Қазақстандық Геннадий Головкин америкалық Power радиостанциясының The Breakfast Club бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады vesti.kz. Сұхбат барысында боксшы өзінің боксқа қалай келгенін, келесі жекпе-жектің не себепті Нью-Йоркте өтетінін айтты.
Дэниэл Джейкобспен алдағы жекпе-жегі жайлы айта келе, боксшы Нью-Йоркті "бокс Меккесі" деп атады. "Барлығы Нью-Йоркті құрметтейді. Бұл Бокстың Меккесі. Бұл коммерциялық емес, тарихи жекпе-жек болады", - деді Головкин. "Жоспарым бар, жалғыз емес. Джейкобс қалай жұдырықтасу керек екенін біледі. Мен әрдайым дайынмын, бірақ менің нақты жоспарым жоқ", - деп мәлімдеді GGG.
Головкин боксқа қалай келгені жайлы да айтты. "Ертеректе болатын. Бұған отбасым себеп болды деп ойлаймын. Маған спорттың кез келген түрі ұнайды: баскетбол, бейсбол. Ағаларым боксқа баруым керек екенін, өз қабілетімді тексеріп көруім керек екенін айтты", - деді боксшы. Осы кезде жүргізуші "Үлкендердің "бар да, ұрып таста" деп айтқанын көп естігенмін", - деді. "Менде де сондай жағдай көп болған. Қазір бәрі де басқаша", - деп жауап берді Головкин. Сондай-ақ қазақстандыққа жас кезінде қанша рет жеңілгені жайлы сұрақ қойылды. "Көп емес, төрт немесе бес рет, бірақ көшеде ешқашан жеңіліп көрмегенмін", - деп мәлімдеді ол. Бағдарлама жүргізушісі Головкиннің 24 жекпе-жекті нокаутпен аяқтағанын еске ала отырып, соңғы рет қашан жеңілгенін сұрады. Өзінің бұл сұрақтың жауабы боксшының жасөспірім шағы болар деп болжады. Бірақ, Генадий Головкиннің айтуынша, ол соңғы рет 2004 жылғы Олимпиада финалында жеңілгенін айтты.
Ал Роузидің Аманда Нуньестен 48 секунд ішінде жеңілгені жайлы пікір білдірген ол бұл оқиғаны ессіздік деп атады. "Көрдім. Бұл ессіздік. Ол әлі чемпиондық титулдарға дайын емес деп айтар едім. Оған уақыт керек. UFC-ге Роузи сияқты адамның керек екенін 100 пайыз сеніммен айта аламын. Мен оны жақсы білемін, ол менің досым. Бұл басқа спорт түрі, онда бәрі қызық. Бокс - классика, ал UFC - хай-тек іспеттес. Ессіздіктер болып жататын шығар, бірақ сырттан қарағанда керемет көрінеді", - деді Головкин.
Сұхбатының соңында Головкин АҚШ-та қалай тұрып жатқаны жайлы баяндады. "Уақытым көп емес. Лос-Анджелесте отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Әйеліммен комедиялық шоулар мен фильмдерді көргенді ұнатамын. Мен қарапайым жігітпін. Жағалауға барғанды, баламды мектепке апарғанды ұнатамын", - деді ол.
Сұхбат барысында оның карьерасын қашан аяқтайтыны туралы да сұрақ болды. Бұл сұраққа боксшы "Жақсы сұрақ. Қазір менің өзімді 25 жастағы адам секілді сезінемін. Нақты ештеңе айта алмаймын. Бұл бокс. Мүмкін келесі жекпе-жектен соң, мүмкін ертең болар. Кез келген сәтте. Бұл өмір ғой", деп жауап берді.