• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Лимоннан миллион табыс бар

497 рет
көрсетілді

Лимон цитрусты өсімдік. Жылы жерде өседі. Осы өсімдік Оңтүстіктің топырағын жерсінгені қашан. Әуелде Сарыағаштың жылыжайларында жемісін берген лимон бірте-бірте таулы аймақтарды да жатсынбайтын болды. Тропикалық өсімдік басын мәңгілік сіре қар басқан таудың етегінде отырған Төле би ауданы Кемеқалған ауылдық округіндегі «Нематулла» шаруа қожалығының жылыжайында жемісін бере бастады. Бір қызығы, осы лимон өсіруге маманданғандар оны жалқаудың жұмысы деп әзілдейді. Айтса-айтқандай, бір өсіріп алған соң оған оншалықты бап керек емес. Бірақ, бұтағындағы аталығы мен аналығын айыра алсаңыз болды. Өнім беретін қауқары жоқ аталығы жайқалып өсіп көз алдайды екен. Есесіне аналығы бір жері ауырғандай ілмейіңкіреп сәл қурап өседі. Білмеген адам «әй, осы жеміс бермейді-ау» деп отап тастауы мүмкін. Лимон бес градус жылылыққа дейін қабырғасы қайыспай төзеді. Түбіне органикалық тыңайтқыштар арқылы су бергеннен бөлек, жеміс байлаған шақтардан бастап үстінен су бүріккішпен жасанды жаңбыр жауғызып тұрады. Көшеті үш-төрт жылға дейін өнім бермейтіндіктен кәнігі бағбандар қапталына қияр, қызанақ тұқымдарын егіп, пайдасын еселеп алады. «Екі жеп биге шықты» деген осы. Бұл лимоныныз алпыс жылға дейін өнім бере алады. «Нематулла» шаруа қожалығында 5,5 гектар жері болса, соның 3,5 гектарына лимон өсіріліп жатыр. Екі жарым мың көшеттен жыл сайын жиырма тоннаға дейін лимон жиналмақ. Бұл әзірге ғана. Лимонарий әбден өсіп жетілген соң жылына 100 тоннаға дейін өнім бере алады. Лимон түрлі ауруларға мың да бір ем. Сондықтанда сұраныс бар. Яғни, дәмі қышқыл болғанымен ақшасы тәтті. Қайда өткізем дейтін емес, көрші Ресейдің алармандары жеміс піскен кезде КамАЗ-дарының түтінін бұрқыратып, жылыжайдың басына өздері келеді. Ресей демекші, осы лимонға байланысты бір қызық жайт бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында рэкет деген пәлелер қағынып тұрды ғой. Милиция-полицияның өзі олармен жең ұшынан жалғасып, қорқау қасқырдай бірге жортатын болған. Оңтүстіктің бір байшыкеш жігіті бір машина лимон тиеп, Қиыр Шығысқа барады. Ол жақта табиғат қатал, жеміс аз, баға да қымбат. Біздің жігіт дәу базардың алдына тоқтайды. Ішке кіріп сатуға рұқсат жоқ. Көтерме бағамен сатып алатындармен келісе алмай жатқанда еңгезердей дәу орыс мұжығы келеді. Ол кезде миллион деген ақшаның орнын лимон деген сөз ұқтырып тұрған. – Қанша? – дейді анау. – Лимон, – дейді тілінен қағынған мынау. Екеуі қол алысады. Бір машина лимон қорап-қорап болып базар ішіне кіріп кеткен. Бір кезде дәу орыс рахметін айтып, бір лимон ұстатады. Әрине, біздің жігіт жамбасына біз сұғып алғандай шоршып түседі. Лимонның шын мағынасында миллион рубль екендігін ұқтыра алсашы. – Ағайын, – дейді анау. – Мен сенің тіліңнен тартқан жоқпын. Не сұрадың соны бердім. Енді қоймайды екенсің денең Сібірдің орманында шіріп қалады. Бас аманыңда еліңе жетіп ал. Миллионды лимон деп кісімсіген біздің жігіт іші қан жылап, қарызға белшеден батып елге қайтады. Ол кезде мұндай оқиғаларға таңқалмайтын уақыт қой. Қазір Ресей кәсіпкерлері өз аяғымен келіп, ақшасын төлеп еліне алып кетеді. Лимон ондаған миллион теңге табыс әкелетін кез жақындағанын біліп отырған «Нематула» шаруа қожалығының басшылары екі алақанын ысқылап отыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы