Облыста жұмыс сапарымен жүрген Парламенті Мәжілісінің депутаттары Владимир Божко, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Құралай Қарекен, Глеб Щегельский, Абай Тасболатов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Еркін пікір» алаңында жастар ұйымдары өкілдерімен кездесті.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов депутаттарды жеке-жеке таныстыра келіп, олардың облыстың бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарында, бірқатар аудандарда болып, жұмысшылармен және тұрғындармен кездескенін жеткізді.
Жастармен жүздесуде сөз алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко депутаттардың облыс орталығында және аудандарда көптеген кездесулер өткізіп, Елбасы жүргізіп отырған саясатты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмалардың орындалу барысын түсіндіргенін тілге тиек етті. Кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында және оқу орындарында болған кездесулерге қатысушылардың кейбір ұтымды ұсыныстары Парламенттегі жұмыста басшылыққа алынатынын айтты.
Мәжіліс депутаттары жастардың азаматтарды уақытша тіркеу, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі техникалық оқулықтардың жетіспеушілігі, аз қамтылған отбасыларынан шыққан және белсенді жастарға қаржы гранттарын бөлу секілді мәселелерге қатысты және басқа сауалдарына толыққанды жауап берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы
***
Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаевпен кездесіп, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму келешегі талқыланды.
Қ.Ищанов бекіре тұқымдас балық өсіретін зауытта және тоқыма өнімдерін шығаратын «Каспий Лана Атырау» кәсіпорнында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Ал С.Еңсегенов Исатай және Жылыой аудандарында жергілікті мәслихат депутаттарымен, әкімдік қызметкерлерімен, құқық қорғау және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Сенаторлардың жұртшылықпен жүздесулерінде Сенат қабылдаған заңдар мен «Өңiр» депутаттық тобының қызметі туралы айтылды. Сондай-ақ, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру, республикалық бюджеттің атқарылуы мен Кәсіпкерлік кодексіне қатысты мәселелер де қамтылды. Азаматтарды қабылдауға 5 адам келді.
Сенаторлар кейінгі күндерде Индер, Мақат, Махамбет және Құрманғазы аудандарына да барып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы
***
Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданында жұмыс бабындағы сапармен болды. Қаршығалы ауылдық округінде депутат жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерімен кездесті.
Жүздесу барысында Парламент Сенатында қаралып жатқан «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының ережелері талқыланды. Жергілікті тұрғындар жеке үй-жайды ұстау мақсатындағы жайылым жерлерді, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пайдаланудың өзекті мәселелерін заңнамалық тұрғыда реттеуге баса назар аударып отыр.
Шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аграрлық және ветеринария салаларын реттеуге байланысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында С.Ершов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыда іске асыру жөніндегі Парламенттің заң шығару жұмыстары туралы айтып берді.
Қайрат Әбілдинов,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы
***
Сенат депутаттары Рашит Әкімов пен Жабал Ерғалиев өңірлерге сапары барысында Ақмола облысының Ерейментау ауданында болып, жергілікті мәслихат депутаттарымен, аудандық қоғамдық келісім мүшелерімен және аудан активімен кездесті.
Білім беру саласы мен өндіріс нысандарын, Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап, мұғалімдермен, мәдениет қызметкерлерімен, жұмысшылармен пікір алмасты.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен кездесуді Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында хабарлама жасады. Аудан активі алдында сенаторлар сөз сөйлеп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Пікір алмасу барысында Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты, «Хамзе» шаруа қожалығының басшысы Ержан Биекенов «Астана – Павлодар» бағытындағы жолға қатысты ойларын ортаға салды.
Ерейментау қаласындағы «№811 автомобиль жөндеу зауыты» акционерлік қоғамының кәсіпорнында, өткен жылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілген Ерейментау қаласындағы №4 орта мектепте және Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінде болған Рашит Әкімов пен Жабал Ерғалиев жұмысшылармен, инженер-техник мамандармен, мұғалімдермен және мәдениет қызметкерлерімен ой бөлісті.
Қазір негізінен Қорғаныс министрлігінің өтінімдерін орындап, әскери техникаларды жөндеп, қалпына келтірумен айналысатын автомобиль жөндеу зауытының бас директоры Ержан Кәрімов өздерінде кез келген тапсырысты орындауға толық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Қазір зауыт 200-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
***
Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов жұмыс бабындағы сапармен Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандарда болды.
Депутат сапары барысында Бәйдібек, Отырар, Түлкібас және Түркістан аудандарында жергілікті атқарушы биліктің басшылығымен, мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, орта және шағын бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, аудан жастарымен кездесті.
