Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлердің айтуынша қазақстандық боксшының командасы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөздер жүргізуде. Ол үшін GGG 18 наурызда Дэнниэл Джейкобсты ұтуы қажет, деп хабарлады vesti.kz.
«Әзірге ешнәрсе шешілмеді, келіссөздерді жүргізудеміз. Егерде бұл істі тезірек аяқтайтын мүмкіндік болса жақсы болар еді. Бірақ ең бірінші Геннадий 18 наурызда Дэнниді жеңуі тиіс. Ал күтпеген жерден жеңілер болса, болашақта қандай жекпе-жек ұйымдастырсам да еш маңызы жоқ. Бірінші өзінің титулдарын сақтап қалуы қажет. Қалғаны болашақтың еншісінде», – деді Леффлер.
«Madison Square Garden аренасында не боларын болжап білу қиын. Екеуі де жеңістеріне сенімді. Меніңше, біреуі нокаутпен жеңеді. Ал қажетті нәтижеге жетер болсақ, үлкен жекпе-жектер ұйымдастырамыз деп үміттенемін», – деді Головкиннің промоутері.
Бұған дейін қазақстандық спортшы Альвареспен жұдырықтасу бәрінен де маңызды екенін мәлімдеген. Оның пікірінше, бұл істің орын алмауына мексикалықтың промоутерлері кінәлі.