«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы Нұрбибі Наурызбаева қорды дамытуға қатысты жоспарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің жұмысымның негізгі принципі - қордың салымшылары мен зейнетақы алып отырған адамдардың мүдделерін қорғап, қамқор болу», - дейді ол.
Жаңа басшысының айтуынша, ең алдымен БЖЗҚ қызметінің ашықтығына қол жеткізіледі. Қордың салымшылары мен зейнетақы алып отырған адамдармен арада тиімді ақпараттық және коммуникациялық байланыс орнамақ. Сонымен қатар, қордың операциялық және қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығын арттыру үшін ақпараттық жұмыс жүргізіледі деп болжанып отыр.
Н.Наурызбаеваның айтуынша, екінші басты міндет - қордың ішкі жұмысын жақсарту, яғни БЖЗҚ ішіндегі бақылау жүйесін күшейту.
«Үшінші бағыт - акционерлермен, реттеушілермен бірге жинақтаушы зейнетақы жүйесін реформалау бойынша жұмысты күшейту керек. Азаматтардың оқуы, емделуі, үй алуы үшін жинағындағы қаржысының бір бөлігін алуға мүмкіндік беру, салымшыға басқарушы компанияны таңдауға немесе өзінің зейнетақы жинағын басқару стратегиясын таңдауға мүмкіндік беру сияқты бастамалар талқыланады», - деп жалғастырды Н.Наурызбаева.
«Осылайша, зейнетақы қорындағы менің негізгі жұмысым - қордың жұмысын жақсартып, халық сенімін арттыру», - деді Н.Наурызбаева.