Айыртау аймағында орналасқан Ботай ауылынан ежелгі адамдар қонысының табылуы әлем ғалымдарының назарын аударған сенсациялы оқиға болғаны талассыз шындық. Себебі, осы жерді мекен еткен ежелгі адамдар жылқыны алғаш қолға үйретіп, арбаға жеккені, бие байлап, қымыз ашытқаны археологиялық қазбалар арқылы дәлелденген. Тарих дөңгелегін кері қарай 2 мың жылға шегерген әлемдік жаңалықтың бастауында жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберттің есімі құрметпен аталады. Ол Ботай қонысын 36 жыл бойы талмай зерттеп келеді.
Б.з.д. ІV мыңжылдықта пайда болған ежелгі Ботай мәдениетіне төрткүл дүниенің ерен қызығушылығы бірде-бір толастаған емес. Былтыр «Қазақ географиялық қоғамы» бірлестігінің бас болуымен ол туралы деректі фильм түсіріліп, Канада, Дания, Ұлыбритания, Франция елдерінен археологтар, генетиктер тартылған болатын. Түсірілімге Орландо Лудович, Алан Оутрам, Эске Виллерслев, Виктор Зайберт секілді танымал тұлғалар қатысқан. Канадалық продюсер, режиссер және антрополог Найоби Томпсон жетекшілік ететін «Clearwater Documentary» телевизиялық компаниясы бірнеше сериялы ғылыми-танымдық деректі фильм түсіруді жоспарлап, алғашқы бөлімінде ботайлықтардың жылқыны қалай қолға үйреткені қамтылған. Оның пікірінше, жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы теріскейдің жазық даласында басталып, адамзаттың тағдырын түбегейлі өзгерткен.
Энеолит дәуіріне жататын Ботай тұрағы 20 гектар аумақты алып жатыр. Қоныс шамамен бір ғасырдан артық уақыт өмір сүрген. Қазба жұмыстары мұнда жыл сайын жүргізіледі. Археологтар қыш құмыраларды, ыдыс-аяқтарды, жылқының қаңқаларын көптеп кездестірген.
– Былтыр мамыр айында осы қонысты мекен еткен адамның сүйегі табылды. Жер астынан қазып алынған сүйектің гендік ақпараттары бүлінбес үшін арнайы зертханаға тапсырылды, – дейді бүгінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында жұмыс істейтін Виктор Федорович.
Белгілі ұлыбританиялық полеозоолог Алан Оутрам да Қамбар ата түлігі алғаш рет Ботайда үйретілгенін, бұл қоныс дала өркениетінің бастауында тұрғанын мойындайды.
Шетелдіктер Ботай қонысындағы түсірілімдерді биыл одан әрі жалғастырып, алғашқы таныстырылымын Канада, АҚШ, Франция, Германия елдерінде көрсетуді белгілеп отыр. Қазақстандық көрермендер фильмді 2018 жылы тамашалайтын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы