• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2017

«Алматы Арена»

1627 рет
көрсетілді

Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін XXVIII қысқы Универсиадаға арнап жаңадан салынған спорт нысандарының қатарында «Алматы Арена» көпфункциялы мұз сарайы да бар. Ол әлемдік деңгейдегі спорт кешені болып табылады. Алдағы студенттік спорт ойындарының ашылу және жабылу салтанаты осында өтеді. Бұдан бөлек, бұл сарайда Универсиада бағдарламасындағы мәнерлеп сырғанау, керлинг турнирлері өтеді. Спорт кешені белгіленген мер­зімнен 3 ай бұрын пайда­лануға берілді. Қазіргі таңда мұнда іске қосу, жөндеу жұ­мыс­­тары және оның айналасын көріктендіру жүргізілуде. Он­дағы қазақстандық қамту үлесі 60 пайызды құрайды. Кешеннің жобасын отандық мамандар жасады. Жобалаушы ретінде «Стройтекс» компаниясы» ЖШС іске қатысса, құрылысын «Базис-А» компаниясы жүргізді. Сәулетшілер кешеннің ғима­раты әдеттегі қолданыстағы ан­гар­лық типтегі спорт нысандары­на мүлдем ұқсамайтынын және қаланың, әсіресе, түнгі кезде ерекше әсем көріктендірушілердің бірі болып табылатынын атап көр­сетті. Сарайдың сәулеттік түп­кі ойы әйнек пен бетонда ерекше көрі­ніс тапқан және кереге, көк мұз, мұздағы өрнек­тер сияқты көркемдік бейне­лердің синхрондық үйлесімін бей­не­лейді. Ол мынадай мәндер­ге ие: «Кереге» – киіз үй конс­трук­­циясының бөлігі. Көшпен­ді­лер­дің түсінігі бойынша киіз үй төрткүл дүниенің шағын көрінісі болып табылады және халықтың әлемнің барлық құрылымына деген көзқарасын көрсетеді. «Мұз» – қатып қалған судың дина­микасы, рух беріктігі мен ниет­тер­дің мыз­ғы­мастығын білді­реді. «Мұз­да­ғы өрнектер» – спорт­шы­лар­дың конь­килерінен қалған іздер. Көр­кем­дік бейнелер бірыңғай мә­дени-эстетикалық композицияға тұта­сып, мұз аренасы ғимаратының ерекше сәулетін құрайды. «Алматы Арена» 3 блоктан тұрады. «А» блогы – 12 000 көрер­мен орындарына арналған әмбе­бап спорт­тық-көріністік мұз аренасы. «Б» блогы – дене шы­нық­тыру-сауық­тандыру кеше­ні бар жаттығу мұз айдыны. «В» блогы – жүзу бассейні. «Алматы Аренаның» құры­лысы 2 жылда аяқталып, рекорд­тық мерзімді көрсетті. «Алматы Арена» – сейсми­калық тұрақтылық жағынан 10 баллға есептелген бірегей құры­лым. Ғимараттың іргета­сы монолиттік, ешқандай дефор­мациялық жігі жоқ екендігі де осындай сипаттағы нысандар үшін бірегейлігін көрсетеді. Мұз сарайын жобалауға Қазақ сейсмикалық құрылыс ғылыми-зерттеу институтының мамандары белсенді атсалысып, көмек берді. Жобалау және жоспарлау кезінде «Айсберг» (Сочи), «Хартвалл арена» (Хельсинки), «Жаңа арена» (Краков) «О2» (Прага) сияқ­ты атақ­­ты заманауи спорттық ны­сан­­дар­­­дың құры­лысын салу мен пай­­­да­­­ла­ну­ға беру тәжірибелері қолданылды. Нысан ауқымды әлемдік спорт­­тық іс-шараларды барынша қо­лайлы өткізуге арналған, соның бірі 2017 жылғы қысқы Уни­вер­сиада болып табылады. «А» негізгі блогында жат­тық­тыру­шылар мен жарыс төрешілеріне арналған жеке аймақтар қарастырылған. Коман­­далар үшін барлық жағ­дайы жа­салған 14 киім ауысты­ратын бөлме бар. Допинг-бақылау сынамаларын тапсыру және сақтауға арналған арнайы бөлмелер бөлінген. Мәнерлеп сыр­ғанау қаты­су­шылары үшін грим­деу бөл­мелері қарастырылған. Мұз­­дың жоғары сапасын 4 жоғары өн­ді­рістік мұз тазалайтын көлік­ қам­тамасыз етеді. Универсиада әлемдік мас­ш­таб­­тағы оқиға болып табылады және жалпы саны 1 миллиард адам теле­көрерменді құрай­тын ондаған мемлекеттерде көрсетілетін болады. Сол себепті кешен журналис­тер жұмы­сына барынша ыңғай жа­сау­дың есебімен жобаланған. Мұз сарайының жанында жыл­жы­малы телевизиялық станса­лар­ға арналған арнайы алаң қарас­тырылған. Мұз аренасында журналистерге арнал­ған ложа, комментаторлық кабиналар, баспасөз орталығы және бір­неше микс-аймақтар бар. Аренаға кірген беттен-ақ көрер­мендер үшін барша жайлылық сезіледі. Ғимарат­тың солтүстік және шығыс жақ­тарында 2 аялда­ма­лық кешен бар. Көшелік және жерастылық тұрақтары да жет­кі­лікті. (546 көшедегі және 113 жерас­ты­лық көлік орын­дары, Б блогында 1 орын, оның іші­н­­де 60 орын халықтың қимылы шектеулі тобына арналған). Жеке 1 және 2 қабатқа кіру жолдары­ның пандустары көрермен легі­нің спорт­шылар, журналистер, төре­шілер және қызмет көрсе­ту­ші қызметкерлермен қиы­лыс­­пайтындай етіп жобаланған. Ғи­марат қоғамдық тамақтану орындарымен, вендинг-аппараттармен жабдықталған. Соның ішінде «Алматы Аренаның» қонақ­тарына қызмет көрсету үшін кешеннің үш қабатында А блогында 2 футкорт, 4 буфет және 2 кафе, Б блогында 1 кафе, 1 буфет орналасқан. Көрермен орындары сек­тор­ларға бөлінген. Олимпиялық отбасы деп аталатын, яғни Уни­вер­сиада қатысушыларының отбасы мүшелеріне арналған сектор, FISU және халықаралық спорт федерациялар басшы­лығы­ның  секторлары, сондай-ақ VIP-сектор бар. Арена осындай құрылысқа арналған ең жоғарғы стандарт бойынша жабдықталған. Әлемнің ең жақсы өндірушілері жасаған концерттік дыбыс пен концерттік жарық орнатылған. Қауіп­сіздік мәселелеріне аса мән берілген. Мұның бәрі көрер­мендер мен жарысқа қатысу­­шы­ларға спорттық іс-шаралар­дан ұмытылмас әсер алуға сенім сыйлайды. Спорт кешенінің басты ерек­­шелігі оның көп функ­цио­­нал­­дылығы болып табылады. Арена болашақта мұз үс­тін­дегі жарыстардан басқа да іс-шаралар өткізуге болатындай етіп жобаланған. Хоккей корты көптеген ойын және жеке спорт түрлеріне (волейбол, баскетбол, футзал, күрес, бокс т.б.) арналған алаңдарға өзгертіле алады. Ол үшін мұз бетінде спорт­тық жабынның арнайы технологиясы қарастырылған. Сонымен қатар, кешеннің тех­ни­калық жабдықталуы көрнек­ті концерттік-сауықтандыру іс-шара­ларын өткізуге мүмкіндік бер­еді. Кешеннің көз тартарлық ерек­шелігі – жүк көлігінің тіке­лей мұз айдынына кіре алу мүм­кіндігі. Осылайша концерттерді ұйымдастыру үшін орындаушылар өздерінің концерттік арнайы жабдықтарын ешқандай уақыт жоғалтпай және артық шығынсыз әкеліп, монтаждай алады. Мұз сарайын жобалаушы­лар­дың алдына қойған ең бас­ты міндеттерінің бірі – кешен­ді әрі қарай табысты пайда­лануға беру есебімен жасау еді. Кешен жыл сайын 600 000 келушілерді тартуға қабілетті. Ол бастапқы кезеңнен-ақ қалау­шылардың барлығына, соның ішінде жастарға дене шынық­тыруды дамыту және денсаулық мәдениетіне жақын болу мүм­кіндігін беруге есептелген. Кәсіби жаттығушылық үде­рісті жоғары деңгейде ұйым­дас­тыру және мұзда көпшілік сыр­ға­науды өткізу үшін кешен жыл сайынғы негізде көпшілік пай­далануға қолжетімді бола­тын жат­тығу айдынымен жаб­дық­талған. «Алматы Аренада» тек қана мұз ареналары ғана емес, сондай-ақ, заманауи фитнес орталығы да бар. Оған әртүрлі спорт түр­лерімен айналысуға арналған 7 кең зал және балалар мен ересектерге арналған екі бассейн кіреді. Алматы қаласының тұрғын­дары, балалы отбасылар, жастар міндетті түрде өзіне ұнайтын спорт түрін (конькиде сырғанау, хорео­графия, би, бокс, күрес, үстел теннисі, жаттығу залдары, бас­сейндер, фитнес, СПА және бас­қалары) өздеріне қолай­лы фор­матта (абонемент, бір рет қа­ты­су, демалыс күнінің отба­сы­лық бағ­дар­ламалары, ашық есік күн­­дері, т.б.) және қол­жетімді баға бо­йынша таба­тын­дығы сөзсіз. Өзіндік функциясы мен техни­калық жабдықталуы бойынша мұз сарайы әлемдегі ең кемел құнды ғимараттардың бірі болып табылады. Бұл ретте, әсіресе, Алматы қаласы орна­лас­қан климаттық жағ­дайды, қысқы және жазғы температура деңгейінің үлкен айырмасы мен ауа райының түрлі құбы­лыстарын ескеру жөн болады. Жалпы алғанда, Универсиада аясында жаңа мұз кешендерінің құрылысын салу бірқатар маңызды мәселелерді шешеді: – спорттың бірнеше түрі­нен халықаралық жарыстарды ұйым­дастыру үшін ультра озық алаңдарды құру; – елімізде спорттағы жо­ғар­ғы жетістіктерді дамыту, кәсіби жаттығу процесін жоғарғы дең­гейде ұйымдастыру; – бұқаралық  спортты  ілгері­лету және дамыту, көпші­лік тұтынушының жоғары класс ны­сан­дарына қол жеткізуі, ха­лық­тың спорт мәдениетін арттыру; – халықтың әртүрлі топтары үшін жоғары кластағы дем­алыс орталықтарын, оның ішінде отбасылық демалыс орындарын құру. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»