Халқын ең үлкен байлығына балайтын Оңтүстіктегі облыстық клиникалық балалар ауруханасы жаңадан салынған, жалпы аумағы 10 гектар жерді алып жатқан, медициналық қондырғылары халықаралық стандарттарға негіздеген жаңа ауруханаға көшіп жатыр Құны 5 млрд. 743,8 млн. теңге тұратын мұндай клиника әзірге басқа облыстарда жоқ делінеді. Сонымен қатар, жаңа, сәулетті Перзентхана үйі де пайдалануға берілмек. Бұл үлкен жаңалықтарға облыс халқы қуанулы.
Соңғы үш жылда облыс бойынша жыл сайын 70 мың сәби дүниеге келеді. Бұл еліміздің әрбір төртінші тұрғыны. Салыстырып көрейік. Мәселен, Алматы облысында – 36235, Шығыс Қазақстанда – 23646, Қостанай облысында – 12314, Солтүстік Қазақстан облысында – 8526 бала іңгәлап дүние есігін ашады екен.
Мемлекетімізді адам байлығымен еселеп, демографиялық ахуалын жақсартып отырған оңтүстіктің денсаулық сақтау саласы кешегі дейін бораздаға мұрнын тесіп мұрындық салған кәрі өгіздей шықпа жаным шықпамен келе жатқан. Осы ахуалды жақсарту үшін республика тұрғай кешегі достастық елдерінде баламасы жоқ Қан орталығы мен Медициналық құрал жабдықтарды залалсыздандыру, заман талабына сай ауруханалар салынды.
Одан бері бірталай уақыт өтті. Атышулы ВИЧ оқиғасымен республиканың түңдігін желпілдеткен Оңтүстіктің денсаулығының беті бері қарады. Бұрындары облыста ана, нәресте, құрт аурулары және жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша өлім-жітім көп еді. Облыстық балалар клиникасы ауруханасы мен Перзентхана үйі пайдалануға берілу қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Қазыбайұлы Исмаиловқа жолығып, көңіліміздегі сауалдарға жауап алғанбыз.
– Денсаулық сақтау саласының ең үлкен көрсеткіші – адам өмірін сақтау. Оның ішіне әрине, ана мен бала өлімін азайту кіреді десек, осы бағытта тиянақты жұмыс жасадық, – деді Жұмағали Қазыбайұлы. – Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімін төмендету мақсатымен облыс әкімдігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей жетекшілігімен жүйелі өзгерістер орын алды:
– 3 перинаталдық орталық қызмет етеді;
– облыста республикамыз бойынша алғаш рет неонаталды құрамасы бар перинаталдық көмектің аумақтандырылуы ендірілді;
– кеңес беру-көлік қызметі ұйымдастырылды;
– озат технологияларды ендіру бағытында ЮНИСЕФ, ЮНФПА секілді халықаралық ұйымдарымен әріптестік жұмыс жүргізілуде;
– 4 тренинг-орталық құрылды. (Оның үшеуі перинаталдық орталық жанында, біреуі облыстық балалар ауруханасының жанында орналасқан);
– онкологиялық аурулар диспансері жанында оперативті гинекология бойынша тренинг-орталық жұмыс істей бастады;
– медициналық қызметкерлерді жұмыс орындарында оқытуды ұйымдастыру мақсатымен облысқа республикалық орталықтардан, сонымен қатар алыс және жақын шетелден жетекші мамандар шақырылды;
– босануға көмек көрсету мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар және ИВБДВ және РДРВ халықаралық бағдарламалары ендірілген.
Жүзеге асқан іс-шаралар нәтижесінде, 2010 жылдың қорытындылары бойынша ана өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туылғандарға қатысты 26,4-ке дейін төмендеді. Бұл – 28 пайыз. Осы онжылдықтағы ең төмен көрсеткіш. Республиканың басқа аймақтарымен салыстырғанда, Оңтүстік 5-санатты орынды иемденіп отыр. Сәби өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туылғандарға қатысты 19,4-ті құрады. 2009 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болатын, яғни 7 пайызға төмендеген. Облыстар арасында Оңтүстік Қазақстан үшінші орында келеді.
