АҚЫН БЕЙНЕСІ АНА КӨЗІМЕН
– Балам өлең шіркінді он жасынан жаза бастаған еді... Нағиман апа Мақатайкеліні бізбен алғашқы әңгімесінде осылай деген болатын. Бұдан 23 жыл бұрын болған екеуара әңгіме барысында айтылған осы жайттардың біразын там-тұмдап жазғанымыз да бар. Бірақ ақын анасының баласы жайлы айтары мол екен.
Нағиман апаның айтуынша, бала Мұқағалидың он жасынан қолына қалам алуының өзіндік себебі бар екен. Дүйім ауыл боп, Сүлеймен Мақатайұлы мен Рахымбай Іскендірұлын «Өртең» сайының аузына дейін ере келіп, қан майданға 1941 жылдың 29 желтоқсанында шығарып салыпты. Отағасынан үзбей келіп тұрған хабар-ошар үш айдан кейін пышақ кескендей сап тыйылған көрінеді. Содан былай он жасар бала баяғы «Өртең» сайының аузына елден ұрлана жаяу барып, сон-а-а-ау көкжиектерге қол артып жатқан қасқа жол бойына жабырқаулы күйде көз салушы еді. Табиғаты жуас, мейірімді де қамқор әкесінің қасында жоқтығы бала Мұқағалиды тұңғиық бір мұңға батыратын. Сондықтан болар, оның алғашқы өлеңі де әкесіне арналған екен.
Мұқағали мектептен келісімен, қолына қарындашын ала салып, дәптеріне бір нәрселерді сүйкектетіп жататын. «Қарағым-ау, не жазып жатсың?» – деген әжесіне: «Әшейін,... ешнәрсе емес», – деп қойып, одан әрі жазуын жалғастыра беретін көрінеді. Бір күндері: « – Әже, мен көп өлең жаздым, әкем жайлы... Оқып берейін бе?» – деген ол, біраздан бері қолынан тастамай жүрген дәптерін ашып қойып, заулатып өлеңін оқи жөнелсін. Әкем-ау, қарғадай баламның өлеңдерінің өткірлігі сонша, көкірегіңді қарс айырардай. Ағыл-тегіл көздің жасына ерік бердік-ай, дерсің... Сөйтіп жүргенде, ауылға сырттан келген біреу, бір күні баламның қолына 15 сом ұстатыпты да, әлгі дәптерін алдап алып кетіпті. Әжесі екеуміз санымызды сабаладық та қалдық. «Балам-ау, мұның не?» – дейміз ғой баяғы. Сөйтсек, біздің жүдеу тірлігімізге қабырғасы қайысып, өзінше қол ұшын бергісі келгені екен ғой қарағымның. Ондай адамға кезігерін білсем, тығып қоймас па едім дәптерін!...» – деген еді Нағиман апа.
Демек, он жасар баланың өлең жаза бастауына, біріншіден, жүрегіндегі әкесіне деген мұңды сағынышы түрткі болса керек. Екінші, әрі ең басты себеп – Жаратушының берген айрықша таланты, ақындық қасиеті. Үшіншіден, ақындықтың ұшқыны әкесі мен шешесі жағынан да бар болатын. Нағиман апаның айтуынша, біртоға мінезді Сүлеймен әке сирек те болса көңілденген сәттерінде табан астынан суырып салғыш, демек қара өлеңге жүйрік болған екен. Шаршы топқа түспесе де, ондай өнерін жақын достарымен сөз қақтығыстырғанда шығаратын, деседі. Ал Нағиман апаның қара өлеңге жүйріктігіне өзіміз куә болғанбыз.
«ӨЗІҢ БЕРГЕН УЫЗДЫ ІЗДЕУДЕ ӘЛІ...»
Нағиман апа алғашқы кездескен кезде-ақ, ақын ұлының туған күніне қатысты да қызық бір деректерді айтқан еді.
– Мұқағалиым 1931 жылдың наурыз айының сегізінде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фәнидің есігін ашқаннан екі апта кейін «Наурыз тойы болады» деп күтіп отырғанбыз. Ал құжатта қалайша ақпанның тоғызы деп жазылғанын білмеймін.
Қазіргі Қарасаздан Киров колхозына бара жатқан жолдағы, нақтылап айтқанда Қарасу бойындағы ескі Қарасаз топырағына мұзбалақ ақынның кіндік қаны тамған екен.
– Мұқашымның кіндік шешесі Бизақ нағашысының үйіндегі Сара апасы, – деді Нағиман апа.
Нәрестеге ат қою ісіне де нағашы жұрты айтарлықтай атсалысса керек. Бизақ нағашысы:
– Тиын апаның тұңғыш немересінің атын Мұқаметқали деп қояйық. Бұл өзі – қасиетті есім. Пайғамбарымыздың есімі Мұхаммед және оның төрт шадиярының бірі, яғни төрт досының бірі – Әли батыр. Осы қос есімнен құралған ат тегін болмас. Оның үстіне, Жаркент аупарткомында имандылығымен, ерекше адамгершілігімен танылған осы аттас жас өкіл жігіт бар. Тым болмаса, немереңіз сондай игі азамат болсын! – деп ұсыныс тастаған екен. Кейін келе ақынның жеңгелері «айтуға оңай» деп, «Мұқағали» атандырып кеткен көрінеді.
Нағиман апаның айтуынша, тұңғыштарының «тегін бала еместігі» жайлы пікірді отағасы Сүлеймен де майданға аттанбай тұрып-ақ талай естісе керек. Алғашқы боп сондай пікірін білдірген Сүлекеңнің мұғалім досы Нұрмолда Исабаев көрінеді.
– Сүлеймен, айтпады деме, түбі осы балаңнан бірнәрсе шығады.
– Оны қайдан білдің?
– Балаңның көздері отты. Сәби де болса, өз ісіне тиянақты.
Ұстаз Исабаев солай деп қана қоймай, бала Мұқағали мен оның досы Әбдіке Асановты қолдарынан жетектеп, дайындық сыныбына апарып отырғызған екен. Қос баланың сабаққа деген ынтасы ерекше болған соң:
– Сендер бүгіннен бастап бірінші сыныптың оқушысы боласыңдар, – дейді қамқор ұстаз арада бірер ай өткенде.
Тұңғышының осындай айрықша қабілетіне сенгендіктен болар, Сүлекең сонау 41-ші жылдың боранды қысында «Өртең» сайының аузында қоштасып тұрып, Мұқағалиын бауырына басып:
– Інілеріңе қамқор боп жүр! – деген екен.
Әкесінің осы бір аманатын қолынан келгенінше оның орындауға тырысқанын інісі Көрпештің мына бір әңгімесінен де байқауға болады:
– Мұқағали ағам мені ерекше жақсы көрді. Одақтың қай бұрышында жүрмейін: «мен мынандай жерде тұрмын, қаржыдан қысылып қалдым» десем бітті, дереу телеграфпен ақша салатын, – деген еді ол. Жалпы, Мұқаң басқа да адамгершілік көмектерін қос бауырынан аямаған көрінеді.
Сонау сұм соғыс жылдары тұрмыстың тапшылығынан киетін аяқкиімдері болмай, мектептен қол үзіп қалған балалар әр үйден дерлік табылатын. Алайда, Мұқаң қу тірліктің сондай құқайларына төтеп бере жүріп, мектепті соңына дейін жоғары үлгеріммен аяқтап шыққан екен.
– Қарасаздағы жетіншіні тауысқаннан кейін қарағым оқуын «Социалистік Қазақстан» колхозы мен Нарынқолдың мектеп-интернатында жалғастырды, – деп еді ақынның анасы.
Ел іргесіне келген соғыс деген нәубетке халықпен бірге қарсы қайрат қылған Нағиман апа сиыр да сауып, қой да, бұзау да баққан. Үйдегі бүрсеңдеген бала-шағаны ойлап, отындыққа таудан қарағай да қиятын болған. «Үйіме дейін жеткізісіп жіберші» деп қолқа салатындай, ауылда ер-азамат шамалы. Бәрін сыпырып, майданға әкеткен. Содан не керек, Нағиман апа әлгі қиып алған бөренесін тау өзенімен жалдай ағызып, үйіне жеткізбек боп әлек-шәлегі шығады екен.
