Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды. Ол алдымен «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауыттарына барып, олардың өнімімен танысты. Содан кейін осындағы еңбек ұжымымен кездесті. Мәжіліс басшысы алдымен қостанайлық машина жасаушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, осы уақыт ішінде еліміз қол жеткізген табыстарға назар аударды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында 25 жыл ішінде еліміз алдымен өтпелі уақыттың барлық қиындықтарын жеңіп, зор табыстарға жетті. Қазақстанды жаңа, ырғақты даму жолына түскен елге айналдырды, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Мәжіліс Төрағасы алдымен еліміздің экономикалық қарышты дамуы оның әлеуметтік өмірінің көтерілгендігінен көрінетінін тілге тиек етті. Ол мысалдарға сүйене сөйледі. Еліміздегі әлеуметтік салаға жұмсалған шығындар 25 жыл ішінде 26 миллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін өскен, бұл ел бюджетінің 46 пайызын құрайды.
Мемлекеттік индустриялық- инновациялық бағдарлама аясында елімізде жүздеген кәсіпорын ашылды, соның арқасында жыл сайын 270 мың жұмыс орны құрылды. Зейнетақы мен жәрдемақы өсті. Ауыл шаруашылығын дамытудың бағдарламалары жүзеге асып келеді, ауылды көтеру қолға алынды. Елдің экспорттық әлеуеті экономикалық дамудың кепілі болды, бүгін 2500 түрлі өнім 119 елге экспортталады. Бизнесті меншік иелері мен кәсіпкерлер дамытып отыр. Спикер ел экономикасында өңдеу өнеркәсібінің шикізат секторының алдына шыққанын айтты. Автоөнеркәсіп осындай өсудің айғағына және экономика локомотивіне айналды.
– Өңірлердің инвестициялық климаты жақсарып келеді. Машина жасау – соның жарқын мысалы. Индустриялық аймақтар құрылды, онда автобөлшектер зауыты салынатын болады, – деді Н.Нығматулин машина жасаушылар алдында. Расында, Қостанайдағы қос зауыт тек өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып келеді. «СарыарқаАвтоПром» зауыты былтыр 5 мың машинаны сапқа қойды.
Мәжіліс Төрағасы мұнан кейін депутаттардың заң шығару қызметіне тоқталды. Ол депутаттар күзгі каникулдан бергі уақыттың ішінде 9 заң қабылдағанын, ал Мәжілістің жаңа шақырылымы жұмысын бастаған өткен жылдың наурыз айынан бүгінге дейін 51 заң жобасын қарап, оның 40 шақтысына Президент қолы қойылғанын жеткізді. Нұрлан Зайроллаұлы соның ішінде әлеуметтік өзекті мәселелер – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы, жайылым, республикалық бюджет, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, волонтерлық қызмет туралы заңдарға тоқталып өтті.
– Медициналық сақтандыру жарнасынан азаматтардың 15 санаты босатылады, олардың арасында мүгедектер, көп балалы аналар, балалар, зейнеткерлер секілді әлеуметтік аз қорғалған жандар бар. Медициналық сақтандырудың арқасында азаматтар өзінің отбасылық бюджетінен бір тиын шығармай тексеріліп, денсаулығын түзейтін болады, – деді Мәжіліс Төрағасы. Сонымен қатар, Н.Нығматулин еліміздің Парламент депутаттары қабылдаған барлық заң халықтың жағдайын жақсарта түсу үшін әлеуметтік реформаларға бағытталғанын айтты.
Машина жасаушылар ұжымындағы кездесуде жұмысшылар Мәжіліс Төрағасына түрлі сұрақтар қойды. Соның ішінде қостанайлық машина жасаушылар шығарған көліктер сапасы туралы оның пікірін білгісі келді.
– Парламент гаражындағы көліктердің 90 пайызы – қазақстандық өнім. Мен қостанайлық машина жасаушылар шығарған машиналар сапасын жоғары бағалаймын. Мұнда көліктер тереңдетіле құрастырылады, қазақстандық мазмұнды игерген, – деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы.
Мұнан кейін Н.Нығматулин Қостанай ұн комбинатына бас сұғып, шығарған өніммен танысты. Экспортқа шығарылатын ұнның төрттен бірі Қостанай кәсіпорындарында өңделеді. Қостанай ұн комбинаты соның бірегейі десек болады. Онда тәулігіне 350 тонна ұн тартылып, 90 тонна макарон бұйымдары өндіріледі. Кәсіпорын өнімі отандық нарықты толтырумен қатар, оны Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Грузия сатып алады.
Мәжіліс Төрағасы қан құю орталығының жұмысымен танысқан соң, сапарын қостанайлық медицина қызметкерлерімен кездесумен аяқтады. Онда Нұрлан Зайроллаұлы Парламент Елбасы тапсырмаларын орындауға белсене қатысатынын ерекше атап өтті. Мәртебелі қонақ дәрігерлер алдында халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне арнайы тоқтап, 2018 жылдың басынан өмірге жолдама алатын заңдардағы жаңалықтар туралы айтып берді. Төрағаның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс қоржынының 40-50 пайызы болатындай етіп тағайындау есебінен бірыңғай әлеуметтік атаулы көмекті төлеу және отбасының барлық мүшелеріне жәрдемақы тағайындау қайта қаралады.
Сонымен қатар, мүгедектер мен көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жеңілдетілетін болады. Заңдардағы басқа да жаңалықтар сөз болды. Мәжіліс Төрағасы Тәуелсіздіктің 25 жылында Елбасының еліміздегі ырғақты дамудың және бейбіт, тату-тәтті өмірдің кепілі екендігін айтып өтті. Н.Нығматулин медицина қызметкерлерін толғандырған әлеуметтік медициналық міндетті сақтандыру, жас мамандарды дайындау, біліктіліктерін арттыру және ауылдағы ауыз су туралы сұрақтарына жауап берді. Ол өзінің сапар маңызына тоқтала келе, сайлаушылармен кездесулер елдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді анығырақ білуге ықпал ететіндігін айтты. Сайлаушылар қойған сұрақтар, мәселелердің шешімі депутаттар қабылдайтын заңдардан көрініс табатын болады. Сапар мақсаты да осы.
Нұрлан Нығматулиннің сапарына орай, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңір жұртшылығының атынан рахмет айтып, заң шығарушылық қызметте табыс тіледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