Қ.Айтаханов аймақтағы жергілікті тұрғындармен болған жүздесулерде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясындағы бес институттық реформаны іске асыру барысы туралы хабардар етті. Сенатор сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде айтылған міндеттерге жан-жақты тоқтала келіп, заң шығару жұмыстарының жоспары және оны іске асырудағы парламентшілердің қызметі туралы әңгімеледі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы
***
Сенат депутаты Манап Көбенов Павлодар облысында жұмыс бабындағы сапарын одан әрі жалғастырды. Сенатор Железин ауданында «Пахарь» шаруа қожалығында болды.
Кәсіпорын өкілдері өндірісті одан әрі дамыту жоспарлары туралы айта келіп, инфрақұрылым жағдайымен таныстырды және тұрғын үй кешені мен демалыс орталығын көрсетті.
Железинка ауылында М.Көбенов аудандық орталық ауруханасының еңбек ұжымымен кездесті. Депутат перзентханада, хирургия бөлімінде және емханада болды, шала туған сәбилерге арналған жабдықтармен танысты.
Железин жалпы білім беретін №1 орта мектептің мұғалімдерімен кездесуде он екі жылдық білім беруге, шағын жабдықталған мектептердің жабылуы мен арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға байланысты мәселелер талқыланды.
М.Көбеновтің Железин ауданындағы ардагерлердің бастауыш ұйымдарының өкілдерімен кездесуінде зейнетақының өсуі мен шағын ауылдардағы су құбырының құрылысына байланысты әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
***
Парламент Мәжілісі депутаты Серік Үмбетов Алматы облысына сапары аясында Іле және Қарасай аудандарын аралады.
Алдымен Іле ауданындағы «Данон Беркут» сүт зауытының жұмысымен танысты. «Даму» индустриялық-логистикалық орталығында орналасқан сүт зауытының жұмысы жайлы «Данон» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша Бас директоры Рено Шамональ баяндады. Оның айтуынша, қазіргі кезде кәсіпорынның өнімдері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия сынды тоғыз елге шығарылады және аталған мемлекеттерде тұратын 80 миллионнан астам тұтынушының сұранысы мен талабына сай болып отыр.
Сондай-ақ, Серік Үмбетов «Даму» индустриялық-логистикалық орталығының бас кеңсесіне де бас сұғып, «Amanat Invest Group» ЖШС президенті әрі құрылтайшысы Сәкен Тойлыбаевпен орталық жұмысының бүгіні мен болашағы жайлы әңгімелесті. Сапар аясында «Междуреченск Агро» мал шаруашылығы фермасын аралады.
Мұнан кейін депутат Қарасай ауданына ат басын бұрып, «Шыны зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен жүздесті. Қытай мен Қазақстанның өзара әріптестігі нәтижесінде бой көтерген зауыт кешенінде өндірістік ғимараттармен бірге, жұмысшыларға арналып әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынғанына назар аударды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
***
Сырым ауданына жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев келді. Аудан орталығында әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан сенатор «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.
Кездесуді жүргізген Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков өзінің сөзінде аудандағы кәсіпкерлік саласының бүгінгі бағыттары жайлы баяндады. Ал Сырым ауданының кәсіпкерлері депутаттың алдына өздері үшін өзекті болып отырған мәселелерді қойды. Оның біреуі – ауылшаруашылық саласындағы жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесі. Қазіргі күні жайылым тарылды. Тарылудың бір себебі, мал басының өскенінде. Осыған байланысты алдағы тұрған бір жұмыс – елді мекендердің иелігіндегі жерді кеңейту. Кеңейту кейбір шаруашылықтардың пайдасындағы жерлер арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан шаруалары мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғаны үшін төленетін мемлекеттік субсидия неліктен тоқтап тұр деген сауал қойылды. Бұл сауал да сенатордың қойын дәптерінің ішіне түртіліп кетті. Нақты жауап кейін берілетін болады.
Қазіргі күні ауыл шаруашылығын қаржыландыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру орталықтарында өңкей қаржыгерлер, заңгерлер жиналған. Ал нақты шаруашылықтың жайын біліп, зерделейтін агроном да, зоотехник те жоқ. Кездесуде осы мәселе де сөз болды.
