• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2017

Астанада дүниежүзілік опера конкурсы өтеді

450 рет
көрсетілді

Ұлы опера әншісі әрі дирижер Пласидо Доминго негізін қалаған вокалшылардың дүние жүзіндегі ең беделді «Опералия» байқауы Қазақстанда алғаш рет өтеді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі. Жиырма бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған Опера өнерінің дүниежүзілік конкурсы  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен 2017 жылдың 24 - 29 шілдесі аралығында «Астана Опера» сахнасында өткізіледі. «Астана Опера» театрының өнер ұжымы «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай, есте қаларлық керемет шаралар бағдарламасын әзірледі. Солардың қатарында «Опералия» да бар. Маэстро Домингоның әлемдік опера өнеріне қосқан үлесіне баға жетпейді. Мұндай деңгейдегі тұлғамен бірге жұмыс істеу- біз үшін үлкен мақтаныш, - дейді «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. «Опералия» байқауына 18 бен 32 жас аралығындағы кез келген әнші (бас даусынан бастап, сопраноға дейін) қатыса алады. Астанаға дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 40 жуық дарынды вокалшылар келеді. Алдын-ала іріктеу электрондық өтініш бойынша 2016 жылдың желтоқсанынан бастап, 2017 жылдың ақпанына дейін жүреді. Байқау үш кезеңнен тұрады және маэстро Домингоның «Астана Опера» Симфониялық оркестріне жетекшілік етуімен өтетін жеңімпаздардың гала концертімен аяқталады. Байқаудың талабымен және жаңалығымен Опералия сайтында танысуға болады.