Белгілі қылқалам шебері Алпысбай Қазығұлов бояу әлеміне бойлағалы бері 70 мың сурет салған. Қажырлы еңбегі мен тай күнінен танылған талантының арқасында салынған сол қыруар туындыларының ішінде суретшінің «Алғашқы этюд қуанышы» атты ерекше картинасы бар. Кезінде кесек мақалалар арналған картинаның ерекшелігі, алдымен, студент кезінде салынғандығы. Сыншылардан жоғары баға алған студенттің «шимайы» кейін көрмеге қойылған кезде, ұрланғаны да өз алдына бір әңгіме. Сақа суретшіге айналған шағында Алпысбай оны қайта жазады, алайда сол бір шақтағы бозбала-жігіттің сезімі мен қуанышы бояу ырқына бәрібір көнбеген екен...
Бірде студент Алпысбай жатақханаға көңілді оралады. Кеудесін толтырған шаттық сезімі арнасынан шүпілдей төгіліп, жазира көңілі дәл қазір ешкімге «жоқ» деместей тұла бойын бір дархандық билеп алған. Бөлмесіне кіре бере, бірге тұратын жолдасының ертеңгі емтихан алдында әбігерге түсіп, әлдебір суретті сала алмай «алысып» жатқанын байқайды. Қос қолы қызылды-жасылды бояудан көрінбей, қиналып тұрған бөлмелес досына шын ниетімен көмектескісі келген Қазығұлов «сен бояуларды сығып, дайындап бер» дейді де, дереу қолына қылқаламын алады. Сырттан алып-ұшып кіріп, өзі де алабұртқан сезім құшағында тұрған суретші алғашқы бояуды жаққаннан-ақ бүкіл полотно жазығында жайдары көңіл күйі жамырап қоя береді...
Ертеңінде Алпысбай салып берген суретті арқалап жолдасы сынаққа кіреді. Оқытушы ұстаз: «мына суретті кім салды?» дейді салған жерден. «Өзім». «Жоқ, өтірік айтпа, бүкіл ҚазПИ-де мұндай суретті бір-ақ адам салады. Ол – Қазығұлов. Шақырыңдар!». Түстен кейін екі иінінен су кетіп деканатқа келеді. Оңай оқиға емес. Факультет үшін бұл біреудің орнына емтиханға кіргенмен бірдей шетін жағдай. «Сурет сенікі ғой?» Оқытушымен тәжікелесіп, жалтарып көрмек болғанымен, пайдасыз екенін түсінген Қазығұлов: «онда тұрған не бар? Мен бар болғаны досыма көмектестім ғой» деп амалсыз мойындайды...
Картинада адамның ішіндегі атойлап тұрған алуан реңкті шаттық сезімі бірі биік, бірі аласа, бірі қалың, бірі жұқа бояу тілімен, фигура мен фон өзара үйлесім таба кескінделіп, қуаныш энергетикасын қаз-қалпында көрсеткен. Мұндағы ақ түс – жүрегін қуаныш кернеген адамның әппақ әлемі. Таулар да биіктеп кеткен, үйлер де асқақ, аула да кеңейіп, арсалаңдаған иті иесінің қуанышын еселей түскісі келетіндей. «Алғашқы этюд қуанышы» деп ат берілген картина «Өнер» айдарымен журналдардың бірінде жарияланады. Кейінгі жылдары ұйымдастырылған көрмелердің бірінде Қазығұловтың «қуанышын» сурет ұрлағыш суыққолдар жымқырып кетеді. Сол журналға шыққан суретіне қарап отырып қолды болған картинасын Қазығұлов қайта салады. Бірақ қанша талант болса да, жақсы туынды жалынан ұстатпаған – түпнұсқа бір-ақ рет жасалуымен бәсі биік екенін байқатып, қайталанбауға серт бергендей, сиқырлы сырын иесінің өзіне де ашпаған...
«Суретші картинасын тек тұнық оймен, таза ниетпен салуы керек. Өйткені, суретті бастап салғаннан бояу тіліндегі толғанысқа адамның көңіл күйі, сезімі, білімі, денсаулығы, тіпті даладағы ауа райы да қатысады. Ашуланып тұрғанда қолға қалам алмаған дұрыс. Ал көңіл күйі көтеріңкі болса, суретші үшін ең тамаша сәт сол. Себебі, одан тараған жағымды энергетика адамды баурамай қоймайды», дейді суретші бояу құпиясымен бөліскен сәтінде.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