Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына ресми сапармен барғалы отыр. Екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хенің алдағы жүздесуі төртінші кездесу болмақ. Мемлекет басшылары Ханчжоуда өткен G20 саммиті аясында кездескен еді.
Корея Президенті Пак Кын Хенің 2014 жылғы Қазақстанға келген алғашқы ресми сапары есімізде. Ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың оңтүстік Кореяға осы жолғы сапары екі мемлекет арасындағы қатынастарды мүмкіндігінше кеңейтуге ықпал ететін болады. Қазақстан мен оңтүстік Кореяның өзара ынтымақтастығы уақыт өткен сайын дамып келеді. Мысалы, тамыз айында Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чо Енгчонның кездесуінде Елбасымыздың оңтүстік Кореяға сапарына қатысты бірқатар мәселелер қозғалып, екі елдің экономикалық салалардағы ынтымақтастығын тереңдету жайы сөз болды. Кездесу барысында, сондай-ақ, инвестициялық және коммерциялық жобалар кіретін мәселелер де талқыланды.
Елбасының Сеулге сапары аясында қарастырылатын мәселелер ауқымы өте кең. Олардың қатарында ұсынылған жаңа жобалармен қатар, энергетика, құрылыс, қаржы, инфрақұрылым және басқа салалар бойынша бірлескен кәсіпорындардың жұмысын жандандыру да бар. Мемлекет басшысының Сеулге сапарына әзірлік барысында тамыз айында оңтүстік Корея астанасында семинар өткізілді. Оған оңтүстіккореялық кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысып, Қазақстанда бизнес жүргізудің мүмкіндігімен кеңірек танысты.
Мемлекеттер арасында тауар алмасу жайы да жақсарып келеді. Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің 2014 жылы Қазақстанға жасаған сапары алдында елдердің өзара тауар алмасу көрсеткіші 1,5 миллиард долларға жеткен еді. Сарапшы-экономистер мұны рекордтық көрсеткіш деп бағалады. Қазіргі кезде Қазақстан мен оңтүстік Кореяның тауар айналымы 1 миллиард доллар деңгейінде тұр. Мемлекет басшыларының алдағы кездесуінен соң, екі ел арасындағы тауар айналымы арта түсетін болады. Сонымен қатар, Кореяның біздің еліміздің экономикасына бағыттайтын тікелей инвестициясының көлемі де арта түспек.
Қазақстан мен оңтүстік Кореяның екіжақты қатынастарында экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде минералдық ресурстарды жоғары технологиялармен алмастыру мәселесі күн тәртібіне қойылуы мүмкін. Себебі, қазіргі кезде оңтүстіккореялықтардың әлемдік рыноктағы алатын орны бірқатар елге үлгі. Әсіресе, электроника саласында... «Блумбергтің» жасаған рейтингіне қарағанда, Корея Республикасы биылғы жылы әлемдік инновациялық экономикалық көрсеткіш бойынша жаңа сатыға көтеріледі. Атап өту керек, оңтүстіккореялықтардың сандық технология саласындағы тәжірибесі электронды үкімет қалыптастырудың өзіндік үлгісін көрсетті.
Мемлекеттердің жақсы қатынасында көрші елдермен болатын ынтымақтың алатын орны бөлек. Экономикалық мәселелерден тыс, саяси мәселелер де бар екенін айтуға тиіспіз. Бұл жерде Қазақстанның Корей түбегіндегі мәселелерге алаңдаушылық білдіруін алуға болады. Дегенмен, Қазақстан-Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық өз деңгейінде ілгерілеп келеді. Мұның ішінде, әрине, Қазақстанның ядролық арсеналдардан бас тартуы болмақ.
Елдердің байланыстарында гуманитарлық мәселелер де өзіндік рөл атқарады. Өйткені, соңғы жылдары екі ел арасында тараптардың қалыптасуымен ашылған және жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар баршылық. Екіншіден, Қазақстан-Корея республикасы ынтымақтастығында диаспоралық бірлікті атауға да болады. Бұл жерде елдер арасындағы алыс-беріс жақсы деп айтуға негіз бар.
Өңірлік жобаларға келетін болсақ, оның ең басында Қазақстан бастамасымен ядролық қарусыздану мәселесі тұр. Біздің еліміздің осы бастамасы көпке үлгі болатыны анық. Екінші мәселе – екі мемлекет арасындағы гуманитарлық байланыстар. Осы тұрғыдан алғанда, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің «Еуразиялық бастама» атты еңбегін атауға болады.
Жалпы, Қазақстан – оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық дегенде, екі мемлекеттің ынтымақтастығын жандандыру басты орында тұрғанын айтуымыз керек. Оның үстіне, бұл ел ЭКСПО-2017 көрмесіне өзіндік нақышпен қатысуды ойластырып отыр.
Расул АРЫН,
cаясаттанушы