Ол аз дегендей, бір күні тау бөктерінде баққан қойын қайырыстап жүріп, ол кісі қар көшкініне де тап болған көрінеді.
– Өлем-ау, деп шошынбадым. «Балаларым үшін тірі қалдыра гөр» деп Құдайға жалбарындым. Қолымдағы қойшының таяғын көлденең ұстап үлгергенім абырой болған екен. Көшкінмен бірге сырғанай келіп, сай табанынан бір-ақ шықпасым бар емес пе! Содан көміп қалған қардан өзімді-өзім әзер дегенде аршып алып, тырбаңдап жатып, шықтым-ау, әйтеуір. Таяғым болмағанда, тереңге кетеді екем. Дереу қойларымды түгендеуге кірістім. Табылған аз ғана малды қары жұқалау деген жал-жалмен айдап келем. Жаратқанның қамқорлығымен, әрі өзімнің өлермендігіммен жанымның әзер қалғанын іштей түйсініп келемін. Бір кезде, бала жастан бергі тартқан азабым мен шеккен мехнаттарымның ойыма орала кетпесі бар емес пе?! Е-е-ей, өмір-ай, десеңші! Әкем Батаннан үш жасымда, анам Шынықыздан алты жасымда қалып, жетімдіктің мехнатын көп шектім. Ағайын арасы, ел іші деген алтын бесік, жақсы ғой! Бауырларым мені Сүлейменге үкілеп ұзатты. «Осы шаңырақтың босағасын аттап кіргеннен бастап, отағасы майданға аттанғанға дейінгі өмірім – бақытты күндерім екен ғой. Енді, міне, көргенім азап», деп айдалада көз жасыма ерік бердім-ай, кеп. Жаратқанға мұңымды шақтым. Көмек сұрадым. Бірақ қаншама қиналып, егілген күндерімде Алланың жазуына шәк келтіріп, жаңсақ сөздер айтқан емеспін. Өйткені, «ертеңгі күнмен бір жақсылық келер» деп сенетінмін. Шерімді сөйтіп бір тарқатып, табылған малдарымды алдыма сап, қыстауымызға қарай жақындай берсем, үй сыртында бір солдат жүр. «Мынау келген Сүлеймен емес пе екен?» деген үмітті ойдың қылаң бергені сол еді, жүрегімнің өрекпіп қоя бергені... Сөйтсем, ол майданнан жақында ғана оралған Жамиғат деген ауылдасымыз екен.
– Жеңеше, жолым түсіп, осылай қарай тау асып келе жатқан едім. Айдалада зарлаған сіздің үніңізді естідім. Көңілімнің босағаны сонша, жаныңызға жақын келіп, жұбатуға дәтім бармады. «Әйтеуір қойларын түгендесіп берсем, бар көмегім сол болар» дедім де, бөлініп кеткен малдарыңызды жинастырып, қыстауға қарай айдап жүре бердім. Бірақ бәрібір зарыңыз құлағымнан кетпеді. «Орнында бар оңалар» деген, әлі-ақ жетіліп кетесіздер. Отағасының хабарсыз кеткенін, балалардың жастығын, ең болмаса, Мұқағалиыңыздың буыны бекімей жатқанын айтып, жыладыңыз. «Ұл туғанға – күн туады» деген, енді бірер жылда Мұқашыңыздан көрерсіз жақсылықты. Туыс інімді интернатқа іздеп барған едім. Сонда балаңызды да көрдім. Оған да сәлем-сауқатымнан азды-көпті беріп кеттім. Көздері отты екен. Болайын деп тұрған бала ғой, сірә. Сабыр етіңіз, жеңеше. «Көппен көрген ұлы той!» Бұл соғыс зардабы да бітер әлі-ақ. Шеккен қиындық көрген түстей болмас. Осы балаларыңыз аман тұрса, әлі талай жақсылыққа кенелерсіз», депті әлгі Жамиғат деген жауынгер әл-дәрмені құрыған әйелге. Сол сөз расқа шықты, – дейді ақынның анасы сол кездегі өз тірлігіне ризалық танытып.
