• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2011

Қайран, қазақ қыздары!

776 рет
көрсетілді

(Триптих) 3. Әпке Оңтүстікте әпке деген бір әдемі ұғым бар. Қазір әдеби айналымға іргесі кеңейіп, жалпықазақтық ұғымға айнала бастады. Шүмейтіп “әпше” дейтінімізді қайтерсің?! Қазақтың әр сөзі­нің әрін келтіріп, абыройын асырып, қол­даныс аясын кеңейте бергенге не жетсін. Түп-тамыры “Апа-еке...”-ден құ­нар тартатын “Әпке” классик жазу­шы­мыз Дулат Исабековтің «Әпке» пье­сасы мен ол бойынша қойылған спектакльден соң, қолдануын қайдам, қабылдану аясы мейлінше кеңи түс­кен­дей болып отыр. Халықтың осы бір әдемі ұғымын қазақтың бір аяулы қызы рухына жасар рухани дұғама та­қы­рып һәм мазмұн еткім келіп отыр­ғаны. Ол – қазақтың бір ғажайып оқы­мысты қызы – Алма Қыраубайқызы... Алманың әкесі Мүтәліп Қырау­бай­ұлы оңтүстік, Сыр өңіріне едәуір та­ныл­ған халық ақыны. Сырдың қызы – Алма жастай жырдың қызы болып өседі. Дарынды қыз бала ауылда – мақ­­таныш. Мектепте – мақтаныш. Дом­быра тартады. Ән салады. Өлең, әң­гіме жазады. Болсаң – Мүтәліп­қы­зын­дай бол! – атанып, жастай ауызға ілігеді. Мектепте оқып жүрген кезінің өзінде ол жөнінде аудандық, облыс­тық, тіпті республикалық баспасөз бетінде үлкенді-кішілі материалдар ба­сы­лады. Өзінің төлтума әңгімелері «Қа­зақстан әйелдері» журналында әл­денеше дүркін басылып, Алма жоғары оқу орнына дейін-ақ тәп-тәуір таны­лып үлгереді. Орта бойлы, сәл етжеңділеу қара­то­ры әдеміше қыз бала Қазақ ұлттық университетіне осылай таныла келіп, талабы жанып, оқуға түсті. Бұл – 1965 жыл еді. Ол түскен орта қазақтың шын мәнінде дарынды ұл-қыздарынан бас құраған әдемі курс болатын. Ол – Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Үміт Тоқмағамбетова, Фаузия Оразбаева, Әділбек Тауасаров, Шәрбану Бейсенова, Алдан Смайыл, Әшірбек Көпі­шев, Сайлаубек Жұмабеков, Ризабек Әдуов секілді да­рын­ды жастар орта­сы! Алғашқы жыл­дың өзінде бірінің өле­ңі, бірінің әң­гі­ме, новелласы, тағы бірінің сын мақа­ла­сы жарық көре бастады. Алма Қы­рау­­баеваның новелла дерлік әңгімелері! Жақсыны неге жақсы демеске?! Тұ­тас курс ұстаздар махаббатына бө­лен­ді. Университет жанынан ілгеріде профессор Бейсембай Кенжебаев ұйым­дас­тырған, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, С.Са­­дырбаев әр жылдары жалғаған, көзі кеткен соң М.Әуезов атын алған әдеби бірлестікті де осы курс қолына алды. Сағат Әшімбаев басқарды. Бірі қауыр­сын қанат шығармасын ортаға салады. Қалғаны жабыла талдайды. Бәрі де жақсы келе жатты. Тек бір жағдай болмаса?! Ол жағдай Алмаға қатысты. Әңгіме жазып, жап-жақсы көрініп келе жатқан Алмаға бағытын өзгертуге тура келді. Бәріне себепкер – профессор Бейсембай Кенжебайұлы! Алманың жақсы сабақ үлгерімі, зер­делілігі, табиғи тәрбиесі туа ұстаз, та­банды ғалым ықыласын аударды. Ка­федраға шақырып алып, бірсыпыра әң­гімелесті. Ақыры кесімді сөзін айтты. – Қызым, түркітанушы боласың. – Жазушы болғым келеді, ағай! – Жазушы көп, түркітанушы жоқ. Көптің санын көбейткенше, жоқты жасайық, қарағым. «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, қарт профессордың түр­ко­логия жайындағы жалынып та, қа­зылып та сөйлеген сөзінен әкелік мейір, шын ұстаздық бейіл аңғарды. Ең бастысы – ұлт әдебиетінің тағдыры, ұлт әдебиетінің алтын тамыры жайлы әңгімесі көкейінен кетпеді. Келісті ақыры! Шәкірт шешіміне ұстаз қуан­ды. Мұхтар, Мырзатай, Қабиболла қа­та­рына тағы бір табанды түркітанушы қосатынына қуанды. «Ескі» атап, естен шығарғысы келіп жүрген көне дәуірлерге саяхатымыз сәтті болар иншалла, деді іштей. Сөйтті де аузынан ана сүтінің дәмі жаңа кеткен уыз шә­кірт – студент жасқа Мұхамед Хо­резми­дің «Мұхаббат наме» дастанын тақырып етіп ұсынды. Алма Қыраубайқызының текті түр­кологияға бетбұрысы осылай бас­та­лып еді... ...Шәкірт ізденісін бастады. Бағыт бере отырып, шәкірт алымдылығына ұстаз сүйінді. Әңгіме арасында соңы­нан іздеп, сонау Қызылордадан әке­сі­нің келгенін айтты. Ұстаз ойына кенет әлдене түскендей: – Әкеңнің ертең түсте біздің үйде қонақ болуға уақыты қалай екен? Біліп, айтарсың, – дегені. – Жо, жоқ, ағай... Әуре бол­ма­ңыз­дар, ертең ауылға қайтады, – деді асып-сасып шәкірт. – Жоқ, қарағым, олай етпе! Ертең түсте ол кісіні біздің үйге ертіп алып кел. Анаңның шәйін бірге ішелік. Солай еткін! Күлән, сен де бірге бол. Қо­нақты екеулеп әкеліңдер, – деді сосын кафедрадағы көмекшісі лаборантқа қарап. Қыз бала қысылмасын дегені. Ертеңіне шойқара Мүтәліп профессор дастарханынан имене дәм татып отырды. Профессор өзінің жетімсіз ба­лалық шағынан әңгіме шертті. «Апыр-ау, менің өміріме ұқсас өрім­дер ғой мынау», деп қонақ отыр. Қонақ ашылсын, қысылмасын деп оқымысты ауыл өміріне жақын әңгіме айтады. Ақы­ры, қонақ қарт профессордың қол­қалауымен терме айтып берді. Маң­дай­ынан шып-шып шыққан терді ала­қандай орамалымен сүртіп-сүртіп қоя­ды. Қарапайым да қадірлі адамның ықы­ласын көрген әке ағынан жарылды: «Алма – нағашылары еркелетіп өсірген ырымалды перзентім. Сіздің жақсылығыңызды ауылға айта келген. Сыбаға әкелуім керек еді. Шынын айтқанда, бата алмадық. Өмір болса, көрерміз. Ал мына қызымның бойынан талап көріп, тәрбиелеймін десеңіз, ниетіңізге жетіңіз! Бүгіннен бастап Сіздің қызыңыз!» – Меңжамал, қызды болдың! – Онсыз да біздің қызымыз Алма! Ана Мұх­тар, Рымғалилар осы үйдің баласы. Алма, сен де қысылмай келіп жүр, айналайын! Аналық мейір қай тілде де ақжарқын ғой. Татар мақамымен айтылған аналық мейір сөз қонақтардың көңіліне нұр шуақ құйып жатты. Қарт профессор сол күні кітап­хана­сы­нан Самойлович бастырған «Мұхаббат намеге» бастатып, көне түркологияға қа­тысты қимас кітаптарынан «енші» бөліп берді... «Қайтарымы – жақсы кандидат­тық диссертация!» деді нығарлап тұрып. Шынайы ұстаз профессор Бейсембай Кенжебайұлы үшін талантты шәкірт тапқан күн – мереке! Профессордың ата­лық мейірі шәкіртті онан сайын қанаттандыра түсті. Студент партасынан-ақ Алманың ал­ғашқы мақалалары төбе көрсете бастады. Шәкірт ізденісі жандана түсті. Ұстаз үмі­ті жалдана түсті. Әбіш пен Қадырдың ал­ғаш­қы ақындық алымды қадамдарына сүй­сінген, Мырзатайына диссертация қор­ғатып, көңілін демдеген, ендігі кезек Мұхтар мен Қабиболланікі деп қуанып жүрген ол тағы бір үкілі үмітім деп білді Алманы! Университеттің қарапайым тілі «Қазақ университеті» газетінің 1969 жыл­ғы 13 маусым күнгі 16-шы са­нында «Ат тұяғын тай басар» деген тақы­рып­та сөйлеп, ойын былай өрбітіпті жа­рық­тық: «Ертедегі жазба әде­биеттерді зерттеуде көптеген ғалымдар арасында бір­жақты пікірлер туып келген болатын. Мұны зерттеуде көп кедергілер бола беретін. Әйтсе де, жас ға­лым М.Жол­дасбеков бұл салада жемісті еңбек етіп жүр. Ол жуырда ғана Орхон-Енисей жазба­лары­ның қазақ әдебиетіне қатыс­ты­­лығы жө­нін­де кандидат­тық диссертация қорғады. Со­нымен қатар М.Ма­­­ғауиннің (ХІV-ХVІ ға­сыр), Қ.Сы­диы­қов­тың (ХVІІ-ХVІІІ ғасыр) әде­биеті жайлы зерт­теулері – сөз жоқ, аса құнды дү­ниелер. Сөй­тіп, әдебиетіміздің та­рихын сонау Орхон дәуірінен бастауға мүм­кін­дік туды. Осы­ның нәтижесінде қазақ әдебиетін ар­наулы курстарға бөліп оқытуға жағдай туып отыр. Жоғарыда аталған ғалымдарымыз­дың бәрі дерлік осы өз факультетіміздің түлектері. Әрбір ұстаз лекция оқып қана қоймай, олар өз шәкірттерінің сапалы білім алуына, олардың бойындағы ғылымға деген құштарлықты оятып, оған қам­қор­шы бола білуі керек. Олай болса, ғы­лымға икемі, қабілеті бар жастарды біз алғашқы курстан бастап-ақ қамқор­лық­қа алып, ақыл-кеңестер беріп отырамыз. Студенттердің жыл сайынғы ғылыми конференцияларында баяндамалар береміз. Әйтеуір, қайткен күнде де ондай адамдарды жоғалтпауға, қайткен күнде де ондай адамдарды өсіріп шығаруға ты­рысамыз. Өйткені, біздің болашағымыз­дың өзі осы жастар емес пе?! Факультетімізде келешегінен үлкен үміт күттіре­тін жастар аз емес. Солардың ішінде мен әсіресе Алма Қыраубаеваны атар едім», деді ол! Міне, шәкіртін өз перзентіндей көріп, оның әрбір адым-алымын үлкен жетістікке балап, ақжарылып қуана білген шы­найы ұстаз, фидайы ғалым болмысы! Ал бар ғұмырын ұлт әдебиеті тарихын те­рең­детуге аямай жұмсап келе жатқан ұлы ұс­таз-ғалымды ғылымдағы алғашқы аяқ алысымен қуандыра білген тегеуріні мық­ты талантты шәкіртті айтсайшы, шіркін! Сөйтіп, Бейсембай Кенжебайұлы Алма Қыраубаева бойындағы дарын-қабі­летті студент партасынан бастап танып, оны үкілей ұштап, ұлт әдебиеті үшін аса зәру тың арнаға дер кезінде бағыттай білді. 1970 жылы мақтаулы курс оқуын тәмамдады. Даңқпен келіп, бірсыпырасы даңқты бітірді жоғары оқу орнын. Ұс­таз­дар үміті алдамапты. Бұл топтан талант­ты­лар көп шықты. Соның бірі – Алма Қыраубайқызы! Алманы қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке қалдырғысы келді Бейсекеңнің. Ұстаз шырылдап, жоғарыға телефон­дайды. – Бір орын беріңіздер, Қыраубаеваны кафедраға алып қалайық. – Орын жоқ. Болмайды, Бейсеке! – Аспирантураға бір орын. – Атамаңыз. Былтыр әдебиетке бергенбіз бір орын. Биыл кезек тілдікі! – Талантты бала еді. Енді қайттік? – Мектепке барсын. Ештеңесі кетпейді. Пісіп, жетіліп оралады. – Қыз бала. Біреудің етегінен ұстаса кете барады да, ғылымға қайтып орал­май­ды ғой... Қап әттең-ай... Қарт профессор қара аспанды суға алдырып сөйлеп жатқанда арғы беттегі кісі телефон тұтқасын орнына қоя салды. «Гук...гук...гук...» Қарт профессор қатты шамырқанды. Отыра қалып университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков атына өтініш хат жазды. Алдына кірді. «Университет ректоры профессор Ө.А.Жолдасбековке Құрметті Өмірбек! «Қазақ әдебиеті» кафедрасын ұзақ жыл басқарып келемін. Сенімдеріңізге тек рахмет айтамын. Бірақ, болашақ – жастардікі. Оларды біртіндеп ғылымға тарта баулып, дәстүрлі түрде жетілдіріп, қатарға қосып отырмасақ болмайды. Бізде ежелгі әдебиет аталатын, қиындықпен оқу программасына қосым­ша сағатпен күштеумен енген пән жү­реді. Биылғы оқу жылында тіл, әдебиет мамандығын үздік бітірген Қыраубаева Алманы кафедраға алып қалсақ деген едік, оған мүмкіндік жоқ екенін айтып отырсыздар. Сағат жоғын мен де сеземін. Әрі ойлап-бері ойлап бір шешімге бекінгендеймін. Мен жасым келген кісімін. Мүмкіндігінше, мені не жарты ставкаға ауыстырыңыздар, тіпті пенсияға шы­ғар­саңыздар да қарсылығым жоқ. Қалай дегенде де, сөйтіп менің сағатыммен Қыраубаева Алманы «Қазақ әдебиеті» кафедрасына алып қалыңыздар. Қыраубаева Алманың сенімдеріңізді ақтайтынына еш шүбәм жоқ. Сізге деген құрметпен проф. Б.К.Кен­жебаев» делінген еді тілдей хатта. Екі көзі от шашқан арыстан кеуделі ректор профессордың жүзіне үңіліп қарады, сынай қарады. «Шыны ма, көлгірсуі ме?» «Алдыма кім келмейді?! Бірақ, мұн­дай ұсыныспен келіп отырған бірінші про­фессор! Шынымен, университеттен біржолата кетпекке бекінгені ме? Өз мерейін, мансабын ойлаудың орнына, шә­кір­тін алға тартып. Абыройлы кісі. Ұлы Мұх­тар Әуезов айнымас дос тұтқан, ерек­ше ықыласты болған десетін еді. Арлы басын қадірлегені-ау, шамасы. Рас болғаны ғой. Текті кісі екен ғой Бейсекең. Шәкірті үшін әрбір профессор осылай шырылдаса ғой, шіркін!?» – Көке, – деді сосын. – Көке, әңгіме жоқ, Сіздің шәкір­ті­ңізге бір орын табармыз. Ал өзіңіз кетемін дегенді айта көрмеңіз. Керек болса мына мен де Сізге арқа сүйеп жаңа қызметке келіп отырған жоқпын ба!? – Ондай болса, рахмет, Өмірбек. Ал, жаңа келіп жатсың қызметке. Сенің де досың, дұшпаның бар. Сөз келетін болса, мен бүгін кетуге дайынмын, қарағым. – Жо, жоқ, көке, сөз келмейді. Жігіттерге тапсырамын. Бәрі де орындалады. Қызметіңізді атқара беріңіз! Алма Қыраубайқызының Ұлттық уни­вер­ситеттегі өмір жолы осылай сабақ­талып еді... Профессор дәріс оқиды. Ассистент практикалық сабақ жүргізеді. Уақытын ғы­лымға молдау бөлсін деп келер жылы ұстаз шәкіртін аспирантураға ауыс­тыр­ды. Ұмытпасам, 1973 жылы «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ жазушы­лары» аталатын курстан лекция оқитын профессор Бейсембай Кенжебайұлы сыр­қат­танып қалды да емтиханды біздің курс студенттерінен екі аспиранты – Арап Еспенбетов пен Алма Қыраубаева қабылдайтын болды. Екі топ. Бірінен Арап қабылдайды, келесісінен Алма... Сту­дент үшін баға үлкен мәселе! Баға мәселесінде Арап дарқандау да, Алма қатаңдау... Менің де «Бейсекеңнің шәкірті» ата­нып, мақалаларыммен көрініп қалған кезім. Бейсекеңнің үйінен түстік ішемін... Шамасы, дандайсу пайда болған. Бәлкім, емтиханды Бейсекеңнің өзі алады деп қалдым ба?!.. Әйтеуір, дайындығым ша­ма­лы. Оны өзім де білемін. Оның үстіне ауыр курс. Алма апай әрі сұрады, бері сұрады. Қосымша сұрақ беріп жетелеп көрді. Жауабым көңілдегідей болмады. «Бестік» алармын деген басым «үштікті» төңіректеп жүрмін. Әңгімеге Арап ара­ласты. «Төрттік» деген баға алып, басым салбырап шықтым... Басым салбырап шығып бара жатып, естігенім «Ағайдың балаларымыз, біз жақсы оқуымыз керек» деген сөз болды. Әдебиет әлеміндегі Алма Қырау­баева­ны алғаш жақын тануым сол жолы. Араға бірер жыл салып Алма кан­ди­даттық диссертация қорғады. Бейсембай Кежебайұлының ол күнгі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Перзентті болғаннан әрмен қуанды. Күні бойғы әңгімесі көне әдебиет және Алма болды. «Тақырыбы қиын еді. Та­бан­дылығымен алып шықты» деп қояды жарықтық, шәкірті диссертация қор­ғай­тын күні кірпі етіп қиған шашын қолымен сипап-сипап жіберіп. Кейін ойласам, ақсақалдың қуанаты­нын­дай бар екен. Бұған дейін М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовты қорға­тып, ерте дәуір әдебиетін құлаққа сіңіріп үлгерген ол, Қыраубаева диссертация­сымен ғылымдағы дұшпандарын біржолата тұқырта жеңген екен. «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» аталатын тың тақы­рыптың игерілуі – Бейсембай Кенже­бай­ұлының қазақ әдебиеті тарихын түркі­та­ну арнасына зерттеудің тиянақты, тың­ғы­лықты жүзеге асуы, жансебіл ғалым тарихи мектебінің толық қалыптасуының айқын көрінісі болып шықты. Десе дегендей, Алма Қы­рау­баева еңбегі қа­зақ әде­биет­тану ғылымы үшін ғана емес, жалпы түркітану ілімі үшін жаңалықты дүние еді. Қуанса қуана­тындай бар болатын. Түркологиялық орта­лықтан алыста бір шалғайда жатып, қазақ әдебиеті тарихын ортақ арналарға қарай қаншама керілген кермеге қарамай, табанды сүйреп келе жатқан әріптесі – «Бейсембай Кенжебаевич» әрекетінен бірдеңе шығатынына мәскеулік достары да сене бастады. Әсіресе, көз көрген достары – С.Малов пен Әмір Нәжіп. «Алтын Орда» дәуірі әдебиетін А.Қы­раубаева талмай зерттеп, талай зерттеулер жазды. Жан-жақты зерттеп, кең танытты, кемел еңбек берді. Өзі «Алтын Орда» дәуірі әдебиетінің бірден-бір білімді, талантты зерттеушісі ретінде мой­ын­далды. «Ғасырлар мұрасы» («Мектеп», 1988) атап, толымды еңбек берді. Оны «Бұл еңбегімді кеңесші аға, кемел ұста­зым болған профессор Бейсембай Кенже­баевтың жадымда мәңгі сақталатын жарқын бейнесіне арнаймын! Автор» – деп көне әдебиет көшбасшысы, ұлы ұстазы – Бейсембай Кенжебайұлы ру­хына бағыштады. Әрі «ХШ – ХІV ға­сыр ескерткіштері түпкі бастаулары те­реңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәуірлердің бір арналы бұлағы. Оны алғаш Бейсембай Кенжебайұлы «Алтын Орда дәуіріндегі түрік әде­бие­ті» деп атап, бұл бір дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алды­на проблема етіп қойып берген еді» (Аталмыш еңбек, 3-бет) деп адалын ай­тып, ұстаз рухы алдында басын иіп, тағзым етті. Расында да А.Қыраубайқызының бұл кітабы тыңға салған түрен дерлік, зерттеу­сіз жатқан тұтас бір дәуірді алдымен «Қисса сүл әнбия» мен «Мұхаббат наме» секілді екі ескерткіш арқылы тарихи талдау жасап, ғылыми айналымға айналдыр­ған, кейін келе тұтастыра зерттеп арна­ландыра түскен, ғылымға қосылған үлкен үлес дерлік ғылыми маңызды еңбек бола­тын. Көз жұмарының алдында аталған еңбегін қайта қарап, тың әдеби ескерткіш­термен толықтыра отырып «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» аталатын толымды ғылыми еңбек аяқтаған болатын. Ұмыт­па­сам, көлемді үзіндісі «Егемен Қазақ­стан» газетінде «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» деген атпен жарық көрді. Ал тұтас ғылыми еңбектің кейінгі тағды­рынан хабарсызбын. Алмадай шәкіртіне дисссертация қор­ғату жолында Бейсекеңнің С.Малов, Ә.Нә­жіп секілді сыйлас мәскеулік ғалым­дарды тілектестікпен қолдауға шақыра жан­ұшыр­ғанын жазысқан хаттарынан, өзінің айтуынан кейін білдім. Қалай айтқанда да «Алтын Орда дәуірінің әде­биеті» – Алма Қыраубайқызындай шы­найы ғалымның басты еңбегі болып қала бермек. Еңбектің толымды нұсқасы ұр­пақ­тары қолында болса, толық күйінде қайта бастырса, нұр үстіне нұр. Қолжаз­басы табылса қолқабыс жасар едік. Оқу бітіріп біз жайымызға кеттік. Алма апаймен қайта жүздесуіміз тағы да Бейсекеңнің айналасында. Біз бала болып Бейсекең қолына кірдік. Алма, Арап, Зинол, Жанғара, Жақа, Зина, Кеңес, Катя... дегендей жастар қарияны қаумалады. Бейсекең тәлімін алсын деп біз оларға есікті еркін ашып қойдық. Мұхтар, Рымғали сынды төл шәкірттері өз алдына, Жарасқан мен Шөмішбай шалдың көңілін сұрай келіп, шарап ішіп еркелеп аттанады... Алма апай бір күні үйге дәу қара шал­ды ерте келді. Бала көзбен қараппыз. Әйт­песе елудің ішіндегі кісі болса керек. Алма апайдың әкесі! Мүтәліп Қырау­баев! Көңілді кісі. Халық ақыны. Дом­быра­мен толғады. Әңгіме айтты. Қарық қылды. Елден келген кісі. Қазақша сұрас­ты. Менің ағам болып шықты. Қыз алы­сып, қыз беріспейтін жақын ағайын. Әу бас­тағы келісі – қызына кандидаттық дис­сертация қор­ғатқаны, тәрбиелегені үшін алғыс айту секілді. Мүтәліп қария сөзінің әуені – «Әуел баста Құдай ал­дында сұраусыз – Сіздің қызыңыз дегем. Сол сөзім – сөз! Қыз – Сіздікі, мен әншейін ағасы ретінде қолыңызды алып, алғыс айтып шығайын дегенім ғой...» Алма апай Бей­се­кеңнің халін білуге кемі аптасына бір рет келіп кетеді. Әйел адам. Балалы-шаға­лы. Дұшпаныңа тілемейтін, мінезі бір­түр­­лілеу ері бар. Өлең жазады. Өлең дұрыс қонбаса кісіні қияли етіп жібереді деуші еді. Сол рас болмағай деп ойлап қоямын Алма апай­дың елірме мінез еріне қарап. Адамға Аллатағала бар ба­қытты бірдей бере бер­мейді екен-ау деймін та­ғы да іштей. Аттылы кісі дерлік аяулы Алманың күйеуі жаяудан әрман. Тіпті қай жағынан да. От басында толып жатқан осындай қиындықтары бар Алма апай әкесіндей болған ұстаздың халін білуге аптасына уақыт тауып жатады. Адал­дығы. Шынында Алма – боямасы жоқ, болмысы таза, шынайы жан еді. Баян екеуміз (менің жарым) Алма апайдың үйіне сирек те болса барып тұрамыз. Апайдың көңіліне қа­раймыз. Үйді ұқсата ұстап отырған – Алма. Әйтпесе, күйеуі – құдай аманат жан! Сөйтіп жүріп Қаз МУ-да сабақ береді. Сөйтіп жүріп үш қарғасына қарайды. Сөйтіп жүріп ғылым жасайды. Сөйтіп жү­ріп қазақ қыздарын ұлттық дәстүрде тәр­биелейтін тұрпаты – ұлттық, болмысы бөлек мектеп пе, лицей ме, әйтеуір бір кіші оқу орнын ашты. Сөйтіп жүріп кө­гіл­дір экраннан ән салады тамылжытып. Жамбылдың жы­рау­лық әуенін «Жамбыл сазы» атап кітап жазып, теориялық тұрғыдан дәйектеп, өзі домбырада орындап тірілтетінін қайтер­сің?! Абысын-ажындарының атын атап, түсін түстеп «Жамбылдың келіндері» атап толқыған ой, төгілген тілді очерк кі­та­бын жазып аяқтады. Абысындары ту­ралы келін толғамы. Қандай тәлімді! Не айтса ұлттық дәстүрден туындата айта­ды. Не нәрсе жазса – ұлттық болмыстан туындатып тамылжытып тамаша жазады.Табанды табиғат, мақсатты адам. Әйел басымен осындай ерге бергісіз ірі істер­дің басы-қасында жүреді. Басы-қасында жүреді емес-ау, зіл-батпан міндетті мой­нына артып бір өзі арқалайды. Туған елі үшін тау көтерген Толағай қыз... Арманы асқақ еді Алма апайдың. Кейде көзіне жас ала ойға алған ар­мандарын айтып отыратын. Арман жеткен жерге ғұмыр жетпесін білді ме?! Кейде өзі бастаған істері алға жүрмей, көзіне дүние шер болып байланған пенделер жүргізбей қиын қылғанда дықарт болып жасып отыратын. Жасындай жарқылдап ғұмыр кешуге тиісті үлкен ойлы, жұпар жүректі әзиз жанның жасып отырғанын көргенде бірге жасып қалушы едік. Өнерлі, ойлы жанның бар арман-мұратын тізбелеп отыру орынды бола қой­мас. Арман тұтып, алға межелеп қой­ып жүзеге асырған, асыра бастаған істерін атап-атап өтсек те аз болмас бізге. Тұрмыс ауыртпалығымен тайталаса жү­ріп тындыр­ған ісінің салмағы қандай Алма апайдың? Ұстазы ұсынған тақырып дарынды шәкірт үшін ауыр бейнет болумен бірге абыроймен атқарған міндет те болып шықты ақыр көгентүпте. Алма тақырып­ты арналандыра еңбек етті. «Ғасырлар мұрасы» монографиясы, «Ежелгі әде­биет» оқулығы, ақын Төрегелді Тұяқ­баев­пен мойынсерікте тәржімалаған «Ма­хаббат наме» – Алма Қыраубай­қы­зының түркі­тану саласындағы тынды­рым­ды ұзақ жа­сайтын баянды еңбектері. Н.Конрадтың шығыстанушы И.Крачковский туралы айтатын әдемі бағалауы бар. Шы­ғыстанушы болу – һәм тілші, һәм әде­биетші, һәм тарихшы болу­ды қажет етеді деген. Алма апай өзінің жоғарыда аталған еңбектерінде шығыс­танушыға қажетті әлгі қасиеттерді тал бойына табиғи жинақтаған ірі ғалым! Алманың бұл саладағы еңбектерін М.