Операциядан кейінгі сәби өлімінің көрсеткіші 1,5 есе, яғни 46 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеді. Балалар хирургтерінің, анестезиолог-реаниматологтарының, мейірбикелердің бригадасы Литваның, Израильдің, Ресейдің (Санкт-Петербург) жетекші клиникаларында оқытудан өтті.
Облыстың бас дәрігері жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты жасалған жұмыстарды төмендегінше жіліктеді:
– ашық жүрекке 306 операция жүргізіліп, Польша кардиологтарының қатысуымен туа біткен жүрек ақаулары анықталып, балаларға хирургиялық операциялар жасалды;
– 2010 жылы алғаш рет екі камералы электрокардиоынталандырғыштарының имплантациясы жүргізіліп, интраоперациялық телемедицина өткізілді; 2003 жылдан бері «Мейірімді жүрек» ашық қоғамы қызмет етеді.
2010 жылдағы туберкулез аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдай 2005 жылмен салыстырғанда, тұрақтану тенденциясына ие. Ауруға шалдығу көрсеткіші 24,4%-ға төмендеді, яғни 100 мың тұрғынға қатысты 74,4%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 98,4 % болатын. Өлім 36,4%-ға төмендеді.
Республикалық туберкулез проблемаларының ұлттық орталығын тартумен туберкулез қызметін тұтасымен қайта құру шаралары жүргізілді. Атап айтқанда: науқастар түсімін туберкулезге қарсы ұйымдарда бөлу; облыстың барлық аудандары мен қалаларында бактериоскопиялық зертханалар құрылды. БАКТЕК әдісімен экспресс-диагностика жасау жұмысы жүйеге келтірілді: алдын ала анықтау ісі жақсарды (флюорография, бактериоскопия, 1 және 2 қатардағы препараттарға сезімталдықты бактериоскопиялық анықтау); материалдық-техникалық база күшейтілді. Республикалық бюджет есебінен облыстағы туберкулезге қарсы ұйымдарға стационарлық көпфункционалды диагностикалық рентген аппаратының 9 данасы сатып алынды; КУИС жүйесімен ведомствоаралық өзара әрекеттесу жоспары түзіліп, қол қойылды. Бұл жоспар сотталған, жаза тарту орындарынан босатылған науқастарды, емдеуді талап ететіндерді ілестіріп жүруді, «қолдан қолға» тапсыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының бастығы басқа салалар бойынша да осындай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Бірінде көрсеткіш жоғары, бірінде орта. Көңілге түйгеніміз, төмендеу жоқ. Бұл – облыстың медицинасы аузымен құс тістеп тұр деуге келмегенімен, жұмыс жасалып жатқанын байқатады.
Жоғарыда баяндалған деректер ауадан алынған жоқ. Облыста жасалған жұмыстардың жемісі, облыс медицина қызметкерлерінің маңдайтерінің өтеуі, кәсіби біліктіліктің қайтарымы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов бастаған ұжымның жұмысты дұрыс жүйеге қоя алғандығының дәлелі.
Жұмағали Қазыбайұлы – жаңашыл ғалым. Республиканың, облыстың шеңберінде қалып, қазанында қайнау жылдар өте жемісін бергенімен, көп уақытты жеп қояды. Оның үстіне шетелге мамандар жіберіп оқыту үнемі практикамен ұштаспағаннан кейін күткен нәтижеге жеткізе бермейді.
Облыс медицинасына серпінді қадамды өзі іздеген. Тапты. Литвадан. КСРО құрсауынан босаған мезетте-ақ 1991 жылы медицинаның халықаралық стандартына өтіп кеткен литвалық ағайындар Қазақстанды қойып, алып Ресейдің өзінің алдын орап кетіпті. Медициналық көп көрсеткіштер бойынша. Жұмағали Қазыбайұлы неге Литва медицинасына таңдау жасағанын былайша түсіндірген. Біріншіден, екі мемлекет те КСРО-ның шекпенінен шықты. Яғни, көргені, білгені бір жүйе болған.
