Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин облыстық қан орталығында медицина сала қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша біздің еліміз денсаулық саласында ешбір елден кем емес. Мысалы, республика көлемінде сапалы медициналық қызметтің бірыңғай стандарттары енгізілді, әлемдік тәжірибеге сәйкес медициналық кластерлер құрылды.
Кез-келген науқасты алғашқы күннен анықтауға және алдын-алуға жол ашатын ұлттық скрининг жасау да біздің медицинадағы үлкен жетістік.Жалпы тәуелсіздік жылдарында мемлекет есебінен 1300-ден астам ауруханалар мен басқа да денсаулық сақтау мекемелері салынды.
Н.Нығматулин атап өткендей, осының барлығы дені сау ұлт қалыптастыру жолындағы мемлекеттік маңызды бастамалардың жемісі.
Президентіміз өзінің «Қазақстан - 2050» Стратегиясында және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында денсаулық саласын дамытуға қатысты жаңа міндеттер қойғанын алға тартты.
"Тікелей Президентіміздің тапсырмасымен елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенін ерекше атап өту керек. Бұл маңызды бастаманы заң жағынан қолдау үшін Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасы мақұлданған болатын. Бұл егемен еліміз үшін өте маңызды әлеуметтік реформа екені сөзсіз", - деді Мәжіліс Спикері. Ал, жалпы Мәжілісте осы сессияда 81 заң жобасы жұмысқа алынып, оның 51-і мақұлданды.
Ерекше атап өтетін жағдай, 9 заң жобасына депутаттарымыз өздері бастамашы болды.
Мәжіліс Төрағасы аймаққа сапары барысында «Қостанай мелькомбинаты» акционерлік қоғамының тынысымен танысты.