Кездесуді аудан әкімі қорытындылады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
***
Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман мен Фахредин Қаратаев Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы «БиномСтройДеталь» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жұмысын 2010 жылы бастаған серіктестік алғашында су шаруашылығына арналған лотоктар өндіріп, үйге қажетті жабдықтар шығарумен айналысыпты. Бүгінде зауыт 125 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 80-90 мың теңге. Өткен жылы кәсіпорын 80 пәтерлік бір үй, 60 пәтерлік екі үйдің құрылысын толық аяқтап, қолдануға берген. Неміс технологиясымен жұмыс жасайтын кәсіпорын ағымдағы жылы аудандарда өздерінің филиалдарын ашып, 3-5 қабатты үйлер салуды жоспарлауда.
– Атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жақсы. Десе де алдағы уақытта қанатымызды кеңге жайып, қосымша филиалдар ашып, жұмыс орнын көбейтсек деген жоспарымыз бар. Бүгінде «Бәйтерек» холдингімен келісім-шартқа тұрдық. Үйлерді жалға беру, сату сынды жұмыстармен аталған серіктестік айналысады. Өткен жылы айына 2 мың шаршы метр үй салсақ, биыл бұл көрсеткішті 3 мыңға жеткізуді ойластырудамыз. Зауыт шығарған тауардан былтыр 560 млн теңге қаржы түсті, – дейді «БиномСтройДеталь» ЖШС директоры Кеңесхан Аралбеков.
Парламент Мәжілісінің депутаттары кездесу барысында мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуы тиіс бірқатар мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, екі күнге жоспарланған сапарлары барысында Мәжіліс депутаттары басқа да аудандарда болып, халықпен кездесіп, ірі кәсіпорындар мен білім нысандарының жұмысымен танысты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
***
Мәжіліс депутаты Амангелді Айдарұлы «Алматы стекло» шыны зауытына барып, өндіріс орнының жұмысымен танысты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ашылған бұл зауыт Қазақстан және Қытай инвесторларының 100 миллиард теңге қаржысына салынған. Қазіргі таңда мұнда оншақты түрлі, алуан көлемдегі шыны ыдыстар және оларға арналған арнайы қақпақтар шығарылады. Қытайда өндірілген құрылғылармен жұмыс істеу үрдісін жергілікті жұмыскерлерге Аспанасты елінен келген шеберлер үйретуде. Болашақта зауыт толық іске қосылғанда мұнда 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Әзірдің өзінде төрт ауысыммен жұмыс істейтін өндіріс орнында 300-ден аса адам еңбек етуде.
Мәжіліс депутаты ең алдымен, зауыттың жас мамандары мен жұмысшыларының өндіріс орнындағы қауіпсіздігі және әлеуметтік жағдайымен танысты. Оларды мазалаған сауалдарға жауап беріп, қазіргі таңда елімізде жас отбасылардың баспана мәселесін шешуге септігі тиетін «Нұрлы жер» бағдарламасының ерекшеліктерін түсіндірді.
Бұдан кейін Амангелді Айдарұлы Алматы облысының Көксу, Іле, Алакөл, Ілияс Жансүгіров атындағы аудандарына барып, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысымен танысты. Сапар барысында сайлаушылар айтқан ұсыныстар мен өтініштерді болашақта Үкімет отырыстарында мәселе етіп қоятынына сендірді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
***
Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты елді мекендерді аралап, жұртшылықпен кездесті.
Сондай мағыналы жүздесудің бірі Мамлют ауданында өтті. Онда депутаттар Петр Шарапаев, Сергей Звольский аудан тұрғындарымен ашық әңгімелесіп, қордаланған проблемаларды бірігіп шешудің жолдарын ортаға салды.
Жиында зейнеткер Екатерина Богуш жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қозғады. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде токарь, механик, комбайншы, тракторшы секілді мамандықтар жетіспейді. Сондықтан кәсіптік бағдарлау жайына ерекше назар аудару керек.
Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл бағыт бойынша Үкіметтің арнайы бағдарлама әзірлеп, нақты шаралар қабылдағанын жеткізді. Үстіміздегі жылдан бастап кәсіптік білім беру мемлекет қаржысы есебінен атқарылады. Колледж-училищелер салу ойластырылған.
Кездесуде шекаралас аймақтарда орналасқан облыс жастарының Ресейге оқуға көптеп баратыны айтылып, оның басты себебіне Қазақстанда оқу ақысының тым қымбаттығы көлденең тартылды. Биыл он мамлюттік жас көрші елдің жоғары оқу орындарына түсіпті. Жағдай осылай жалғаса берсе, дипломды мамандар тапшылығы туындайды.
Кездесуде әлеуметтік салаларға қатысты басқа да жайттар, елді мекендерде «Агробизнес-2020» бағдарламасын, кәсіпкерлікті, АӨК-ті дамытудың жолдары талқыланды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы