Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешев Германия Федеративті Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэльмен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Кездесу барысында елорда басшысы ГФР елшісіне өткен жылдың желтоқсанында Берлин қаласында болған терактіге байланысты көңіл айтты.
«Астаналықтар берлиндік достарының қайғысына ортақтасады, біз терроризмнің кез-келген құбылыстарына ымырасыз түрде қарсы тұруды әрқашан қолдаймыз», - деді Әсет Исекешев.
Астана әкімі атап көрсеткендей, Қазақстан мен Германияны дәстүрлі достық жылы қатынастар байланыстырады. ГФР республиканың алдынғы қатарлы сауда әріптестерінің қатарына кіреді, ал Берлин Астананың бауырлас қаласы және әріптесі болып табылады.
Қазақстан мен Германия елордаларының арасында түрлі салаларда өзара қызығушылыққа негізделген мазмұнды диалог дамып келеді. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қос тарапты байланыстырушы маңызды буындардың бірі болмақ. Германия көрме аумағынан алғашқылардың бірі болып павильон алғандардың қатарында. Осы орайда Астана әкімі тек көрмеде ғана емес, бүкіл қала аумағында да түрлі шаралар өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.