«...АҚ КИМЕШЕК КӨРІНСЕ, СЕНІ КӨРЕМ...»
Анасының айтуынша, Мұқағали мектепті 1948 жылы бітірген екен. Қолы жеткен басқалардың балалары «оқуға түсеміз» деп Алматыға ағылып жатты. Ал қос анасы мен бауырларының жүдеу тұрмыстарына қабырғасы қайысқан бозбала Мақатаев ауылда қалып, еңбекке араласқысы келді. Оқиғаның дәл осы тұсын Мұқаңның «Әже» әңгімесіндегі өз жазғандары арқылы дәйектей кетсек.
« – Қой, сен де қайдағыны айтады екенсің! Ақылға салмай, құр далбақтап, басқалармен қосыла шапқан да қуаныш па саған? Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Оқуға ұмтылғанның бәрі ақылды дегенді кім айтып жүр? Жоқ ақылын оқумен толтырамыз деп жүргендер де толып жатыр. Өмірді көру, маңдай теріңмен тамағыңды асырау – ол да оқу. Еркек боп өзі солай ойлаған екен, оған біз екеуміз неге қарсы боламыз? Әуелі жұмыс істеп көрсін. Сонан соң оқысын. Еркекті бетінен қақпа!» Бұл – Тиын әженің келініне айтқан басуы. («Қош махаббат» атты прозалық жинағынан үзінді).
Тиын әже осылай деп мәселенің түйінді шешімін айтқаннан кейін келіндік ибалығын сақтап, Нағиман апа үнсіз келісіпті. Ақын анасының әңгімесіне қарағанда, Тиын әже екеуі бір-біріне ене мен келіннен гөрі ана мен қыздай болған көрінеді.
– Сүлейменнің барында, колхоздың қара жұмысына араласпай, «Ақбілек» атанған басым, соғыс жылдары қай жұмыс кез келсе, соны атқарып жүре бердім ғой. Енем Тиынға қызындай еркелеп шапқылай берсем керек, сауыншы боп барған күні желіндері тырсиған-тырсиған он сиырдан бес-ақ литр сүт сауып, күлкіге қалғаным бар. Аз күннің ішінде сиырдың желініне таскенеше жабысып, қақтап сауып алатын дәрежеге жеткенмін, – деп ақын анасы риясыз бір күліп алған еді.
Бірін-бірі бүкпесіз көңілмен құрметтеген енелі-келін осынау Мақатай қарттың соңында қалған қарашаңырақтың түтінінің түзу шығуына мейлінше бар пейілдерін салатын. Жайшылықта еркектердің үлесіне тиетін түздегі жұмыстарды келіні жапыра істесе, үйдегі берекені Тиын әже келтіріп отырған екен. Сұм соғыстың кесірінен, сөз жоқ, адамдар қиындықта өмір сүрді. Алайда, олардың бір-біріне деген бауырмашылықтары, жақсы күндерге деген сенімдері талай қиындықтың «тұмсығын» кері қайырып тастаса керек.
Қазекемнің табиғатындағы жазылмаған заңдылық бойынша тұңғыш бала ата-әжесінің бауырында өседі. Бала Мұқағали да «әжесінің баласы» болу бақытына еш талассыз ие болған екен.
– Мұқағалиым әжесінің баласы екенін арқаланып, мені «Нақа» деуші еді. Онысына қуанбасам, ренжімейтінмін. Ішімнен жақсы-ақ көріп тұрамын. Бірақ апамды сыйлайтыным сондай, аналық сезімімді балама да көрсете бермейтінмін. Әжесінің баласы тұрмақ, басқа екі кішкентайымды да апамнан бөлектемейтінмін. Олардың тағдырына байланысты әжеміздің тоқтаған шешімі заң болатын. Мысалы, Жолшы деген бауырымыз майданнан жаралы қайтты да: «Ер-тоқымым далаға шықпай қалмаса екен!» – деп апам екеумізге қолқа салды.