Екіншіден, литвалықтар евростандартқа 1991 жылы кіріп, халықаралық жетістіктердің дәмін алдымен татты. Олардың дәрігерлері Еуропа елдерінің кез келген клиникаларына бөгетсіз алынады. Үшіншіден, тілдік қиындық жоқ. Өзге елдің дәрігерлерімен неміс және ағылшын тілдерінде сөйлесіп, дәріс алуға қазақстандық дәрігерлердің басым көпшілігінің тілі сына бермейді. Ал Каунас университетінің клиникасының професорлар қауымымен орыс тілінде еркін шүйіркелесіп, практикалық сабақ алуға әбден болады.
Каунас дәрігерлері Оңтүстікке араға ай салып екі бригадамен екі рет келген. Түрлі дерттер бойынша операция жасады, жаңа туған сәбилерді сырқатқа ұрындырмаудың тиімді жолдарын іс барысында көрсетті.
Еуропа елдерінде үлкен беделге ие профессорлар Рута Наримаускене мен Варимтас Бараускастар мастер-класс өткізді.
Жұмағали Қазыбайұлы да арнайы шақыртумен Каунас университетінің клиникасында өткен халықаралық конференцияға қатысқан. Сөйтіп, екі тарап үш жылға меморандумға қол қойды. Яғни, Каунас клиникасының білікті дәрігерлері Оңтүстікке өз қондырғы, құралдарымен келіп, ота жасап, облыстың дәрігерлерін медицинадағы озық әдістерге үйретуге міндеттенді.
Ал, облыс дәрігерлері өз кезегінде Каунас клиникасында өндірістік практикадан өтеді, сабақ алады. Осы процестің үздіксіз өтетіндігін ескерсеңіз, бұл шетелде 15-20 дәрігерді қыруар қаржымен дәріс тыңдап қайтуға жіберу емес, облыстың жоғары және орта буын дәрігерлерінің басым көпшілігіне евростандарт биігінде біліктілік деңгейін көтеру болмақ.
Оңтүстік пен Литваның ұқсас жері екеуінде де халық саны шамалас. Мың сәбиге шаққанда бала өлімі төрт есе төмен Балтық жағалауындағы елден үйренер жайттар көп. Облыс әкімінің рұқсатымен Оңтүстіктің 20 бас дәрігері Литвада болып, менеджерлікке оқып қайтты. Ондағы әріптестерінің жұмыс практикасын көрді. Аз олжа болмаса керек.
Каунаста балалар педиатриясы, кардио-хирургия сияқты орталықтарды аралап жүргенде оңтүстіктің бас дәрігері жасанды жүрекпен қоларбасын зырылдатып айдап жүрген сырқатты көріп таң қалыпты. Донор күтіп жүргенге ұқсайды. Бізге таң болғанымен, оларға үйреншікті жағдай. Озық медицинаның жемісі.
Ондай болмақ қайда деп айтуға болмас. Еуропаның тәлімін алған Каунас клиникасы Оңтүстікке дәріс берсе, көрші облыстар мұндағы кадрларға қазірден құда түсіп жатыр.
Жұмағали Қазыбайұлы білім беруді жүйелендіру үшін Шымкентте жыл сайын халықаралық конференция өткізуге даярлық жұмыстарын жүргізіп келеді. Мықты санаттағы профессорлар келеді. Апталап мастер-кластар өткізеді. Тренинг орталықтарымен жұмыс жасайды. Жүздеген дәрігерлер біліктілігін көтереді.
Міне, бұл жұмыс. Облыстың бас дәрігері осы жұмыстарды үйлестіруде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің көп көмек көрсетіп отырғанын айтқан.
Иә, бізді қуантқаны көп жылдан бері материалдық-техникалық базасы сын көтермей, соңынан жел сөз ілесіп жүретін Оңтүстік медицинасының көші түзелгендігі. Ел үшін ең бастысы да осы.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.