Биылғы жылдың алғашқы күні Қытайдан Лондонды бетке алған жүк пойызы жолға шыққаны белгілі. Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі жолдың ұзақтығы 11 999 шақырым екен. Қазақстан, Ресей, Германия, Беларусь, Польша, Бельгия, Франция сынды жеті елдің аумағымен жүріп өткен пойыз сегізінші елдегі соңғы стансаға 18 күн дегенде табан тіремек. Бұл темір жол желісі Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? Тоғыз жолдың торабында орналасқан, көлік хабы болуға талпынып жатқан ел қандай пайда көрмек?
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмағандықтан, көлік-логистикалық қызметті дамыту елдің экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қамбардың айтуынша, темір жол арқылы жүк тасымалы халықаралық сауда нарығына шығатын мүмкіндікті арттыра түспек.
– Транзиттік дәліз құру арқылы, оларға қызмет көрсету үшін техникалық және қаржылық ресурстар ғана емес, адамдар да жұмысқа тартылады. Яғни, біріншіден, бұл жобаның әлеуметтік жағынан тиімділігі бар, – дейді экономист.
Оның пайымдауынша, инфрақұрылымға салынған инвестиция ел ішіндегі көлік шығындарын азайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Басқа елдердің тәжірибесіне жүгінсек, жаңа желі елімізде көлік-логистикалық қызметтердің кешенді түрде дамуына оң ықпал етуге тиіс.
– Еуропада көлік-логистикалық орталықтар өткен ғасырдың 80-жылдарында құрыла бастады. Қазір оларда жүктерді өткізу ғана емес, тасымалдау, буып-түю және басқа да қызмет түрлері жолға қойылған. Қазақстан арқылы өтетін көлік дәлізін де сондай деңгейге көтере алсақ, жұмыс орындары да көбейе бермек, – деп толықтырды ойын Бақытгүл Қамбар.
Халықаралық нарыққа шығатын теңіз жолы жоқ елдер инфрақұрылымды, сервисті дамыту арқылы экономикалық табысқа кенелетініне мысалдар аз емес. Мәселен, сондай елдердің бірі Венгрия транзиттік әлеуетін пайдаланып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра білді.
– Сол сияқты, Швейцария да ол проблеманың орнын инфра-
құрылымды дамыту арқылы толтырып отырған ел. Бұл мемлекет экспортқа шығарылатын өнімдердің көлік шығындарын азайтып, сауда-саттықты қыздырды. Экономикалық өсімге қол жеткізіп, әлемдегі ең бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналды, – дейді экономист.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, 2020 жылға қарай транзиттік жүк тасымалы көлемін екі есеге арттыру, 2025 жылға қарай 10 есеге дейін көбейту жоспарланған. Қытай-Ұлыбритания арасын жалғайтын, Қазақстан аумағы арқылы өтетін темір жол желісі осы жоспардың үдесінен шығуға әсерін тигізуге тиіс.
Сонымен, Еуропа мен Азияның арасында керіліп жатқан «Жаңғырған Жібек жолы» Қытай мен Ұлыбритания арасындағы сауда қатынастарын кеңейтуге ықпал етпек. 18 күндік сапарға аттанған пойыздың тиегені киім-кешек, сөмке сынды тұтыну тауарлары. Жалпы, өткен жылдың алғашқы жартысында Қытай мен Еуропа елдерінің арасында жүк пойызы әрлі-берлі 3 мыңға жуық қатынас жасапты.
Ұлыбритания Қытаймен арада темір жол бағытын ашқан Еуропаның 18-ші елі болып отыр. Қытай билігі арзан болса да көп уақытты қажет ететін теңіз жолымен, жылдам болса да шығыны көп әуе жолымен қатар, темір жол тасымалын да дамытуға ден қойғаны байқалады. Оған Еуропа елдері де мүдделі. Британия премьер-министрі Тереза Мэй «Қытаймен арадағы қатынастар «алтынмен» тең, себебі ол корольдікке миллиардтаған доллар табыс әкеледі» деген болатын. Ал «Жаңғырған Жібек жолының» бойында орналасқан Қазақстан үшін де өзінің транзиттік әлеуетін пайдаланып, табыс табуға мүмкіндік туып отыр.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»