– Нағиман, қой, болмас! Сүлейменімнің соңынан ерген бауыры ғой. Қолқа салған екен, қабыл алайық. Тоқтарбайды оған еншілес етіп берелік, – деді. Қарсы келмедім. Алла алдындағы сауапшылықты ойладым. Айтқандай-ақ, Жолшы қайным көп кешікпестен Бүбіхан деген қызға үйленіп, үбірлі-шүбірлі болды. Тоқтарбайымды «ақжолтай» атандырып, өзімізге қайтып берді. Бұл пәшестермен соғыс жылдары болған оқиға.
Нағиман апаның ақжарқын келін болғанын дәлелдейтін жайттар жетерлік-ақ. Бір жолы қызық бір оқиға болыпты. Отағасы Сүлеймен өрімші құрдастарының біріне қамшы жасатып әкеледі. Жайшылықта әзілге жоқ кісінің қалжыңдағысы келсе керек:
– Мына жаңа қамшының өтімі қандай екен өзі, көрейінші, – дейді де, қаннен-қаперсіз жүн түтіп отырған Нағиман апаның жон арқасын сипай қамшылап, бір салып өтеді. Аса қатты болмаса да, ол кісі денесіне оқыстан тиген қамшыны ауырсынып қалса керек. Сол-сол-ақ екен, манадан бері жайбарақат тұрған әжесінің баласы үнсіз келіп, әкесінің қолындағы әлгі қамшыны жұлып алып, сабынан қақ бөліп, былай лақтырып тастайды. Сонда Сүлекең өзіне тән кең мінезіне салып:
– Шыққан жеріңді біледі екенсің! – деп күлімсіреп қоя салған көрінеді.
Осы әңгімені айтқан тұста Нағиман апа ерекше жадырай түсіп, мәз боп, біраз күліп алғаны да есте.
– Өтірік айтып қайтейін, баламның маған бүйрегі бұрғанына әжептәуір боп қалдым. Әйткенмен, артынша әжесі есіме түсіп, бойымды тез жиып ала қойдым. «Ұяттағы-ай, Мұқаштың әлгі қылығын апам біліп қоймаса екен!» – деп тыпыршимын кеп.
Нағиман апа осы әңгімені айтқан тұста, сол оқиға дәл сол мезетте көз алдынан өтіп жатқандай-ақ, ойлана күлімсіреп отырды. Бағамдап қарасам, ол кісі өткен өмірінің небір қиын сәттері жайлы баяндағанның өзінде керемет сабырлылық пен асқан шүкіршілік танытқан екен-ау!
– Әжесін де, өзін де жанымдай жақсы көріп, сыйлағандықтан қолымдағы бар жақсымды сол кісілердің үстіне жапсыруға пейіл едім. Соғыс жылдары тұрмыстың таршылығы едәуір титықтатып жіберді бізді. Қой бағып жүріп, ат үстінде қолым бір тынбаушы еді. Енем иіріп берген жүннен екі кішкентайыма, өзіме арнап киімдер тоқимын. Бірақ әжесі мен Мұқашыма ондай тоқыма қапты кигізбедім. Соғыстың алдында ғана тіккен көрпелерім бар еді. Соларды сөгіп жіберіп, сейсебінен екеуіне көйлек тігіп бере қойдым. Солардың сыртынан ғана әлгі жүн шекпендерді кигізуші ем.
«БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЖАРБИЫП ЖҮРЕТҰҒЫН, ӨГІЗ ЖЕККЕН СОҚАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА...»
Оқушы Мұқағали жауапкершілік деген ұлы ұғымның салмағын бала жастан түйсініп, өзіне тапсырылған істі қолынан келгенінше тиянақты атқаруға ұмтылып өскен екен. Жұмысшы қолы жетіспегендіктен, колхоз басшылары ересектеу балаларды мектептен сұрап алып, шөпшілерге су тасу, қырман бастыру, тағы сол сияқты басқа да жұмыстарға салатын.
