Классикалық өнердің де өз өкілі, қолдаушысы, тыңдаушысы, басқаша айтқанда өз адамдары болатыны анық. Бұл қалайда элиталық өнер ғой. Сондықтан оның тыңдаушысы азшылықты құрайтыны бір жағынан заңдылық. Германияның Ганновер қаласында он жыл бойы фортепьяно класы бойынша білім алған, Батыс Еуропаның талай қалаларында жеке концертін қойып, қаншама байқаулардың жеңімпазы атанған жерлесіміз Данияр Есімханов осы өнердің өз өкілі. Ол Алматыда туған. Сол қаладағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатқа анасы өз қолымен жетелеп апарып табыстағанда, ұлының болашақта кәсіби музыкамен айналысып, осы жолға өмірін арнайтынын әрине білмепті. Тек перзентінің осы аспапта жақсы ойнап, музыкалық білімі болғанын қалаған.
Даниярдың әкесі Тілеуқажы Есімханов философия ғылымдарының докторы, профессор. Анасы Күләш Есімханова неміс тілі пәнінің оқытушысы. Яғни біздің кейіпкер педагогтардың ұлы. Ағасы Дәурен программист. «Біздің отбасыда мен ғана музыкантпын. Бірақ әкем де, шешем де музыканы жақсы көреді. Әсіресе анамның музыкаға деген құштарлығы ерекше. Өз басым алғашқыда музыка мектебінде мақсатсыз оқыдым. 1995 жылы филармонияда Мемлекеттік симфониялық оркестр концерт қойған кезде жас пианистердің де өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік болды. Сол тұста мен алғаш рет үлкен сахнаға шықтым. Ары қарай кәсіби музыкаға сүйіспеншілігім оянды. 1998 жылы алғаш рет Халықаралық «Шабыт» фестивалі өтті. Сол кезде бірінші орын алдым. Әрине, мұның бәрінде ұстазым Галина Синякованың да еңбегі зор. Мен ол кісіге үлкен рахмет айтамын. Кәсіби музыкант ретінде жетілуіме көп еңбек сіңірді» – дейді Данияр.
Ал оның Ганновердегі Музыка және театр Жоғары мектебіне оқуға түсуі бір хикая. Есімханов музыка мектебін бітірер тұста әлемге мәшһүр пианист, ұлағатты ұстаз Владимир Крайнев Алматы, Қарағанды қалаларында концерт қояды. Алматыда өткен концертке қатысқан Данияр ұстазға оңаша бір тұста он минут уақытын бөліп, жас музыкантты тыңдап көруін өтініпті. Әрине, Крайнев бұны бірден ұнатып, мүмкіндігі болса Ганноверге келіп, өз класында білім алуға шақырады. Германияда оқу үшін мол қаражат керек. Ал, қарапайым педагогтарда ондай қаржы болмайтыны айдан анық. Содан ата-анасы ақылдаса келе ұлының жарқын болашағы үшін, өнердің төресі классикалық музыка жолында пәтерлерін сатып, Даниярды Германияға аттандырады. «Ол қаражат маған бір жылға жетті. Ары қарай өзім жұмыс істеп, концерттер қойып, оқуымды жалғастырдым. Алғашқы жылдарда біраз қиыншылық көрдім. 2004 жылы Францияда өткен бір байқауға қатысқан болатынмын. Жеңімпаз атанбасам да, Мариан Рябицкий есімді менеджердің көзі түсіп, сол арқылы жеке концерттер өткізе бастадым. Одан 2005-2007 жылдары Президенттің «Болашақ» стипендиясын алып жүрдім. Мен осы концерттерден түсетін қаржының, «Болашақ» стипендиясының арқасында оқуымды қиналмай, «өте жақсы» деген бағаға жалғастырып отырдым» – дейді пианист.
Иә, Ганноверде он жыл бойы білім алу оңай емес. Онда да жоғары дәрежелі, яғни, соло класының дипломын алу талантқа қоса қажырлы еңбекті, алаңдамай музыкаға берілуді талап етеді. Жоғары мектептің екі баспалдағын бітірген бүкіл студенттердің арасынан (пианист, скрипкашы, виоленчелист, т.б) соло класына төрт студентті ғана қабылдайды екен. Оның да өзіндік шарттары бар. Айтпақшы, «Жоғары мектеп» дегеніміз біздіңше консерватория дегенді білдіреді.
Даниярдың жатса да, тұрса да арманы соло класының дипломын алу болған. Әйтпесе, қанша жылдар бойы Ганноверде оқу маңызсыз секілді көрініпті. Арманы орындалып, диплом 2009 жылы қолға тиген. Басқа жетістіктері де жоқ емес. 2006 жылы Грекияның Ретимно қаласында өткен пианистердің «Зайлер» атындағы Халықаралық байқауында бірінші орынды иемденсе, 2009 жылы АҚШ-тың Темпе қаласында өткен пианистердің «Бёзендор-фер» Халықаралық байқауында жүлделі екінші орынға қол жеткізген. Басқа да көптеген байқаулардың тұрақты қатысушысы. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде концерт өткізген.
Жас пианист қазір Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі. Оған қоса елордадағы Ұлттық өнер университетінде оқытушылық қызмет атқарады. Өзі пір тұтатын Владимир Крайнев, Кристиан Цимерман, Григорий Соколов сынды әлемдік дәрежедегі майталман пианистердің деңгейіне жетуді көксейді. Пианинода Бахтан бастап қазіргі заман музыканттарының бәрінің шығармасын ойнайды. Алайда солардың ішінен ерекше ұнататыны Бетховен, Шуберт, Брамстың шығармашылығы екен.
Оның ойынша, ата-ана перзентін музыкалық мектепке бергенде бір нәрсені ескеру керек. Ол балада балалық шақ болмайды. Бейнелеп айтқанда жас талапкер жатса-тұрса аспаптың жанынан табылу керек. Әйтпесе, он жерден талантты болса да, тәжірибесі аздық етсе, жетістікке жету өте қиын. Классикалық музыкаға да өзіндік көзқарасы бар: «Адам өзімен өзі бетпе-бет қалады. Өз жан дүниесімен сырласады. Классикалық музыканы түсінбеймін деу қателік. Оны түсіну деген шартты ұғым. Оны бірінші тыңдау керек. Оның құдіреттілігі – әр адамның әртүрлі түсінетіндігінде. Әр адамда әртүрлі ой-сезім тудыратындығында. Әсіресе, осы ғасырда адамдарда өз өзімен бетпе-бет қалуға уақыт тапшы. Сондықтан классикалық музыка өзге емес, өз жан дүниеңді терең түсіну үшін қажет».
Айгүл СЕЙІЛОВА.