15 наурыз – Халықаралық тұтынушылар құқығын қорғау күні
Табиғи ақуыз текті тамақ өнімдерімен халықты қамтамасыз ету айрықша маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, төрт түлік малдан алынатын ет, сүт өнімдері қазақ халқының ежелден күнделікті тұтынатын ұлттық тағамдарының құрамдас бөлігі болып келді. Сол себепті біздің халық ерте заманнан жылдың әр мезгілінде малдың бағым-күтіміне ерекше мән беріп, тұқымдық ерекшеліктерін ескере отырып сұрыптау, жылдың төрт мезгілінде жайылым жаңарту арқылы төрт түліктің денінің сау, қоңының жақсы болуын қамтамасыз етумен бірге, азық үшін сойылатын малды іріктеп дайындау, сақтау, ас мәзірін әзірлеу сияқты технологиялық үрдістердің әдіс-тәсілдерін қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келді.
Ата-бабаларымыз төрт түлік малды ерекше қастерлеп, иесінің өз малына деген қамқорлығының жоғары деңгейде болуын дәріптеп, малмен күнделікті қарым-қатынастың ізгілікті қағидаларын ұстану дәстүрін ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат тұтқан. Мысалы, малды ұрып-соғу, әсіресе, сояр алдында қинау, қатыгездік жасаудан мал ағзасында пайда болатын түршігу, шошынудың әсерінен малдың еті мен сүтінің құрамына өзгерістер еніп, биологиялық құндылығы мен сапалық қасиеті төмендейтіндігін қазіргі ғылым дәлелдеуде. Осылайша біздің ата-бабаларымыз тіршілік арқауы болған төрт түлік малдың қадір-қасиетін қастерлей отырып, оның бағым-күтіміне ерекше мән беру арқылы ет, сүт өнімдерінің қорек, қуаттылығын толықтай пайдалана білді. Соның арқасында тәні сау, жаны таза, ақ пейілді халықты осынау ұлан-байтақ өлкенің заңды мұрагері етіп қалдырып кетті.
Адам ағзасының қалыпты дамуында, денінің сау, санасының сергек болуында табиғи да таза тамақ өнімдерінің рөлі аса жоғары болатындығы белгілі. Алайда, қазіргі заманда әртүрлі техногендік әсерлерден, қоршаған ортаның ластануы салдарынан әлемде малдың қауіпті жұқпалы аурулары пайда болуымен қатар, адам ағзасы үшін аса қауіпті химиялық зиянды элементтер (мыс, қорғасын, сынап, мырыш қатарлы улы металдар, радионуклидтер, пестицидтер мен антибиотиктер т.б.) малдың жайылымы мен жем-шөп, өсімдік арқылы малға беріліп, мал өнімдері арқылы адам ағзасына еніп, әрқилы аурулардың туындауына себепкер болуда.
Сондай-ақ қазіргі кезеңдегі өндірістік технологияның дамуы нәтижесінде азық-түлік тағамдарын дәмдендіру, сақталу мерзімін ұзарту мақсатымен түрлі тағамдық қоспаларды пайдалану да азық-түлік өнімдерінің табиғи құрамына айтарлықтай өзгерістер келтіруде. Кейбір өндіріс орындары өнім көлемін ұлғайту үшін де тағамдық қоспаларды пайдаланудың түрлі технологиялық әдіс-тәсілдерін қолдануда. Мысалы, шұжық өндіру кезінде сапасы төмен шикізат қалдықтары мен малдың ішкі ағзаларын пайдалана отырып өнімнің өзіндік құнын азайтып, өндіріс көлемін ұлғайту іс әрекетін бүркемелеу үшін де әртүрлі дәмдеуші, әрлеуші қоспаларды қолданатыны белгілі. Бүгінде әлемнің дамыған көптеген елдерінде азық-түлікке, соның ішінде, ет өнімдеріне жасанды қоспаларды пайдалану тәжірибесі кеңінен өріс алуда.
Ет өнімдерінен адам ағзасы аса қажетті табиғи ақуыз, түрлі минералды заттар мен дәрумендер алатындықтан басқа тағам түрлеріне қарағанда биологиялық құндылығы өте зор етке халықтың сұранысы да әрқашан жоғары болып келді. Әлем елдерінде ет өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту үрдісі тек табиғи шикізат көздері есебінен ғана жүзеге асырылып отырған жоқ. Әсіресе, соңғы кездері ет өңдеу кәсіпорындары өз мүдделерін тұтынушы мүддесінен жоғары қойып, өнім көлемін арттыру үшін тағамдық құндылығы төмен қосымша өнімдер (өкпе, бауыр, ішек, қарын т.б.) мен әртүрлі қоспаларды кеңінен пайдалануда. Мұндай қоспалар тамақ өнімдерінің биологиялық құндылығын төмендетеді. Себебі, өнім құрамында толыққұнды ақуыз мөлшері жеткілікті бола алмайды.
Ал күнделікті өмірде қарапайым тұтынушы ет өнімдерін сатып аларда тек сезім мүшелерінің көмегімен сыртқы түр-түсі, иісі, консистенциясы сияқты көрсеткіштеріне баға беру, орама сыртындағы ақпаратпен танысу арқылы ғана, сол өнімді сатып алу немесе алмау туралы шешім жасайды. Яғни адамдардың еттің химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерін анықтайтын мүмкіндігі жоқ. Өнім құрамындағы зиянды заттарды анықтау тек зертханалық тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Ал өнімнің сыртқы орамасына жазылатын тұтынушыға арналған ақпараттар сол өнім туралы шынайы мәліметтерді толық қамти бермейді. Тіпті кейбір кәсіпорындар мен фирмалардың өнімге қосылған бөгде қоспаларды жасырып, жалған ақпарат беру оқиғалары да кездеседі. Мұндай жағдайлар адамдардың денсаулығына зиян келтіріп, тіпті өмірлеріне қауіп төндіруі де мүмкін. Сондықтан мемлекет пен тұтынушы қауым тарапынан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау, қадағалау іс шараларын жоғары деңгейге көтеріп, жетілдірудің маңызы зор.
