• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2011

Әр үміткердің өз бағыты бар

398 рет
көрсетілді

Бірақ Отанға қызмет ету бәрін де біріктіреді Көкшетауға кешігіңкіреп келген Мэлс Елеусізовті Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің оқытушылары мен студенттері ашық-жарқын қарсы алды. Өйткені, Алматыдан ұшақпен жеткен Мэлс Хамзаұлы Астанадан шығысымен Қазақстандағы жалғыз экологиялық Бурабай колледжіне алдымен атбасын бұруы заңды еді. Қазақстан президенттігіне кандидат М. Елеусізов еліміздегі «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы екені белгілі. Еліміздің талай белді аза­маттарын қарсы алған мәжі­лісхана бірден іскерлік сипат алды. Үміткер өз бағдарла­ма­сын бастамас бұрын экология және география факультетінің 3-курс студенті Досбол Са­ғындықов: «Президенттікке кандидат болып ұсынылған әріптестеріңізден қандай қа­сиет­теріңізбен ерекшеленесіз?» деген сұрақ қойды. Бү­гінгі жастардың ой иірім­дерінің тереңдігі мен белсенділігіне риза болған Мэлс Хамзаұлы әңгі­месін ширата төгілтті. – Әр үміткердің өз бағыты болғанымен, тәуелсіз Отаны­мызға адалдық, болаша­ғы­мыз­ға немқұрайды қарамау қа­сиет­тері баршамызды біріктіреді, – деген ол мінбердегі бір са­ғат­тан астам сөзін осы сұрақ тө­ңі­ре­гінен өрбітті. Мен ресми түр­де екінші рет үміткер бо­лып отырмын. Күш-қуатым бол­са әлі де ниетімнен тай­маймын. Мәселе өзгелердің артық-кемдігінде емес, елімізді еңселендіру бағытындағы кемел ойлы азаматтардың кө­бейе түскендігінде. Сондық­тан, кандидаттардың барша­сы­на құрметпен қараймын. Менің алға қойған мақсат­та­рым 2005 жылғы бағдар­ла­мам­да да көрініс тапқан. Одан ауытқымаймын әрі үнемі жетілдірумен келемін. – Сізді еліміз үлкен эколог ретінде таниды. Әйткенмен, мемлекеттің болашақ бас­шы­сы жан-жақты болуы керек емес пе? – деген сұрақты 4 курс студенті Сергей Тарануха қойды. –  Қазіргі және болашақ­тағы саясаттың ең ірісі – эко­логия. Осынау толғақты мәсе­ле­лерді көтеріп жүргенімді жан-жақтылыққа балаймын, – деді кездесу қонағы. – Таби­ғаттың тепе-теңдігі бұзылуы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Біз 200 жылдан бері, яғни өркениеттер қақтығысынан бері ауамызды ластап, оны жа­ғу­мен келеміз. Жаһандық жы­лыну, климаттың өзгеруі ой­ланбай қадам жасаудан. Мұз­дақтарымыздың 40 пайы­зы­нан айырылдық. Ауыз су­дың, азық-түліктің тапшы­лы­ғы осыдан. Табиғатқа жан­ашыр­лық, оның байлығына үнемшілдікпен қа­рау кезек күттірмейтін міндет. Семей, Арал апаттарын көрген хал­қы­мыз Балқаштың, Каспий­дің мүшкіл халін көруге жол бермейді деп үміттенемін. Біз «Семей-Невада» қозғалысын қолдаушылардың алғашқы легінде болдық. Балқашта  АЭС салынуына тосқауыл қойдық. Мені өскелең еліміздің эко­но­микасы, әлеуметтік деңгейі, ішкі-сыртқы саясаты мен беделі бұдан кем толған­дыр­майды. Мен президент бол­ма­ғанның өзінде, алға қойған жоспар-жобаларымның жү­зе­ге асуы үшін талмай күре­сетін боламын. Ардагер ұстаз Тыныштық Ахметованың, оқытушы Кә­ри­ма Қанитаеваның, журналист Бақыт Смағұловтың тіл, ұлттық рух, мемлекетті бас­қару тетіктері туралы сұрақ­тарына да са­лиқалы жауаптар қайтарылды. – Толғаныстағы халық қана төрге озады, – деді М. Елеусізов.  – Бізде белсенділік төмен, жасқаншақтық бар. Әлі күнге сайлаушылары­мыз­дың 20 пайы­­зы ғана дауыс беруге келіп жүргені осыны айт­қызады. Өзі­міздің консти­ту­ция­лық құ­қы­мызды пайдалану арқылы аза­маттық міндетімізді орын­дай­мыз, әділдікті орнатып үйре­не­міз. Мен алдағы күндері «Жа­сыл­дар» партиясын құрмақпын,   кәнеки, осыны кім қолдайды? Зал түгел қол көтерді. Әсерлі кездесуді университет проректоры Аманай Сейіт­қасымов алғыс сөздері­мен қорытындылады. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.