Жолдасбековтің, М.Мағауиннің қадіріне жете бағалағанын білеміз. Тақырыптас адамдар – тағдырлас адамдар. Олардың арасында бірінің еңбегін екіншісінің қадіріне жете баға­лауы да, бағасын біле тұра қызғанып, әділ сөзін айтпаушылық та кездеседі. Бейсекең шәкірттері бір үйдің үйелмен-сүйелмен­дері секілді ғой. Аты аталған ғалым­дардың өзара ынты­мағына сүйсінеміз. Әрқайсысының еңбе­гін дербес бағалап мерейленеміз. Бір өкініші – соңғы жылдары алғаш Бейсекең бағыттаған, шәкірттері тындырымды іс тындырған ежелгі әдебиетке қазіргі жастар зерттеуге бармайтын, баспайтын болды. Өкінішті. Он алты ақынның айтысын көлемді алғысөзбен кітап етіп бастырған Алма апай «Хисса-дастандар» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Түрлі себеппен кешіктіріп қорғағаны болмаса сәтті ғылыми еңбек жасады. Алма апай өмірінің соңғы кездерінде Түрік қағанаты тарихынан жекелеген әң­гімелер жазып, жариялай бастаған еді. Түрік халықтарына ортақ ежелгі әде­биетті зерттегеннің бір пай­дасы! Тарихты деректі баяндап, әңгіме жазу – орыс әдебиетінде С.­Алек­сеевтің тынбай атқарған, бар өмірін бағыштаған сүйікті ісі. Бұрын аза­маттық тарихымызда ай­тыл­май келген, айттырмай, ұмыттырып жібере жаздаған қымбат тақырыпта балалар психологиясын ескеріп, олардың қа­был­дау мүмкіндігіне орайластырып де­ректі әңгіме дерлік дәйекті дүние­лер жазу – Алма апайдың ғалымдығы­мен бірге шынайы ұстаздығынан да туындап жат­қан міндет болатын. (Алмадай курстасы­ның деректі әңгімеле­рін әдемі кітап етіп шығарып берген Әшірбек Көпішевке өз басым ризашы­лығымды айта-айта отырамын.) Ол шынайы ұстаз болатын. Жан Жак Руссоның «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өз­ге­нің бақытын аялау» (З.Қабдолов қазақ­ша­лауы) деген ұлағатын Алма Мүтә­ліп­қы­зына арнайы айтсаң әбден жара­са­тын еді. Шәкірттері жанына жақын жүретін. Шәкірттері сенісіп әңгімесін айтып, ашық сырласар еді Алма апаймен. Тіпті тұлымшағы желбіреген қыздар, бұрымды бойжеткендер мен бозбалалар анасындай көрер еді Алма апайды. Алма апай да шә­кірт­терін бауырынан тараған бала­сынан кем көрмес еді. Олардың көңіл-күй құбы­лыс­тарын бақылап, күн­де­ліктерін жүр­гізетін. Ақыл-кеңесін аямай сыр­ла­са отырып, жүректеріне нұр құйып беретін. Тұрмыста бақытты бола ал­маған мұңдық ұстаз шәкірт-қыз­да­ры­ның бақытты болуын бар жан-тәнімен тілеу­ші еді анабейіл Алма! Кісі «Жаным садаға!» деп зарығып көрген, Қорасан­ға қой айтып жүріп, мойнына моншақ тілеп, Құдайдан сұрап алған туған баласына ғана айтар болар. Шәкіртте­рінің бақытын аялаумен өткен Алма ұстаз олардың өмірі­нен алынған түрлі штрих, детальдерді пайдалана отырып жазған публицис­тикалық кітабын «Жаным садаға!» атап еді-ау! «Жаным садаға»... Алма­ның осылай аталатын еңбегі қазақ тәрбие мектебінде сирек кездесер тәлім-тәрбиелік өнегесі бой­ын­да тұ­нып тұрған аса қызғылықты, аса бір та­ғылымды этнопе­да­гоги­ка­лық пуб­ли­цис­тикалық еңбек. Бірде төрімізде мұңданып отырып: «Ұстаз бо­лып сабақ берген соң балалар білімді, ба­қытты болса деген оймен барыңды бересің. Кейде олар ақыл сұрап алаңдайды. Тапқаныңды ай­та­сың. Кей­де ойлаймын: «Осы мен ба­лаларға кітаби тәрбие беріп жүр­ге­нім жоқ па? Мен айтар ақыл-ке­ңес мына құбылған заманаға жарар ма? Адал тәрбиеленгендіктен олар мына теңгенің сылдырына ден қойған зырылдақ қоғам үдерісіне ілесе алмай қалып қойып жүрмей ме? – деп пұшайман боламын» – дегені бар. Көрдіңіз бе, шәкірттерінің тағды­рына қалай