«Бар проблема газет атын өзгерту болса, мен бақытты болар едім...»
Арал. Тағдыр қасіреттің сорын қалың еткен аймақ. Теңізі тартылып, табаны көрінген, қайығы қайырылған, аулары ауада қалқып қалған мекен. Елбасы саясатының арқасында ғана Аралдың табанына су келді. Кіші Аралды көзімізбен көрдік. Көріп қана қойған жоқпыз, кіші Аралды айнала қонған елді араладық. Талай зобалаңды бастарынан өткерсе де, Арал жұрты қайсарлығынан айырылмапты. Туған жер, кіндік қаны тамған құтты мекенді қалай қастерлеу керектігін өзге жұрт осы аралдықтардан үйренуі керек шығар. Өйткені тіршілікте тірліксіз қалудан артық қайғы жоқ. Аралдықтардың қайығы жағада қайырлағанымен, қанаты қайырылмапты. Олар теңіздің қайта оралатынына бек сенеді. Сондықтан туған топырағын басқа жұмақ мекенге айырбастамайды. Жел ысқырып, құм суырып тұрса да, оларға Аралдан артық жер жоқ. Арал ауданын Қамыстыбас ауылынан бастап араладық. Ауылдан ауылға өтіп, түстен кейін Қаратерең елді мекеніне жеттік. Одан Көкарал бекетіне өттік. Бұған дейін жол тақтайдай екен. Көкаралдан соң жол бұзылды. Түйеге мінгендей шайқалып, сең соққан балықтай мең-зең күйге түстік. Тартылған теңіздің табанында үйір-үйір жылқы жайылып жүр. Бізді мазақ қылғандай алдымызды орай шабады. Моторында ондаған аттың күші бар джиптер қазақтың қазанатынан оза алмай әлек. Оқыранған, ойқастаған тұлпарлар бізбен біраз жерге дейін жарысып, ақырында жолсызда жеткізбейтіндерін білді ме, қайдам, құйрықтарын аспанға шаншыған күйінде бір төбені айналып, көзге көрінбей кетті. Өркениеттің өркешіне жармасып келе жатсақ та кейбір елді мекендерде бала оқитын мектептің маңдайы шылқып тұрмағанын көрдік. Аманөткел деген ауылдың мектебі апатты жағдайда екен. Қабырғасы қамыстан көтеріліп, сырты балшықпен сыланған. Оның өзін 1970 жылы ауыл тұрғындары өз күштерімен салып алған. Содан бері ауылда мектеп салынбаған. – Бәріңізге белгілі, Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында ауыл шаруашылығына баса мән беріліп, елді мекендердің жағдайын жақсартуға қатысты мәселелер айтылып, ауыл халқының әл-ауқатын көтеру қажеттігі айтылған. Енді біз осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Биыл атқарылатын жұмыстың барлығы жыл басында жоспарланады. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сәйкес елді мекендерді аралап, ауыл халқының тыныс-тіршілігін көзбен көріп, жылдық жоспарымызды осы бойынша түзуге келіп тұрмыз, – деді Болатбек Қуандықов. Әкімнің күнде ауылға келмейтіні бесенеден белгілі. Ауыл халқы облыс әкіміне мұң-зарын ашық айтып жатты. Ал Болатбек Баянұлы әрбір айтылған мәселені мұқият тыңдап, жауабын сол жерде беріп кетті. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді қазақ. Жолсызбен 60 шақырым қашықтықты 3 сағаттан аса уақытта жүріп, Ақбасты ауылына келдік. Баяғыда бір жеңгеміз «тірі әкімді бірінші рет көруім» деген екен сасқанынан. Сол секілді, бұл ауылдың облыс басшысын көрмегендеріне көп болыпты. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, соңғы рет Сейілбек Шаухаманов әкім болып тұрғанында келіпті. Одан кейін бірде-бір облыс деңгейіндегі шенеуніктің табаны тимепті бұл ауылға. Мектептері құлаудың сәл-ақ алдында тұр екен. Құрылыс-сапа мекемесі, Экономикалық сот секілді бірнеше құзырлы орындар мектепті әлденеше рет жауып тастаған. Дегенмен ауылда бұдан басқа бала оқытатын жер жоқ. Сондықтан төбесі салбырап, қабырғасын бөренемен тіреп қойған мектепте балалар білім алып жатыр. Ауыз су мәселесі де тұрғындардың жүйкесін жұқартып біткен. 