• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2016

Жұрттың бәрі жер сұрайды

531 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, кез келген инвестор бір жобаны қолға алып, қаржы құятын болса, ең алдымен жер іздейді. Нақтырақ айтқанда, кәсібін өрістетіп, дамыту үшін жергілікті биліктен өзіне ыңғайлы жер учаскесін сұрайды. Соңғы жылдары Жамбыл облысында бұл бағытта көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбыры, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автожолы, күн, су, жел электр стансалары, «Еурохим-Удобрение» жобасы, қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын қалыптастыру сияқты мемлекетаралық аса ірі жобаларға қажетті жер ресурстары заңмен белгіленген ретте және тәртіпте жүргізіліп, аталған жобаларды жүзеге асырудың алғышарттары жасалды. Дәл осылайша республикалық және облыстық деңгейдегі инвес­тициялық-инновациялық жобаларды қажетті жер ресурстарымен қамтамасыз ету де басты на­зар­ға алынған. Яғни, облыстың ин­вес­тициялық әлеуетін арттыру мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп аграрлық секторға қар­жы салуға ниет білдірген инвес­торлар үшін резервтік жер қо­рын қалыптастыру жұмыстары жүр­­гі­зілуде. Осы мақсат үшін Мойынқұм, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандары аумағынан 195 мың гектар ауылшаруашылық жерлері таңдап алынды. Бұл жер­лердің аумағы картаға тү­сі­рі­­ліп, әлеуетті инвесторларға ұсынылуда. Бұл салада инвесторлар­ды­ көбінесе егістік жерлер қы­зық­­­ты­рады. Енді егістік жер­лер­дің, соның ішінде, суармалы егістіктердің игерілуіне кері әсер етіп отырған мәселенің бірі инже­нерлік су жүйелерінің істен шығуы немесе тозуы болып табылады. Жам­был облысы бо­йынша суармалы егіс­тік алқабы 229,6 мың гектарды құраса, оның ішінде 85,8 мың гектар суармалы егіс алқабы сумен қам­тамасыз етуді жақсартуды қа­жет етеді. Нақтырақ айтқанда, Байзақ ауданында 13500 гектарды, Жамбыл ауданында 15900 гектарды, Жуалыда – 2700, Қордайда – 9900, Т.Рысқұлов ауданында – 4600, Таласта – 9300, Шуда 20300 гектарды, Сарысуда 400 гектарды суландыратын каналдарды қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жүргізу керек. Жалпы алғанда, облыс аума­­­­ғын­да­­ пай­далануға жә­не же­ке­­­меншікке беріл­м­е­­ген 2,1 млн гектардан ас­там босалқы жерлер бар. Бұл облыс аумағының 15,2 пайызын құрайды деген сөз. Бо­салқы жерлердің 43 мың гектары егістік жерлер. Енді осы жерлердің орналасуын және көле­­мін нақтылай отырып, оларды ауылшаруашылық айналымына қосу мақсатында босалқы жерлер түгендеуден өткі­зілуде. Алғашқы 4 ауданды тексерген кезде ауылшаруашылық өндірісіне қолайлы барлығы 1 млн 650 мың 627 гектар жерлер бар екендігі анықталған. Оның ішінде егістік жерлердің үлесі 17 мың 942 гектарды құрайды. Міне, қаншама жер далиып пайдаланусыз жатыр. Жерді дұрыс пайдалана білу­мен қатар, оны қорғау да қажет. Дәл қазір Жамбыл облысы бойынша 6278 гектар, таратып айтар болсақ, Байзақ ауданында 176 гектар, Жамбыл ауданында 309 гектар, Жуалыда – 123, Қордайда – 360, Меркіде – 98, Мойынқұмда – 721, Сарысуда – 2502, Таласта – 1645, Т. Рысқұлов ауданында 196 гектар, Шу ауданында 145 гектар жер учаскелерінің бүлінгені анықталған. – Қазіргі таңда бұл учаскелер халықтың жабайы тұрмыс­тық қалдықтар төгетін жерлеріне айналған, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық жер қатына­с­- тары басқармасының басшысы Ілияс Тортаев. – Яғни, бұл бағытта аудандар тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынбай отыр. Басты себеп – жерді қалпына келтіру үшін аудан бюджеті­нен қаржы қарастырылмаған. Сондай-ақ, Тараз қаласының аумағы ­18,8 мың гектар жерді құраса, оның 25,4 пайызын, яғни 4,8 мың гектарын өндіріс аймақтары алып жатыр. Бұл жерлер мемлекеттік мүлікті жекешелендіру барысында жеке қолға берілгенімен, бүгінде жердің игерілу көрсеткіші төмен. Осыған байланысты қала бюдже­ті есебінен өндірістік аймақтар алып жатқан жерлер мен коммерция­лық мақсат үшін берілген жерлерді қала бюджеті есебі­нен­ түгендеу жұмыстары 2015 жылы баста­лып, биыл қоры­тындысы шығарыла­тын болады. Бұл жұмыстардың биыл аяқталатындығын ескерсек, өз мақсатында пайдаланыл­май жат­қан жер учаскелерінің саны және кө­­лемі арта түсетіні тағы анық. Жалпы алғанда, Жамбыл обл­ысы бойынша жылма-жыл сауда-саттықта 70 мың гектар жер конкурс арқылы, оның ішінде 50 гектар жер аукцион арқылы берілуі тиіс. Оған қол жеткізу үшін жердің сауда-саттығын өткізу шараларын жүргізуге аудандар және Тараз қаласының бюджеттерінде 22,2 млн теңге қарастырылыпты. Жыл басынан бері аудандарда жер учаскелері бойынша 7 конкурс, 10 аукцион өткізілді. Конкурс арқылы 146,5 мың гектар ауылшаруашылық жері жалға беріліп, аумағы 9,6 гектар жер учаскелері аукцион арқылы 13 млн 714 мың теңгеге бағаланып сатылды. Қалай айт­сақ та, жер учас­ке­сі­не деген жұрт­­тың сұра­н­­­ы­сы­ ­ешқашан төмен­де­ген емес. Жамбыл облысы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер учас­ке­ле­рін алуға 93 339 өтініш тір­кел­се, оның 61 432-сі Тараз қала­сының еншісінде. Бірақ, Жер кодексіне сәйкес жеке тұр­ғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскелерiн беруге су және электр­мен жабдықтау желілері­мен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана рұқсат етілген. Ендеше, бұл мәселелерді шешу үшін қолда бар жер қорын түгендеу және оны пайдалану мен басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері күн тәртібінен түспейтіндігі айдан анық. Халықтың өтінішін қанағаттандыру үшін су және электрмен жабдықтау желілерін жүргізу мақсатында Тараз қаласы мен аудандық әкімдіктер өз бюд­жеттерінен қаржы қарас­тыр­маса, бұл мәселе тіптен шиеленісе беретіні тағы белгілі. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы