Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына – 25 жыл
Қаңтардың 10-ы күні еліміздің Ұлттық ұланының құрылғанына 25 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай құқықтық тәртіп әскерінің даңқты жауынгерлік жолы, өткені мен бүгіні жайлы Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВПЕН әңгімелескен едік. – Руслан Фатихұлы, алдымен өзіңізді және барша Ұлттық ұлан сапында қызмет атқаратын ел азаматтарын төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Жақында ғана Отанымыздың ұлық мерекесі –Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өттік. Іле-шала Ұлттық ұланның да құрылғанына ширек ғасыр болып отыр. Егемен мемлекет ретінде ең алғаш күш-қуат құрылымы болып бұрынғы Ішкі әскеріміздің, бүгінгі Ұлттық ұланның құрылуында қандай да бір сәйкестік бар ма? – Ізгі тілегіңізге рахмет. Бұл жағынан келгенде әуелі мына мәселелерді тарқатып алған дұрыс деп ойлаймын. Ең алдымен тоқталарым, ол тыныштық, татулық, бірлік. Осы құндылықтар болған жерде ғана мемлекет мемлекет болып қалыптаса алады. Егер осы бақ бастан тайды екен, онда барлық ой-жоспар, даму, өрлеу, ең аяғы халық үшін тыныш ұйқы да болмасы анық. Елбасы сөзімен айтсақ, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамудың кепілі. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көреген саясатымен осы мәселелерге баса назар аударды және әрдайым аударып келеді. Елбасы азаттық алғаннан кейін елдің ішкі тыныштығына, құқықтық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күн өткен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрды. Көрдіңіз бе, бұл сәйкестік емес, көрегенді, келешек үшін жасалған елдіктің алғашқы шешімдерінің бірі болды. – Әскердің тәуелсіздік жылдарындағы асу белестері, қалыптасуы, дамуы, жетілуі жайлы не айтасыз? – Әрине, жаңа мемлекет болып қалыптасу, барлығын жаңадан бастау оңай дүние емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қай сала болса да қиыншылық құрсауында қалғаны әлі есте. Елге адал қызмет етіп, Отан қорғауды ең қастерлі қызмет санаған азаматтарымыз қиыншылықтарға шыдамдылық пен төзімділік танытты. Олардың күнделікті қызметтік іс-әрекеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық ғимараттар бұзылмастан сол қалпында сақталды. Техникаларымыз бен қару-жарақтарымыз да талан-таражға түскен жоқ. Ең бастысы, сарбаздарымыздың басы аман, бауыры бүтін болды. Мемлекет тарапынан бізге ең алдымен бұрынғы Кеңес Одағынан қалған Өскемен, Курчатов және Степногор қалаларындағы стратегиялық аса маңызды объектілерді күзету тапсырылды. Мұнан өзге көптеген түзеу мекемелері мен ел үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Сол кезде еліміздің әр түкпіріндегі әскери бөлімдерде кәсіби мамандықтарын терең меңгерген әскери қызметшілер көптеп қызмет атқарды. Одақ ыдыраған бойда, олардың басым көпшілігі өздерінің тарихи атамекендеріне қарай ат басын бұрды. Тіпті, осы күрделі мәселені де оңынан шеше білдік. Жоғары білімді запастағы офицерлерді шақырып, ішкі әскер саласына мамандандырып, білімін жетілдірдік. Олардың барлығы дерлік бүгіндері Ұлттық ұланның сапында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысып жүр. Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлердің жоғары әскери училищесін Ішкі әскерлердің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери өмірмен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдадық. Ел мен жердің бүтіндігін ойлаған әріптестерім сол кездердегі қиыншылықтарға босаңдық танытқан жоқ, керісінше, мемлекетіміздің тәуелсіз ел атанғанына шынайы қуанғандарына талай рет куә болдым. Президент пен Үкімет тарапынан Ішкі әскерлерді жан-жақты дамыту мен жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді. Міне, осылайша сындарлы сәттерден сүрінбей өттік. – Үстіміздегі жыл – еліміз үшін үлкен жетістіктерге, халықаралық ауқымдағы іс-шараларға толы жыл. Ол әрине, санаулы күндерден кейін Алматыда басталатын қысқы Универсиада және үш ай бойы елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Мұндай ауқымдағы шараларды өткізуде әрине алдымен көңіл бөлінетін жайттың бірден-бірі – қауіпсіздік. Енді мәселенің осы жағына тоқталсаңыз. – Бұл ауқымды шаралар әлемдік аренада еліміздің беделін одан әрі көтеруге қызмет ететін болады. Жалпы, еліміз мұндай ірі шаралар өткізуде біршама тәжірибе жинақтап үлгерді. Олардың қатарында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасыларының съездері, 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммиті, 2011 жылғы Азия ойындарын атасақ та болады. Қауіпсіздікті қадағалау жағынан келгенде, жергілікті жерлердегі құрылымдық бөлімшелеріміздің міндеттері нақты айқындалған, мамандарымыз жіті дайындықтан өткен. Бірер аптадан соң Алматыда шымылдығын ашатын 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде құқықтық тәртіпті қырағы қамтамасыз ету үшін Алматы гарнизоны жеке құрамынан 1200-ден аса әскери қызметші жұмылдырылатын болады. Ал елорда төрінде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі уағында қауіпсіздік шараларын қатаң бақылау үшін 2014 жылы Астана іргесінен Ұлттық ұланның жедел бригадасы үшін арнайы әскери қалашық салынып пайдалануға берілген болатын. Өз кезегінде бұл бригада жеке құрамының әлеуеті халықаралық шара кезінде тәртіпті қырағы күзетуге толықтай жетеді. Көрме кезінде 1,5 мыңнан астам жауынгеріміз қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін болады. Айта кетерім, осы қалашықты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашып, жеке құрамға Жауынгерлік туды өз қолымен табыс ете тұрып: «…Сіздерге еліміздің тату-тәтті тыныштығын қырағы күзету, біздің заңдарымызды бұзушылармен, жалпы қылмыс атаулымен ымырасыз күресу сынды аса жауапты міндеттер жүктеледі. Қажет етіліп жатса, Қарулы Күштерімізбен бір қатарда туған еліміз бен тәу етер Тәуелсіздігімізді айбынды қорғай білулеріңіз қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Жауынгерлеріміз өз кезегінде осы сенімге сай жауапкершілік жүгін жете сезініп, міндеттерін абыройлы атқарып келеді. – Әскердің жауынгерлік қызметіне қысқаша тоқтала кетсеңіз. – Жалпы алғанда, Ұлттық ұланның құрылымдық бөлімдері еліміздің ірі 19 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Яғни, ел аумағындағы барлық үлкен қалаларда бөлімшелеріміз бар. Патруль қызметіне күнделікті 5 мыңнан аса әскери қызметші жұмылдырылады. Әскер құрамы сондай-ақ тұрақты түрде жедел-профилактикалық шараларға, оның ішінде Каспий теңізі байлығын қорғауға арналған рейдтік шараларға қатысып келеді. Біздің жауынгерлеріміз бірнеше мәрте еліміздің әр өңірінде туындаған орман өрттерін сөндіруге атсалысты. Соңғы жылдары 12 мыңнан аса қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Нәтижелі жұмыстардың арқасында қала көшелеріндегі қылмыс деңгейі 38,9 пайызға азайып отыр. Сондай-ақ, әскери бөлімдеріміз бен ІІМ ҚАЖК түзеу мекемелерінің күзеті қамтамасыз етілген. Айдауылдау бөлімшелерімен сотталған және қамауға алынған адамдарды айдауылдау жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы және Әскери соттарының отырыстары қамтамасыз етіледі. Екінші мыңжылдықтың басында замана ұсынған жаңа қауіп-қатерлер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Әскери докторинасында Ішкі әскерлерге жаңа міндеттер жүктелді. Олар заңсыз қаруланған құрамаларға, аса қауіпті қылмыстар??ға, диверсия, террористік акт және қарулы қақтығыстарға қарсы күрес жүргізу болып табылады. Осыған орай әскердің жауынгерлік әлеуетін көтеруге бағытталған шаралар қабылданып, ұйымдастырушылық-штаттық құрылым жетілдірілді. 1999 жылы әскерімізде арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесі құрылды. Арнайы мақсаттағы бөлімшенің басты мақсаты – терроризм және экстремизммен күресу, мемлекет мүддесіне, азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп-қатер төндіретін құқық бұзушылыққа қарсы жедел әрекет ету. Қазіргі таңда барлау-жауынгерлік міндеттерді атқару үшін еліміздің барлық өңірінде арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасағының жеке отрядтары мен топтары құралған. 2009 жылдан бастап әскер құрамы жаңа бронды техникамен қамтамасыз етіле бастады. Олардың қатарында «Тигр» арнайы полиция машинасын, көп мақсаттағы бронды «Федерал» және «Урал ВВ» автомобильөдерін айтуға болады. 2011 жылдан бері әскер құрамы «СемАЗ» АҚ зауытында жасап шығарылған «Урал» автомобиль техникасымен жабдықтала бастады. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың барлығы да отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытуға жол ашып, Елбасының еліміздің экономикасын дамытуға қатысты қойған тапсырмаларын тиімді жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Ал 2015 жылы Астана әуежайының аумағында Ұлттық ұлан авиация базасының құрылысы басталды. Бұл әуе күші төтенше жағдайлар уағында, жергілікті жерлерде басқа да міндеттерді атқару үшін еліміздің кез келген нүктесіне бөлімшелер мен техниканы жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік-маңызды нысандардың құрылыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында Қызылорда, Ембі, Тараз, Леңгір, Степной, Жаңғызтөбе және Жаңаөзен қалаларында орналасқан бөлімшелер үшін әскери қалашықтар бой көтерді. Мемлекет басшысының 2016 жылдың 10 маусымында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырысына сай Ұлттық ұланның имиджін арттыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп бекітілді. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»
•
10 Қаңтар, 2017
Қауіпсіздік қалқаны
758 рет
көрсетілді