Бір жылы Қарасазға қара шегіртке қаптады дерсіз. Онсыз да ілдалаумен әрең қылтия көрінген жас егінге, аспаннан қаптаған «қара түнек» қырғидай кеп тиді. Тағы сол Мұқағали бастаған жасөспірімдерге қолқа салынды. Нағиман апаның «Мұқағали бастаған» дегендегі айтпағы: оның мектептестері алдындағы беделі едәуір болыпты. Достыққа берік ақжарқындығымен қатар, пасық мінез атаулыға төзбейтін адалдығы да оның айналасына достарын топтастыра түсетін көрінеді. Тиын әжесіне тартқан қайратты мінезі тағы бар. «Бала Мұқағали құрдастары алдындағы беделін тек жақсы істерге пайдалануға тырысатын» деседі. Шегірткемен күреске де ол осындай «қалың қолын» бастап барыпты. Балалар дамылсыз еңбектеніп, тезек жинап, түтін түтетіп, егістіктен шегірткені үркітіп, жас егінді барынша қорғапты. Өйткені, бүгінгі егін ертең дастарқандарына келер азық екенін олар жақсы түсінген-тін. Болашақ ақын талай рет Құсайын атасына серіктесіп, жылқы да қайырған екен. Анасына қолқанат боп қой, бұзау бағысқаны өз алдына бір әңгіме. Одан қала берді Мөнтей әже, Бәтина апа сияқты әжесінің құрбыларының отын-суын тасысып, қолынан келген жақсылығын аямай-ақ жүрген көрінеді.
Оқушы Мақатаевтың осы мінездері оның кейінгі тұтас өмірінің дағдысына, ұстынына айналған десе болғандай. Оған мұзбалақ ақынның өз жырлары дәлел, ол жайлы жазылған сандаған естеліктер куә!
«ШЕШЕ, СЕН БАҚЫТТЫСЫҢ!»
– Әжесі дүниеден өткеннен кейін Мұқашымның көңілі құлазып, бұрынғысынан да ойлы қалыпта жүрді. Мені «шеше» деп бірден мойындап кетудің оңай еместігін ішім сезеді, әрине. Тықақтамай, жайына қойдым. Бір күні аз-кем ойланып отырды да: «Сендей сары бәйбішенің маған дап-дайын шеше болғанын қарасаңшы!» – деді құлыным көтеріңкі әрі қуақы үнмен. «Е-е, болса несі бар, шешеңмін ғой!» деуге де шамам келмей, не айтарымды білмей мен де тек күле беріппін. Содан былай балам әзілдескісі келгенде «Нақа» деп, ал жайшылықта «шеше» деп жүрді.
Бір күні Мұқаң табалдырықтан аттар-аттамастан:
– Шеше, мен күйеуіңді тауып келдім! – дейді арсалаңдап.
– Мынау не дейт?! – деп үміт аралас шошына сауал тастаған анасына істің мән-жайын түсіндіре бастайды.
Мүмкін ауылдық кеңесте хатшылық қызметте жүргенінде жазды ма екен, әлде басқа жағдайда..., әйтеуір, Мұқаң әкесі Сүлейменнің қай майданда соғысып, сүйегі қайда қалғаны туралы одақ көлеміне іздестіру хат жолдаған ғой. Сол деректерді тауып кеп тұрған беті екен. Ерін жоқтап егілген анасын тағы да сол өзіне тән жайдары да, кей сәттері Нағиман апаға тартқан қуақы мінезімен жадыратып алса керек.
Ұлының ешкімге ұқсамас, небір дара қылықтарын еске ала отырып, Нағиман апа тағы бір үлкен сырдың бетін ашқандай болды.
– «Шеше, аман болсам, сені әлі Мекке, Мединеге апарып қайтам. Алай-бұлай боп кетсең, сол қасиетті мекенге жерлеймін. Қасиетті сапарға төтеп берсең, қайтып әкеп, өз ортаңда «Қажы апа» атандырам», – деді бір жолы қарағым. «Ә-ә-ә, ниетіңе жет, балам!» – дедім де қойдым. Сөйтсем, баламның маған жасамақ болған жақсылығының ең үлкені сол екен ғой! Онысын өлеңдерімен таныса отырып, кейін білдім.
