• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2011

Лицензия алу үдерістері жеңілдейді

399 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында тексерілетін субъекті­лер­ге қойылатын талаптар мен рұқсат беруді оңтай­лан­дыруға қатысты заң жобалары қаралды. Аталған заңдық құжаттар шағын және орта бизнеске ай­тар­лық­тай жеңілдіктер жасауды көздейді. Алдымен депутаттар Парламент Мәжілісі мақұлдаған күн тәртібіндегі «Қазақстан Респуб­ли­касының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Ол бойынша Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев қысқаша баяндама жасады. Артынан қосымша баяндама жа­саған Сенаттың Әлеуметтік-мә­де­ни даму комитетінің мүшесі Хусаин Валиев түсінік бере кетті. Заң жобасы қызметкердің ден­сау­лығына келтірілген зиянды өтеу мақсатын көздейді. Тар­қа­тып айтқанда, келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған жұмыс беруші кәсібі мен біліктілігі дәл сондай қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайтқан кезде жоғалтқан та­бы­сын (кірісін) өтеу сомаларын қай­та есептеу қарастырылады. Бұ­дан басқа банкроттық салда­ры­нан таратылған заңды тұлға­лар­дың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөнін­дегі капиталдандырылған төлем­дер­ді алған қызметкерлерге жа­сын шектемей мемлекеттің ай сайынғы төлемдерді жүзеге асы­руы көрініс тапқан. Денсау­лы­ғы­на зиян келтірілуіне және зардап шегушінің қайтыс болуына бай­ланысты тұтыну бағалар индексіне пропорционалды түрде та­ғай­ын­далған, жоғалтқан табысын (кірісін) өтеу сомаларын индекстеу жө­ніндегі нормаларды белгілеу бө­лігінде өзгерістер мен то­лық­ты­ру­лар енгізу де ұсынылды. Сенаторлар аталған заңдық құ­жат­ты бірінші оқылымда ма­құл­дай оты­рып, күн тәртібіне қайта енгізу ар­қы­лы екінші оқылымда қабылдады. Рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасы бойынша баяндама­ны Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жасады. Белгілі болғанындай, барлық рұқсат беру құжаттары айтарлықтай қысқаратыны қарас­тырылып отыр екен. Лицензиялау бойынша қор­ша­ған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы субъектілерінің аясын азайту да назардан тыс қалмаған. Бұрындары лицензия алу үшін алты мемлекеттік ор­ган­ға бару керек болса, енді бір мемлекеттік органнан лицензия алуға жағдай жасалмақ. Ұсы­ныл­ған құжаттарды тексеру 2-5 күн ішінде жүзеге асатын болады, жетіспеген құжат бойынша хабарлау да міндеттеліп отыр. Әр­бір ресми құжатты нотариалдық куәландыру да қажет деп та­был­майды. Ол үшін тек түпнұсқа мен нотариалдық куәландырылған құ­жат көрсетілсе болғаны. Ли­цен­зиялаудың ортақ мерзімі де 1 айдан 15 күнге дейін қысқармақ. Жалпы, заң жобасымен 54 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 49 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Заң жобасы бойынша сенаторлар Светлана Жалмағамбетова мен Еділбай Иманқұлов және Бауыр­жан Мұхамеджанов өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Сөйтіп, заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен Үкіметтің тексерілетін субъектілерге қойылатын талап­тар­ды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құ­зыреттерін қайта қарау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу жөніндегі заң жо­ба­сы бірінші оқылымда бірауыздан қолдау тауып, мақұлданды. Заң жобасымен бизнеске қойылатын талаптарды заңдық тұрғыдан Президент Жарлығы мен Үкімет қаулысы деңгейінде белгілеу көзделген. Осыған орай тексерілетін субъектілерге қойылатын та­­лап­тарды белгілейтін норма­тив­­тік-құқықтық актілерді қа­был­дау мемлекеттік органдар құзыретінен алынып отыр. Жеке және заңды тұл­ғалар қызметіне еліміз заң­дары­мен, Президент жарлық­тары­мен, Үкімет қаулы­лары­мен талаптар белгілеу бар­лық мүд­делі тұлғаларға ақпа­рат­тық-құ­қық­тық ресурстар, оның ішінде интернет-ресурстар арқы­лы нормативтік құқықтық актілерге еркін қол жеткізуге жол ашады деп күтілуде. Жалпы саны 5 кодекс пен 42 заңға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы да қолдау тапты. Аталған заңдық құжаттың қабылдануы екі палата арасын­дағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу комиссиясының ұсыныстары арқылы жүзеге ас­қанын айта кету керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.