Ұстаз бен шәкірт! Екеуара 34 жыл бойы хат жазысыпты... Нәтижесінде, шәкіртінің «Махаббат жыршысы» атты эпистолярлық хикаяты оқырмандарының ықыласына бөленді. Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың іні-досы Қайсар Әлім, міне, бүгінде 70 жастың белесіне көтеріліп отыр.
«Егеменнің» ардагер еңбекторысын редакция ұжымы атынан бүгінгі мерейлі жасымен құттықтай отырып, Әзағаңның қаламгер іні-досы Қайсар туралы ғибратты сөздерінің бір парасын оқырманға ұсынып отырмыз. Сонымен...
«Жүрек жылуы» атты очеркіңізді «Қазақстан мұғалімі» газетіне ұсындым. Газет очеркін жазып, республикалық газеттерде жариялату сізге таңсық дүние емес сияқты. Сол себепті мына очеркіңізді қайта жазу үшін өзіңізге жіберіп отырмын. Осы жазғанымның көркемдік дәрежесіне көтерілді-ау деген ең соңғы нұсқасын маған қайтадан жіберерсіз.
Сіздің жай журналист емес, журналист-жазушы болуыңызға шын жүректен тілектеспін (24.06.1975).
* * *
Енді, міне, сізден бесінші кітап алып («Сұлтанбек пен Бәтиманы» айтамын) және журналистер туралы болашақ кітаптың үзінділерін оқып, қатты қуанып отырмын. Шәкіртің («Сіздің шәкіртіңізбін» деп 1978 жылы Өзіңіз жазыпсыз) салиқалы азамат болып, халыққа рухани азық ұсынып жатса – қалай қуанбасқа?!
* * *
Сіздің кезінде күнделік жазып жүргеніңіз қандай жақсы болған. Соның нәтижесінде, ертеңінде ұмыт боп кететін көп жайлар қаламыңызға олжа боп ілініп, кітабыңыздың шыншылдық сипатын шырқата жарқыратып тұр.
* * *
Кеше Президент аппаратынан Серік Қасқабасов деген жігіт телефон соқты. «Сізге деген бір пакет бар еді, алып кете аласыз ба?» – деді. «Қайдан? Кімнен?» «Торғайдан. Қайсар Әлім деген азаматтан. Білесіз бе?» «Білгенде қандай? Бірақ ол азаматтың Президент аппаратының жігіттерін жұмсайтын мінезі жоқ сияқты еді, соған таңданып жатырмын». «Біздің адамдардың бірі сол жаққа жолаушылап келген еді. Беріп жіберіпті». «Онда жөн». Сонымен пакетіңізді алдырып, хатыңызды оқыдым. Інілік ілтипатпен ғана емес, шынайы сүйіспеншілікпен жолдаған жылы лебізді сөздеріңізге шын жүректен рахмет, Қайсар (19.07.1995).
* * *
Сізден көптен бері хат алған жоқ едім. Халима жеңешеңнің қайтыс болуына байланысты көңіл айтып жазған хатыңызды алып, әрі қуандым, әрі қайғырдым. Қуанатыным – сіздің өзіңіздің және үй іші, отбасыңыздың амандығы. Қайғырғаным: Халима сияқты кішкентай жеңгеңізге биік баға беріп, оның мен үшін аса қымбат асыл қасиеттерін есіме түсірдіңіз. Көңілім босап, көзіме жас та келді. Мың рахмет, қалқам (20.09.2001)!
* * *
Сіздің 14 қазанда (2002) маған жолдаған көлемді хатыңызды алдым. Ауруханада жатып оқып, жан тебірентер хатыңыздан күшті қуат алдым. Мен туралы шығармашылық ниетіңізге шексіз ризамын. Сұраған мәліметтеріңіздің бәрін жіберемін. Ауруханадан есеңгіреп шықтым.
Сіз сияқты қамқор інім барына қабағат қуаныштымын, ардақты інім. Менің өмір жолым ешкімге керексіз шығар деп ойлаушы едім. Сіздің хатыңыздан кейін менің де бастан кешкендерім біреу болмаса, біреуге керек екен-ау деп үміттеніп қалдым (08.11.2002).
* * *
Сіздің өткен жылы 14 қазанда жазған тамаша хатыңызды алғаныма үш айдан асып барады екен. Содан бері жауап жібере алмай жатқаныма кешірім сұраймын. Әртүрлі себептер болды. Ең басты себеп – жалғызіліктілігім. Бұрын, Халима жеңешең барда маған келген бір хат жауапсыз қалмайтын еді. Ол кісіден айырылғаннан кейін бір емес, екі қолынан айырылған мүгедек, жарымжан (адам) сияқты болып қалдым... Хатыңызды кеше екінші рет оқып шықтым. Тағы да тебірендім. Сұрақтарыңызға жүйелі жауап беру үшін бірнеше күн отыруым керек екен (05.02.2003).
* * *
Ең алдымен, «Міржақыптың оралуы» кітабыңыздың баспадан шығуымен құттықтаймын. Сүйсіне қарап шықтым. Ойлап қарасам, сіздің бұл кітапты жазу үшін сонау Карелия елінің Сосновец станциясына баруыңыз ерен ерлік екен. Рухани ерлік. Нағыз ұлтжанды адамның ғана қолынан келетін ерлік. Өздерін ұлтжандымыз деп атайтындар көп. Бірақ, солардың көбі мұндай ерлікке бара алмас еді. Бұл сапар сіздің жаныңыздың таза, жүрегіңіздің жомарт екенін көрсетеді. Сол ерлік сапарыңыздың мынадай тамаша кітапқа айналғанына қуаныштымын (02.04.2003).
