер түрлі жағ­даймен мемлекеттік мекеменің қам­қор­лығына тапсырылады, ал «мекеме» шет ел асырып сатады. Бүгінде әр түрлі деңгейлі зерттеулер бойынша, түрлі елдерде тоғыз мыңға жуық қазақстандық жетім балалар жүр екен. Оның басым бөлігі АҚШ-та, Испанияда, Бельгияда... Барлығы 30 елге өз қолымызбен аттандырыппыз ба­лаларымызды. Африка елдерінен де бірнеше қазақ баласына дәм бұйырған екен. Ел болып етек-жеңімізді жидық деп көңілімізді демдейміз, алайда сол еңсе көтерген кезеңдегі айна­ла­сы­ндағы ащы шындық талай бүлдіршіннің көкірегінде ащы запыран болып кете барғанын көбіміз біле бермейміз. «Ата-ана» дейтін қазақы ұғымның олар үшін енді қаншалықты қасиеті қалғанын елестету қиын. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпа­ған ел едік деген ұғым­ның астарына көлеңке түсе бастаған­дай. Қазақ қоғамында жетім болудың да, жесір болудың да бүгінде өзіндік шарттары бар екен. Ақ некесі қиы­лып, ақ некеден туғанды қазақ же­тім мен жесір деді, ал оған сәй­кес келмейтіндердің атауы қандай болға­нын айту қиын. Тілімізге берік еніп, құқықтық лексикамыздан орын алған «ажырасу», «жартылай отбасы», «жал­ғыз басты ана», «қарттар үйі», «сәбилер үйі», «жетімдер үйі», «балалар үйі», «азаматтық неке» сияқты атаулар етене болып барады. Тіпті, «өзің үшін туып ал» немесе «өзім үшін тудым» дейтін де қолданыстар пайда бола бастады. Бұл айтылғандар жетімдердің тағдырымен бірге туып қалыптасқан немесе қазақ қоғамына сырттан енген жат қылықтардың қазақша баламалары. Шет елдерге шашыраған жетім­­­дер­­дің жарық дүниеге келуі мен өздерін бұл өмірге алып кел­ген «жұмбақ-адам» туралы ойлары әр түрлі. Айналасын танып болмаған­дары жайында ойға оралатын алғашқы сұрақ – туған жері туралы не біледі екен? Арна журналистері бұл сұрақтың жауабын назардан тыс қалдырмайды: Чикагодағы Махаббаттың сәби санасында қалған жалғыз белгі – «Қамажай» биінен бұралған саусақ қимылдары мен «Мая қайда?» деген сұраққа «жоқ» дейтін жауаптың белгісі ретінде бетін басатын қазақ баласына тән қылық. Германия Федеративтік Республикасындағы Аяулым алғаш келгенде үйрене алмай біраз қиналған, бөлмедегі ойыншықтарын сөмкесіне салып алып, туған жерге біраз уақыт бойы жина­лып жүрген. Бейкүнә сәби жат­бауыр туыстарының жат ортаға өмірлікке аттандырғанын қайдан білсін. Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар... Ес біліп, айналасын таныған қандастарымыздың сөздері мен көздерінен алыс бір мұң аңғарылады. Лос-Анджелестегі Ақбота: «Менің жарық дүниеге келуімнің өзі үлкен қателік болды ма деп ойлаймын?! Өйткені әкемнің кім екені белгісіз, анам маскүнем...». Баласы айтып отырған дерттен айықпаған күйі анасы дүниеден өткен екен. Сонда да көңілінің терең түкпірінде оған деген сағыныштың жатқаны көрініп тұр. Чикагодағы Мәдинаның туған анаға деген сағынышы басқаша: «Күнде ойланам – туған анамның да жер басып жүргені анық, дидары қандай, менен басқа балалары бар ма екен? Осы сұрақ мазалайды. Менің оған ешқандай өкпем жоқ», – дейді. Лос-Анджелестегі отбасында табысқан Ақботаның бауыры Бауыржан болса, өзінен бас тартқан анасы туралы білгісі де келмейтінін жасырмады. Жер шарының әр түкпіріне екінші рет тарыдай шашыраған қазақ балаларының тағдырлары бір-біріне ұқсас. Кейбірінің өміріндегі орны толмас өкінішке соқтырған оқиғалар болмаса, «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы жалпы жағдайларының жаман емес екеніне көңіл сенгендей. Көңілге медеу тұтар дүниелер де баршылық екен. Біріншіден, асырауға берілген балалардың барлығы сол елдердегі Қазақстан консулының жіті бақылауында; екіншіден, туған же­­рі­нің Қазақстан екенін ұмыт­тырмайды, айтылып отырады, үшіншіден, Қазақстан Республикасы шет елдерге асырауға берілген балаларын жоқтаған әзірге аз мемлекеттің бірі. Дегенмен, өкініші ауыр. Қазақы қанымыздағы қасиет – бауырын сыртқа теппеген. «Қазақстан» ұлттық арнасының бастамасы бүкіл елге ой салды. Мәселе Парламентте қаралды, қазір бұл көкейкесті түйіннің көп мәселелері оң шешімін тапқандай. Біздің қоғамды алаңдататын осындай жағдайлар басымыздан өтті. Өтті дейтініміз ол түзелуге бет бұрды. Сә­би­­лерді асырап алу үшін дайындала­тын құжаттар жеңілдетіліп, елдегі жағ­дайдың түзелуімен Қазақстан азаматтарының бала асырап алу мүмкіндігі артты. Нәтижесінде соңғы бірер жылдың ішінде 42 балалар үйі жабылып, ондағы балалардың саны 2 мыңға дейін қысқарған. Сонымен қатар, осы жылдың басында АҚШ-та орын алған қайғылы жағдайдан кейін Қазақстан сыртқа бала беруді уақытша тоқтатты. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы да қазір жұмысын тоқтатыпты. Ол да жақ­сылықтың нышаны шығар, лайым солай болғай. ...Жанары мөлт еткен журналист «Жат қолында жұтылып кетпесе екен» дейтін жүрекжарды арман-тілегін айтып жатыр экран алдында. Мұның бәрі – елдігіміздің айғағы. Бауырмалдық қасиет қанымызда тұр екен. Соңғы кезде болып жатқан елдегі өзгерістер тарихи тамырымыздың әлі амандығын көрсетеді. Мына жағдайды қарбалас жылдарда кеткен кемшілік деп бағалайық. Жетімін жылатпаған ел болып қалғанға не жетсін! Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»