Соңғы жылдары біздің елде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінен бірқатар техникалық регламенттер мен заң актілері қабылданды. Солардың бірі 2010 жылы мамырда қабылданған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Бұл заңда тұтынушы мен сатушының құқылары мен міндеттері, әсіресе, тұтынушылар мүддесі тұрғысынан жан-жақты қарастырылып, айқындалған. Осы заңда көрсетілгендей, сапасы тиісті талаптарға сай емес тауарды тұтынушы сатушыға қайтарып беруге, оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. Сондай-ақ, тауардың және көрсетілген қызметтің кемшіліктері салдарынан өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтетуге тұтынушының құқығы бар.
Тұтынушының осындай құқыларын толықтай қамтамасыз ету үшін тауарды (өнімді) зертханалық тексеруден өткізудің барлық мүмкіндіктері жасалуы тиіс. Ол үшін қазіргі жеке меншік формадағы сертификаттау органдары мен сынақ зертханалардан тыс арнайы мемлекеттік бақылау жүргізу ұйымдары мен сынақ зертханалары жұмыс істеуі қажет. Ол ұйымдар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы тиіс. Сонымен қатар, өздеріне қандай бір даулы мәселе келіп түскен кезде тексеру жұмысының шығындары сол кінәлі мекеменің қаражаты есебінен жұмсалуы керек.
Казіргі кезде тұтынушылардың өз құқыларын толық пайдалана алмау жағдайлары жиі кездеседі. Оның ең негізгі себебі тұтынушылардың заңмен қорғалған өз құқыларын толық біле бермеуінде. Осыған байланысты еліміз көлемінде өнім өндіру, қызмет көрсету және сауда-саттық саласындағы мемлекеттік бақылау, қадағалауды ұйымдастыру формаларын одан әрі жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.
Казіргі кезде Қазақстанға қажетті ет өнімдерінің 50-55 пайызы импорттың үлесіне тиеді. Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі аса жоғары болып келетін мемлекеттерден біздің рынокқа келіп түскен ет өнімдері өзінің тағамдық құндылығы және химиялық құрамы бойынша ерекшеленеді. Әсіресе, ол елдерде ет өнімдерін ұзақ сақтауға арналған технологиялық әдіс, тәсілдердің жедел дамуына байланысты өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, қадағалау мәселесіне жете көңіл аудару қажеттілігі туындайды.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында алдағы жылдары елімізде етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа жобаны жүзеге асыру арқылы 2016 жылы 60 мың тонна ет өнімін экспорттау мақсаты қойылды. Сондықтан Үкімет бағдарлама қабылдап, жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыру іс-шаралары қолға алына бастады. Алайда, аталған стратегиялық жоспар-жобалардың тиімділігін арттыру үшін сапа мен қауіпсіздік мәселесіне баса назар аудару қажет. Себебі, қазіргі кезеңде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі бәсекелестіктің басты өлшемі ретінде қарастырылуда. Әсіресе, экспортқа шығарылатын ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздік деңгейі халықаралық стандарт талаптарына сай болуы шарт.
Дамыған елдерде ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне аса үлкен мән беріліп, заңнамалық деңгейде реттеледі. Адам ағзасы үшін ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігінің өзектілігін ескере отырып халықаралық деңгейде бірқатар құжаттар бекітілген. Олардың ішінде техникалық кедергілер жөніндегі Бүкіләлемдік сауда ұйымы келісімі міндетті және ұсынымдық талаптарды белгілеу, сондай-ақ әзірлеу, қолдану үрдістерінің нақтылығын қамтамасыз ету бойынша негізгі ережелерді анықтайды.
Стандарттау жөніндегі ИСО халықаралық ұйымынан ет өнімдеріне қойылатын талаптар, терминология, органолептикалық бағалау жүргізу, ет өнімдерінің химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерін анықтау әдістеріне байланысты 30-дан астам стандарт бекітілген. Осы стандарттарды ұлттық стандарттар ретінде қолдануға болады және оларды қолдану ет өнімдерінің сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара мойындау, қабылдау негізі болып табылады.
Тамақ өнімдері, соның ішінде ет өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ең жетік заңнама Еуропалық одақта қабылданған. Ет өнімдерінің қауіпсіздігіне қоғам тарапынан қойылатын талаптардың күн санап өсуіне байланысты ЕО осы өнімнің өндірілуі кезіндегі гигиеналық нормаларды барынша қатайтуға тырысуда.
Еуропалық стандарттар сондай-ақ ет өнімдеріне қосылатын тағамдық қоспалар мен хош иістендіргіш заттарға қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар, ет өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына әсер етуші аса маңызды факторлардың бірі болып табылатын мал азығының сапа көрсеткіштері мен тағамдық қоспаларды бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан ЕО жәнеде басқа дамыған елдердің ет өнімдеріне қатысты стандарттарына біздің отандық стандарттарды үйлестіру кезінде олардың артықшылық жақтарын оңтайлы пайдаланудың маңызы зор.
Сайт ЗАХАН,
Бейбіт ЖУСИН, С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ доценттері.