алаңдайды Алма апай?! Кейде «ағылшын мектебінде тәрбие жолы былай», «француз мектебінде дәріс ыңғайы мынадай» деп әлемдік алғы мектептер тәжірибесін әңгімелеп отырушы еді. Оқығаны-тоқығаны бар, өз тәжірибесінен түйгені бар, соларды жүзеге асырмақ болып, Қаскелеңнен жер алып, қыздар ұлттық лицейін ашты. Жұмысы жүріп кеп берді. Балалар ықыласты. Балалармен бірге олар­дың ата-анасы ықыласты болды Алма ашқан мектепке. Бұрын ашылған, әбден қалыптасқан мектептер жабы­лып қалып жатқанда жаңа мектептің – жаңа типті мектептің аяғынан тұрып, жұмыс істеп кетуі екіталай уақыттар келді дүниені аударып-төңкеріп. Бірер рет Сара Алпысқызы жәрдем етті. Сатымпаздық әрекет, пайдакүнемдік психология иектеді әкім-қараларды. Ақыры Алма апай ашқан ұлттық модельді мектеп жабылып тынды. Үйін еріне қалдырып, балаларын жетектеп шығып кетіп, пәтер жалдап күн кешкенде қабағын мұң шалмаған, ренішке бой алдырмаған Алма апай мектебі жабылғанда күйіп кетті. Кісісі өлгендей күйіккешті тіршілік кешті... Алма апай, 1997 жылы болар, елу жасқа толды. Алматыда «Ғалымдар үйінде» әдемі кездесу болды. Үй хан­шайымы Ғайнекен Бибатырова туған апасына айналып, бауырмалдықпен қыз­мет етті Алма апай тойына. Төрде Тұр­секең – профессор Тұрсынбек Кә­кішұлы отырды. Кешті мен жүргіздім. Шә­кірт­тері Алма апайдың құрметіне көгершін ұшырды. Ақшамда той «Пионерлер үйінде» жалғасты. Тойды Өмірхан Әбді­манов жалғай жетеледі. Тойға анасы қа­тысты. Курстастары бір үйдің бала­сын­дай үйіріліп отырды, иіріліп биледі. Ой, бір тамаша той болып еді. «Бір тойым болары сөзсіз менің...». Қыршын Төлеген ғой. Алманың да бір тойы өтті солай! Ш.Ыбыраев үшеуміз мектепке арнап оқулық жазбақ едік. Тұрымтай тұсымен, біз Түркістанға көшіп кеттік. Шәкір – Түркиеге! Сол ой аяқсыз қалды. Алма апайды 2000 жылы Түркі­стан­да ашылған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқу бітірушілердің емтихан төр­аға­лығына шақырдық. 12 мамыр күні келді. Алақанға салып аялай күттік. Түркістан жерінде Алма апай сол жолы көп шәкірт тапты. Кісіні табиғи баурап ала жөнелетін кішіпейіл, білімдар, өнерлі жан еді ғой Алма апай. Аудиторияда дәріс те оқыды, Мәдениет сарайында кездесу-сырласу ән-кешін де өткізді Алма апай! Жұрт тәнті. Алма апамыздың өмірге құштар көңіліне дән риза болыстық. Өмірдегі қиын­дық­тарды жеңіп, өмірді құштарлана сүйіп өтіп келеді екен-ау деп ойладым өз басым. Алмадайын ғазиз жүректі асыл адамның текті ұстаным, тебіреністі тіршілік кешуіне соншама қуан­дым. Бір ай шамасы Түркістанда болып Алма апай Алматыға қайтты. Әріптес ағасы Мырзекең – Мыр­за­тай Жолдасбеков шақырып, Алма апай жаңа оқу жылынан Еуразия университетіне профессорлық қызметке ауыс­ты. Көп ұзамай сырқатқа ұшырады. Айық­пас дерт. Арнайы барып көңілін сұра­дым. Аруаққа айналған кейпін көріп жылап қоштастым. Ұлын үй­лен­дірді. Тойына бара алмадым. Ұзамай туған әпкемдей болған аяулы жан дүниемен біржолата қоштасты. Сонда ойлаймын-ау, Түркістанға төркіндей келгендей болған екен-ау деп. Сонда ойлаймын, Түркістанға төркіндеуге ғана емес, бой жасауға да келгендей екен-ау деп. Қазақта әпке деген әдемі ұғым бар. Аса дарынды әдебиетші ғалым, дарынды әнші Алма Қыраубайқызы ту­ған әпкемдей болған ғазиз жүрек жан еді. «Ақынның тойы тарқамайды...». Кім айтқаны есімде жоқ. Өмірде күр­сінісі көптеу ғұмыр кешіп, жастау кеткен Алма апай да тойы тарқамас қа­зақ­тың ақынжанды ғалым қызы еді, шіркін! Қайран, қазақ қыздары!.. Құлбек  ЕРГӨБЕК. Түркістан.