* * *
Бұл кітаптың тууына әрі сәтті шығуына, оқиғаларының айы, күні, сағатына дейін дәл көрсетілуіне не себеп болған? Күнделік! Автордың өмір бойы мұқият жазып келе жатқан күнделігі... Көп жұрт ескермейтін, елемейтін ерлік. Осы ерлігің үшін мың рахмет, Қайсар інім сізге!
* * *
Сіздің 23 қарашада және 10 желтоқсанда жазған хаттарыңызды алдым. «Жанығу» кітабыңызды Өзіңіздей көріп, құшақтап, кеудеме қыстым. «Тентек махаббат» эссеңіздегі Кәлима деген атқа көзім түсіп (менің Халимама ұқсас есім болғандықтан), бас алмастан («Халиманы» оқыған Президент сияқты) оқып та алдым. Оқыдым да, ішінде Кеңшілік пен Серік сияқты жақсы інілерім жүргеніне қуандым. Кәлима мен Мырзағұлдың қосыла алмай кеткендеріне өкіндім, әрине.
* * *
«Қысыла-қысыла қыз болдым» дегендей, сізден ұяла-ұяла отырып бүгін (30.12.2003 ж.) осы хатты жазуға кірістім. Сіздің алғашқы үш сұрағыңызға мен биылғы 18 тамызда жауап жіберген екенмін. Енді осы хатты аяқтағаннан кейін қалған 9 сұрағыңызға жауап жазуға кірісемін.
* * *
Енді мен Халиманы түсімде ғана көремін. Анда-санда видео-кассетадан оның тірі қалпын көріп, өзегім өртенеді. Халима тәнін өзімен бірге алып, жанын менің жүрегіме салып кеткен сияқтанады.
Дүние деген осы, Қайсар қалқам. Жан-жарыңнан айырылғанда елсіз-күнсіз жапан далада жаяу жалғыз қалған сорлы жолаушыға ұқсайды екенсің!
* * *
Мен сізден хат алған сайын қуанамын. Қуанамын да, әр хатыңызға қолма-қол жауап бере алмай жатқаныма қатты қиналамын. Кеше ғана сіздің 13 қаңтарда жолдаған пакетіңіз келді. Ішінде «Етжеңді» Егеменнің» 2002 жылғы жинағы және өз қолыңызбен жазған 3 бет хат бар екен... Сіздің сұрақтарыңызға анкеталық жауап қайтарып жібере салмай, толық болсын деп тырысып жатырмын.
* * *
Хатыңызды кеше алдым. Бүгін жауап жазып отырмын. Алдымен айтарым. Сіздің сауалнамаңыз бойынша менің азын-аулақ әдеби еңбегімді аса жоғары бағалап, сізге пікір жіберген Нұрбол Дәулеткереев бауырыма алғыс айтамын. Ол кісінің отбасының аман-сау, бақытты болуларына шын жүректен тілектеспін.
* * *
Қазақ жазушыларының ішінде бір-бірімен Қайсар екеумізден басқа ұзақ хат жазысқан ешкім жоқ... Көлемі – 33 баспа табақ. «Фолиант» баспасы жариялады. Сол баспа Қайсардың 8 томдығын және жарыққа шығарды.
Мен Қайсардың кітаптарының бәрін де сүйсініп оқимын. Қазір оның 7-томына кірген күнделіктерін оқып жатырмын. Өте қызық. Романдай оқылады. Қайсарға жаңа телефон арқылы соны айттым. «Саған да, сенің кітаптарыңды жарыққа шығарып жатқан «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековке де мың рахмет», – дедім.
* * *
Газет қамытынан босамай жүріп, осыншама ауқымды іс тындыру қандай ғанибет! Оның үстіне мен Қайсардың алдағы шығармашылық жоспары жөнінен бір ауыз сөз айта алмай отырмын ғой... Қазір мақала көлемі көтермегенімен, кейін уақыт ол жөнінде өз төрелігін айтар деп үміттенемін. Сол көңілге медет.
Уақыт сынаптай сырғиды екен! Сөз қалады екен! Сыйластық жүректі жылыта береді! Соның куәсі болдық... Мерейтой құтты болсын, қадірлі Қайсеке! 27 кітаптың авторысыз. Бұдан басқа 8 томдық шығармалар жинағыңыз ел игілігіне жарады. Бұл жолы тілге оралмаған «Сейілмейтін мұң», «Алашшыл жүрек», «Мәңгілік шер», «Сыздамашы, жүрегім!», «Мекке, Мәдинам менің!», «Кәусар», т.б. кітаптарыңыздың қазақ әдебиетіне мол рухани олжа салғаны тиянақты айтылып жүр. Айтулы белесіңіз осындай жемісімен оқырмандар есінде қалады...
Әзірге Әзағаңның пікір, лебіздері түгел қамтылған жоқ. Үш томдық «Өмір өрнектерінде» іні-досы туралы ойлары қаншама десеңізші... Ауызша айтқандары өз алдына...
Дайындаған
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
филология ғылымдарының кандидаты
АСТАНА