Кімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды дейсіз? Мұндайда аттың басын емханаға қарай бұратыныңыз анық. Сол кезде алдыңыздан ұзын-сонар кезек шыға келеді. Осы сәтте біреулердің кимелеп алға шығып, дәрігердің қабылдауына кезегін сақтамай, кіріп кетуінен әртүрлі түсініспеушіліктер мен реніштер де туындап жатады. Кейінгі кезде Орал қаласындағы емханаларда мұндай көріністер азайып келеді. Яғни, аталған медициналық мекемелерге электронды кезек жүйесінің енгізілуі тұрғындар көңілін орнықтыра бастағандай.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған қанатқақты жобаның басты мақсаты – келеңсіз кезек пен қолайсыз жағдайларды болдырмау. Бұл жоба емделушілер ағымын реттеуге бағытталған. Жаңа тәртіп бойынша дәрігердің қабылдауына келушілер электронды жәшіктен түбіртек алады. Мұнда көрсетілген нөмір табло мен экранда жарқ ете қалған кезде, дәрігердің қабылдауына кіруге жол ашылды деп есептей беріңіз, деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.
Облыс орталығындағы емханаларда ең бірінші тіркеу және жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімдеріне электронды кезек арқылы кіру жолдары белгіленіпті. Содан соң жаңа жүйенің ауқымы мен легі біртіндеп көбейе бермек. Сонымен бірге, емделушілерге өркениетті медициналық қызмет көрсетудің мұндай өміршең үлгісі емханалардың бөлімшелерін де қамтымақ. Әрине, қатып қалған ештеңе жоқ. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының басы-қасында жүргендер қанатқақты жобаның тиімді және тиімсіз тұстарын таразыға тартып, соған сай әр емхананың ерекшелігі мен ыңғайына қарай электронды жәшіктер қоюды ойластырып отыр екен.
Ал тұтастай алғанда, емханаға қаралушылардың кезегін электронды түрде реттеудің артықшылығы мол екені талассыз. Бұған қазірдің өзінде тұрғындар да, жобаны іске асырушылар да көздерін айқын жеткізе бастаған секілді. Дегенмен, осы арада І және ІІ топтағы мүгедектер, аяғы ауыр аналар және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің дәрігердің қабылдауына кезексіз кіру құқы сақталып қалғанын да айта кеткен жөн.
Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі алға жылжу үстінде. Сондықтан да осы өмір көшінен қалып қоймау үшін өңірде емделушілерді кезекке смартфон арқылы қоюдың мобильді бағдарламасы да белгіленіпті. Бұл тәсіл қолданысқа электронды жәшіктің қызметі түбегейлі реттелген соң енгізілмек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретте: Электронды жәшіктен түбіртек алу