Айтса, айтқандай! Ана үшін бұдан артық сый болар ма! Жаратушының биік өлшемдері бойынша, кез-келген нәрсе ниетке тікелей байланысты екен. Қалта жұқалығының немесе басқа да жетіспеушіліктер кесірінен ол мақсатын орындай алмаса да, пенде шіркін бар ниетімен, ынты-шынтысын салып, Алла риза боларлық істерге бар жүрегімен ұмтылса, аса Қамқор Иеміз адал құлының әлгі ниетін орындалдыға балап, қабыл етуі бек мүмкін көрінеді. Жаратушы үшін ешбір сыр құпия, ал «жүзеге асырам» десе ешқандай іс қиын емес қой! «Иншалла, Мұқағали перзенттің осы бір мүбәрак ниеті қабыл болып, Ақиық ақын анасы екеуі жұмақтың төрінде жүрсе ғой, шіркін!» деген тілек көкейімізде күмбірлеп тұр. Еске алар болсақ, атеистік Кеңес өкіметі тұсында анасына айрықша құрмет көрсеткісі келгендердің аузынан мұндай арманның естілуі екіталай еді ғой!
«Бәрі рас айтқанының Ақ Алланың,
Құм менен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен, мұсылманмын!
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның...», – деп Мұқағали ақынның өзі жырлағандай, ол мынау фәни дүниеде шындыққа шөлдеп, Ақиқатқа ұмтылып өтті. Ал Ақиқат дегеніңіз – Алланың тоқсан тоғыз атының бірі. Мұзбалақ ақын осынау жарық жалғанда «тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – деп нали тұра Жаратушыға деген іңкәрлігін сақтай білді. Оған тағыда сол жырлары – куә! Нағиман апа бір сөзінде:
– ...Баламның бойында, біз түсіне бермейтін, әйтеуір, белгісіз бір нәрсеге сенген, ешкімге де, ешнәрсеге де тәуелсіз, еркін бір мінез бар еді. Сондықтан ба, әйтеуір, шен-шекпенділерге бас ұра бермейтін. Бірақ өзінен кішілерге ерекше мейірімді еді, – дей келіп, ақын өмірінің соңғы сәттеріне қатысты әңгіме өрбіткені бар.
– Соңғы жылдары ауруы жанына батыңқырап, балам қатты жүдеп жүрді. Ауруханада емделіп біраз жатты да. Ұмытпасам, 1974 жылы қазанның 14-де ауруханадан қашып келді. «Балам-ау, мұның қалай?» дегенімде: «Тіктеп келген ажалды көріп алармын. Құрысын, пышаққа ілінгім келмейді», деді жайбарақат. Сол жолы жаңа жылда Тоқтарбай бәріміз бірге болған едік. Жаңа жылды Мұқағалиым сүтпен қарсы алды. «Келер жылымыз осындай ақ болсыншы!» – деді өзгеше бір шамырқанысты үнмен. Мынау қу тірлік, ащы өмірдің уытынан шаршаған, қалжыраған баламның сол бір қылығы жүрек түкпіріндегі бір сәулелі үмітінің белгісі екен ғой. «Ел сияқты өмір қызығына меймілдеп жүрудің орнына менің осы балам неге сонша қапалы, көңілі неге ашқұрсақ?» деген ойлардан дөңбекшіп, таңнан таңға көз ілмес едім. Мұқағалиымның мінезі табиғатынан ақжарқын, көпшіл әрі сенгіш еді ғой... – деген еді ол.
«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жақсы жыр жазсам, халқым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда, өлеңді ешкім!»
Нағиман апаның бізге айтқан әңгімелері де мұзбалақ ақынның осы ойларына саюшы еді.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.
________________________
Суреттерде: Мұқағалидың анасы; Нағиман ананың кесенесі.