1967 жылы мұнай іздеушілер Ақбастыға келеді. Ауылдың іргесінен ұңғыма қазады. Олардың мұнай деп қазғандары су болып шығады. Су болғанда да, тұщы су екен. Ауыл халқы сол суды жапқызбай алып қалады. Екі жыл бұрын су бітелген. 40 жылдан аса уақыт бір ауылға су берген ұңғыма тазаланбаған. Сол себепті бітелген. Ақбасты ауылының тұрғындары өз күштерімен тазалай алмайды. Қысқасы, ауылдың сусыз отырғанына біраз болыпты. Жергілікті билік бірнеше рет таза су әкелуге талпыныпты. Бірақ одан ештеңе шықпаған көрінеді. «Тікұшақпен келіп, тып-тыныш кетіп қалуыма болар еді. Бірақ ауыл халқының көргенін өзім көрейін, сезінейін деп әдейі жолмен келдім. Жол азабын барынша тартып келеміз. Сіздердің күйлеріңізді басымыздан өткердік. Қабырғасына бөрене тіреп қойған мектепті бірінші рет көруім. Таңқалып отырмын. Ақеспеге 100 орындық мектеп, 50 орындық балабақша салып беруге уәде беремін. Ауыз су мәселесін де шешеміз. Өздеріңіз айтып отырсыздар, қаражолдың керегі жоқ, дамба үйіп берсеңіздер болады деп. Оны да ретімен жасаймыз», деді облыс басшысы. Көкарал бекетіне қатысты бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар қазір. Бірі – бекетті бітеу керек десе, екіншісі бітемейік дегенді айтады. Ақбасты ауылының тұрғындары Көкарал бекетін бітеу керек деген пікірді қолдайды екен. Өйткені бекетті бітесе, кіші Аралдың көлемі кеңейіп, ауылға су келеді. Сумен бірге, балық та жетеді. Ал бұл тұрғындардың тұрмысын арттыратын бірден-бір берекелі іс болмақ. Көкаралды көзімізбен көрдік. Кіші Аралды толтырамыз деп тіртінектеп жиған судың далаға ағып жатқанына куә болдық. Ол судың қайда кетіп жатқаны да белгісіз. «Үлкен Аралға құйып жатыр» деушілер де табылар. Дегенмен Көкаралдан аққан су үлкен Аралды толтыра алмайды. Оған әлеуеті жетпейді. Көкаралдан кеткен су құмға сіңіп жатыр. Әңгіменің ашығы осы. Сумен бірге қаншама балық далаға ағып кетті. Оны да ойлау керек. Тоқетерін айтсақ, Көкарал бекетін бітеп, кіші Аралды 47-ші белгіге дейін көтеру қажет. Ал екі деңгейлі теңіз жасау идеясы халыққа аса тиімді дей алмаймыз. Сол күні Ақбастыға түнедік. Таңбозынан тағы атқа қондық. Бағытымыз Ақеспе ауылы. Ақеспеде де мектеп қираудың сәл-ақ алдында тұр. Әлсін-әлсін құм көшкіні жүретін көрінеді. Соның салдарынан ауылдың ішін құм басып қалған. Көшелерімен жүру қиын. Құмды тазартып тұру үшін техника керек. Ондай техника ауылда жоқ. Ақбастыдағы қат мамандықтың бірі акушер екен. Жалпы, аудандарды аралағанда халық санының жыл сайын артып жатқанына көз жеткіздік. Бала туу көрсеткіші ұлғайып келеді. Мысалы, Қосжар ауылының тұрғыны Гүлмира Нұрымова үш жылда үш рет егіз бала тапқан. Құдайдың бергені деген осы. Аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев алты баланың анасына жаңа баспана салып беруге уәде етті. Ақеспе ауылының жай-күйіне қаныққан әкім тиісті мекеме басшыларына сол жерде тапсырма берді. Ауылға жаңа мектеп салынып, көшені басқан құм көктем шыға тазаратын болды. Келесі барған ауылымыз Қосаман еді. Ол ауылдың балалары да жақын арада жаңа мектепке барады. Мектеппен жапсарласып балабақшада салынады. Қосаманнан шыққанда ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран басталды. Аралдың адуын желі ысқырып, бет қаратпайтын суықпен бетпе-бет келдік. Тас төселген жолмен жүрсек бір сәрі еді. Тағы да жолсызбен келеміз. Бағыт-бағдарды анықтай алмайсың. Бір сызықтың бойымен келе жатқан көлік-керуені тоқтады. Сөйтсек, жол бастап келе жатқан әкім мінген көлік омбы қарға кіріп кетіпті. Темір тұлпар ышқынып алға ұмтылғанымен жүрмейді. Әкім көлікті итеріп жүр. Қарапайымдылық деген осы шығар-ау. Әйтеуір көптеп көмектеп жүріп, көлікті омбы қардан аман алып шықтық. Көлік-керуені қайта жалғасты. Сексеуілге жеткенше сілелеп біттік. «Биыл жалпы республика бойынша 41 халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Соның 27-сі Қызылорда облысының еншісінде. Бұл үлкен жетістік. Ол ауыл халқының бір қағаз үшін ауданға сабылуын тыяды. Енді «бір терезеден» қызмет көрсету орталықтары ауылдарда орналасатын болады». Сексеуілдегі кездесуді Болатбек Баянұлы осылай бастады. Биыл Сексеуілде 150 орындық мектеп, осындай көлемдегі мәдениет үйі салынады. Сонымен қатар ауылдың ішіндегі 5 шақырым жол жөнделеді. Осы арада айта кететін бір жәйт, биыл Қызылорда облысы ауыл көшелерін жөндеу үшін 1 миллард теңге бөліп отыр. Әрине, бұл қаржы барлық ауылдың жолын жөндеуге жетпес. Дегенмен жол азабын тартқан ауылдардың көзі ашылатын болды. Аудан орталығына келгенімізде қызық жағдайға кезіктік. Біз келгенде аудандық мәдениет үйінде тұрғындар кеше ғана түсірілген «Жоқтау: 20 жыл өткенде» фильмін тамашалап болыпты. Әкім мен аудан жұртының арасындағы әңгіме тәп-тәуір өрбіп келе жатқан. Залдың ортасынан шоқша сақалды бір кісі атып тұрды да, сұрағы барын айтты. «Осы аудандық газеттің аты «Толқын». Жоқ толқынды аңсап не керек? Соның атын өзгерткен мақұл. Менің ұсынысым: газеттің атын «Арал сыры» деп қояйық». Зал күлкіге көмілді. «Оу, одан басқа проблема жоқ па?» деп ішін ұстайды жұрт. «Бар проблема газеттің атын өзгерту ғана болса, онда мен бақытты болар едім» деді Болатбек Қуандықов. Күн әлдеқашан ұясына батып кеткен. Төңіректі түн құшағына алып жатыр. Ал біз әлі ауыл аралап жүрміз. Арал ауданы бойынша баратын соңғы ауылымыз – Жақсықылыш. Бұл «Аралтұзды» шығарумен аты әлемге жайылған ауыл. 6 мың халық тұратын ауылдың тұрғындары жыл сайын артып келеді. Сондықтан балабақша мәселесі басты назарға шығып тұр. Әкім ауылда 140 орындық балабақша салынатынын айтты. Жалпы, Арал ауданындағы ауылдардың проблемалары бір-біріне ұқсас. Ең бастысы – мектеп пен жол. Сосын балабақша. Ал ауыз су ауылдардың 90 пайызына жеткен. Аяқсудан да таршылық аса байқалмайды. Жоғарыда сөз болған екі мәселе шешілсе, Райым ауылындағы ақсақал айтпақшы «елдімекендер гүлденудің алдында тұр» екен.Ауыл «Сыбағадан» несібе күтеді
Аралдағы екі күн арпалыстан кейін Қазалы ауданындағы сапар туристік демалыс сияқты көрінді. Жолы тақтайдай. Ауылдардың арасы да аса қашық емес. Барлығы күрежолдың маңайына орналасқан. Сондықтан қатынаста да қиындық жоқ. Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына ортақ проблема – көпір мәселесі болып шықты. Тұрғындар егін шаруашылығымен айналысады. Ауыл мен ауданды Сырдария бөліп жатыр. Көктем мен күзде дарияның арнасынан асып ағатыны белгілі. Осындай кездерде қатынас қиындайды. Аталмыш екі мезгілдің шаруа үшін ең оңтайлы мезет екені анық. Сол себепті ауыл тұрғындары Әлсейіт өткеліне көпір салып беруді сұрады. Бұған қоса кіші Аралдан ауланатын балықтың басым бөлігі Қазалыға жеткізілетін көрінеді. Ол да осы өткел арқылы өтеді екен. Қожабақы ауылының мұңы да осындай. Су тасқыны кезінде дарияның арғы бетіндегі елді мекендер Басықара көпірі арқылы қатынайды. Ал бұл – жол 150 шақырымға дейін ұзайды деген сөз. Қазалы ауданының барлық ауылдарына дерлік ауыз су барған. Тіпті кей ауылдарда үйлеріне су кіріп тұр. Сонымен қатар телефон байланысы да реттелген. Жаңадан салынған мәдениет үйлері мен медициналық бекеттер, Ардагерлер алаңын да көрдік. Қазалы ауылдары Тәуелсіздіктің 20 жылдығына жақсылап дайындалып жатыр. Әрбір ауылда азаттықты айшықтайтын саябақтардың, жастар аллеясының құрылысы басталғалы тұр. Бұл да елдің еңсесін көтеретін, Тәуелсіздік атты тәтті ұғымның қадірін арттыратын іс-шаралар. Өркендеу ауылына жолымыз түсті. Қарға тамырлы қазақтың тарихында ерекше орны бар жер бұл. Себебі, осы ауылдың жанынан Жанкент қаласының орны табылған. Ал Жанкент ежелгі Оғыз мемлекетінің астанасы болған. Негізі, Сырдың бойында қазақтың үш астанасы болған. Ол туралы Елбасы былай деген: «Қазақ тарихындағы үш бірдей астана Сыр бойында жатыр. Оғыз дәуіріндегі – Жанкент, Ақ Орда заманындағы – Сығанақ, кеңестік кезеңдегі – Қызылорда. Осылардың қай-қайсысы да қазақтың мемлекеттілігін орнықтыруда өзіндік із қалдырған қасиетті орын». Орданың ортасы болған Жанкент жанындағы қазіргі Өркендеу ауылы да өркендеп, өсіп келеді. Мектебі, балабақшасы, емханасы жаңадан салынған. Қазақ жастарының көсемі Ғани Мұратбаев білім алған М.Горкий атындағы мектепте болдық. Алаш арысы отырған парта да сол күйінде сақтаулы тұр. Келер жылы аталмыш мектептің ашылғанына 100 жыл толады. Ақ патша әскерінің казармасы ретінде салынған мектептің сүйегі асыл екен. Әбден көнергенімен, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген». Дегенмен оны алдағы уақытта мұражай ретінде пайдаланбаса, бала оқытуға жарамсыз. Мектеп ұжымымен кездескен Болатбек Қуандықов келер жылы мерейтойға орай жаңа ғимарат салып беруге уәде етті. Қызылорда облысының басшысы осы сапарында Басықара су торабының жұмысымен де танысты. Көктемгі сең кезіндегі жұмыстарын пысықтады. Қазалы ауданының орталық ауруханасының да тозығы жетіпті. 40 жыл бұрын салынған ғимараттың іргетасы мүжілген. Дәрігерлер ауданда жаңа аурухана салу туралы өтініш білдірді. Іссапар Қазалыдан Қармақшыға жалғасты. Төретам кентінде жаңа мешіт салынып жатыр. Десек те, құрылыс жұмыстары баяу жүруде. Осыған орай әкім қатаң тапсырма берді. «Мешіттің құрылысы 22 наурызға дейін бітуі керек». Тоқетері осы. Қармақшы ауылында ескі қонақ үй ғимаратының негізінде спорт мектебін ашу жоспарланған екен. Әкім онымен де танысты. Тиісті қаржысын бөліп, спорт мектебін ашуды тапсырды. Осы ауылда 1940 жылы салынған желдиірменді тамашаладық. Оны іске қосу үшін 3 мың доллар көлемінде қаржы қажет. «Егер ел игілігіне жарайтын болса, керекті қаражатты тауып беруге болады» деді Болатбек Баянұлы. Қармақшы ауданындағы проблемасы көп ауыл ретінде Тұрмағамбет елді мекенін айтар едік. Ауылдық клуб әбден қой бағып, жауыр болған аттың күйін елестетеді. Ортасынан опырылып құлаған. Балабақшаның да тозығы жеткен. Мектептің бір бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жөнделетін жол да бар. Қысқасы, Социалистік Еңбек Ері, көп балалы ана Сәлима Жұмабекова облыс әкіміне ауылдағы бар проблеманы ашық айтты. Әкім тиісті шаралар жасалып, қордаланған проблеманың шешілетінін жеткізді. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» дегендей, Көмекбаев ауылындағы мектеп-интернаттың күйін көзбен көруді жазыпты. Интернат деген аты ғана. Ғимараттың сапасы сын көтермейді. Осы интернатқа 600 шақырым жерде жатқан елді мекендерден балалар келіп оқиды. Одан бөлек, көрші Өзбекстан еліндегі қандастарымыз да балаларын осы жерге жібереді. 320 бала құлағалы тұрған интернатта жатыр. Аталған ауылда 300 орындық мектептің құрылысы басталған. Енді соның жанынан жаңа интернат салынатын болды. Мектеп-интернаттың директоры үріп ауызға салғандай жас қыз екен. Аты-жөні Ақзира Қасымова. Шалғайдан қатынайтын балаларды өзі тасып, өзі әкелетін көрінеді. Енді соған үлкен автобус керек екен. Жас директор әкімге мектеп-интернаттың жайын жасырмай жеткізді. Айтылған мәселелер өз шешімін табатын болды. Жағалай жүріп Жалағашқа да жеттік. Аудан орталығына емхана мен аурухананың керектігі көзге ұрып тұрды. Емханада бір бөлмеде бірнеше дәрігер отырып, адам қабылдайды. Ал ауруханаға адам сыймай жатыр. Орталық аурухана 1999 жылы асар әдісімен салынған екен. Арнайы қаржы бөлініп салынбағаннан кейін, оның жағдайы да мәз емес. Еңбек ауылына барғанымызда бізді «Батыр аналар» ансамблі қарсы алды. 72 жастағы Рахия Жұбатқанова шыр айналып билегенде аяғы жерге тимейді. Өзі тың. Сергек. Бұл ансамбльдің басқа аналардан құралған топтан өз ерекшелігі бар. «Батыр аналардың» қатарындағы аналардың барлығы көп бала тапқан, ұрпағын өсіп-өндірген әжелерден тұрады. Сапар соңы Сырдария ауданымен түйінделді. Бұл ауданның ауылдары мал шаруашылығымен, егіс егумен айналысады. Республикалық «Сыбаға» бағдарламасын естіген ауыл тұрғындары, қазір соның қамында жүр. – Біз биыл 90 фермерлік шаруашылық ашуымыз керек. Ауылда жұмыссыз жүрмін деген адамға таңқаламын. Елді мекен тұрғындарының тың идеяларын қолдау үшін «Қызылорда» әлеуметтік-өнеркәсіптік кәсіпорнын ашып отырмыз. Сол бойынша ауылдық жерлердегі шаруашылықты қаржыландыруды қолға аламыз. Байқаймын, Сырдария ауданы «Сыбаға» бағдарламасына білек сыбана дайындалып жатыр екен. Олай болса, асыл тұқымды мал өсіресіздер ме, егін егесіздер ме, біз қаржыландыруға, идеяларыңызды іс жүзінде жүзеге асыруға дайынбыз,– деді әкім. Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған ауылдары шаруашылыққа тас-түйін дайын екен. Былтырдың өзінде Іңкәрдария ауылы егін егудің арқасында 30 миллион теңгедей таза пайда тауыпты. Ал бұл ауыл үшін үлкен қаржы. P.S. Жағымпаздық емес. Жақсының жақсылығын айту деп қабылдаңыз. Қызылорда облысының әкімі Қуандықов осы сапарында ерге тән мінез танытты. Өзі айтпақшы, «қиырдағы ауылға тікұшақпен барып, тып-тыныш қайта салуына» болатын еді. Бірақ елдегі адамдардың қандай күйде екенін өз басынан өткеру үшін жолмен барып, жол азабын тартып қайтты. Әр ауылдың проблемаларымен жеке-жеке танысты. Ал бұл қанша жылдан бері қордаланып қалған проблеманы шешудің төте жолы. Әдетте «әкім бол, халқыңа жақын бол» деп бата беріп жатады ақсақалдар. Әкімнің халыққа жақындауы осылай болуы керек шығар. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.