Екіжақты қатынастың табысты 25 жылы
Биыл, дәлірегі, алдағы қазан айында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің дербес мемлекеттер ретінде өзара барыс-келіс жасап, екіжақты қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Сондықтан, бүгін біз осы мерейтойлық жылдың Елбасының БАӘ-ге жасаған ресми сапарымен басталғанын жақсылыққа жори отырып, Әбу-Дабиден жолданған бұл мақаламызға екі ел ынтымақтастығының тарихын азды-көпті арқау етсек, артық болмас. Нақтылай айтқанда, Қазақстан мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 1 қазанынан бастау алады. Ал БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істесе, еліміздің БАӘ-дегі елшілігі 2006 жылдың қыркүйек айында ашылды. Тараптардың бұған дейінгі мәмілелі, мән-маңызы жоғары қатынастары өзара әріптестіктің өзіндік тарихын қалыптастырды, саяси, мәдени және экономикалық байланыстардың қарқынды дамуына кеңінен жол ашып берді. Бұл үдеріс өз кезегінде еліміздің өркендеуіне, өрісін кеңейтуіне оң ықпалын тигізгені анық. Жалпы, мемлекеттер арасындағы тұрақты, өзара сенімге құралған байланыстардың орнауына ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулері тікелей әсер ететіні, шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан-БАӘ екіжақты қатынастарының бүгінгідей деңгейге көтерілуінің негізі мемлекеттер басшыларының жиі кездесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастыққа қатысты маңызды шешімдер қабылдағандығында. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ Президентімен өзекті мәселелер бойынша көптеген маңызды келіссөздер жүргізгенін, соның нәтижесінде екіжақты әріптестіктің әлеуеті арта түскенін атап көрсеткеніміз абзал. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін БАӘ-ге ресми және жұмыс сапарларымен 12 рет барыпты. Сондай-ақ, БАӘ-нің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның елімізге жеке сапарлары 8 мәрте жүзеге асыпты. Бұл барыс-келістер екіжақты қатынастарды дамыта түсті. Бұдан бөлек, тараптардың халықаралық ұйымдар аясындағы кездесулері де Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың жандануына өз ықпалын тигізе білді. Негізінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың мамырында БАӘ-ге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуына серпін берді деп айта аламыз. Бұл сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-нің сол кездегі Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен, сондай-ақ елдің іскер топ өкілдерімен келіссөздер өткізді. Осы сапар шеңберінде Әбу-Даби қаласында Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімде «тараптар екі ел арасында ұзақ мерзімді әрі тұрақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, осы мақсаттарда тиісті жағдайлар жасайтын болады», деп атап көрсетілген болатын. Бұдан кейін өткен мемлекеттер басшылары деңгейіндегі кездесулер де өз жүйесін тауып, тараптардың кең ауқымдағы байланыстарын нығайта білді. Енді солардың бірқатарына тоқтала кетейік. 2002 жылғы 8 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, Қазақстан экономикасының мұнай және газ салаларын дамытуға инвестицияларды ұлғайту перспективалары, сондай-ақ сауда-экономикалық және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. 2004 жылғы 18-22 қаңтар аралығында Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, БАӘ-нің Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянмен және Әбу-Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен жүздесті. Кездесулерде басты назар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне аударылды. Сапар кезінде Қазақстан Президенті «Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктері» атты бизнес-форумның жұмысына қатысты. Елбасы келешегі зор ретінде мұнай-газ саласын, құрылыс индустриясын, автожол, жоғары технологиялар салаларын атай келе, БАӘ-нің кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасын инвестициялауға белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан кең мөлшерде БАӘ-ге астық экспортын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді. Сапар нәтижесі бойынша екі мемлекет басшылары келіссөздердің сындарлы сипатын және тараптардың достық және өзара түсіністік рухында әрекет жасауға ниеттерін атап өткен Бірлескен коммюникеге қол қойды. Сол сияқты, 2006 жылғы 16 ақпанда Президент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс сапарымен болып, Әбу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспары» атты маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда зор маңызға ие. Ал 2007 жылғы 7-11 қараша аралығында Мемлекет басшысы Әбу-Дабиде БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар экономиканың өнеркәсіп, көлік және коммуникация, құрылыс, фармацевтика және медицина сияқты салаларындағы экономикалық ынтымақтастықты белсенділендіруді қарастыратын 2006 жылы қол қойылған «Қазақстан Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Іс-әрекет жоспарының» маңыздылығын атап өтті. Сол жолы Президент Н.Ә.Назарбаев сауда-өнеркәсіп палаталары қамқорлығымен Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесін құруды ұсынды. 2008 жылғы 15 шілдеде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен, оның Қазақстанға ресми сапары аясында кездесіп, шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың деңгейі мен болашағы сөз болды. Айта кетейік, осы жылы тамызда БАӘ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) толық мүшесі болды. Сонымен қатар, Елбасының 2009 жылғы 16-17 наурыздағы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапарында БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Әмірліктер өзара қарым-қатынасын дамыту мәселелерін қарастырды. Кездесу соңында БАӘ Президенті Н.Ә.Назарбаевты Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғары мемлекеттік наградасы – Заид орденімен марапаттады. Қазақстан Президенті өз кезегінде, БАӘ басшысына екіжақты қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін тапсырды. 2012 жылғы 9-13 ақпан аралығында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Мемлекет басшысы БАӘ-нің Президенті, шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Оның барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сол сәтте тараптар бұрынғы кеңестік өңірде тұңғыш ислам банкі «Әл-Хилял» банктің Қазақстандағы жемісті қызметіне қанағаттанушылық танытты. Астана және Алматы қалаларынан кейін Шымкентте үшінші филиалының ашылуы Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан банктің жұмысы белсенді жүріп жатқандығының айқын дәлелі бола алады. 2014 жылғы 30 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Әбу-Дабидің Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық басымдығы бар мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша нығайғанын атап өтті. Жалпы, екіжақты қатынастардың сапасы тек белсенді саяси үнқатысулармен ғана шектелмейді. Қазақстан-БАӘ қатынастарын нығайтуда сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Отын-энергетика саласындағы ынтымақтастық белсенді жалғасып келеді. 2010 жылғы қаңтарда Әбу-Даби үкіметінің Қазақстанда қаржылық әлеуеті 500 млн АҚШ долларынан кем емес «AlHilal Bank» алғашқы ислам банкін ашу жөніндегі шешімі, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде Қазақстанда тікелей инвестиялардың алдыңғы қатарлы қорларының бірі болған бірлескен инвестициялық «Фалах» қорының құрылуы екіжақты байланыстардың қарқынды дамуының дәлелі болады. Қазақстан Республикасының сыртқы саудасында Біріккен Араб Әмірліктері әлемнің 205 елі арасында 52-орында, оның ішінде 42 Азия елдері арасында – 16-орынды, ал араб елдері арасында 1-орынды алады. Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері – біз үшін маңызды әрі сенімді әріптес ел. Қос тараптың бір-біріне осылайша құрметпен қарап, ортақ мүдде орайында орнықты, байыпты қадамдар жасаулары, әрине, өзара байланыстарды тереңдете түсуде. Осы ынтымақтастықтың бір ғана көрсеткіші ретінде БАӘ-нің еліміз үшін ірі инвестор болып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, соңғы мәліметтерге қарағанда, 2005-2016 жылдар аралығында бұл мемлекеттен Қазақстанға тікелей 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Сондай-ақ, Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың құрылысына БАӘ тарапынан өтеусіз негізде 100 млн АҚШ долларынан астам қаржы қаралған.Ортақ ұстанымдар байланыс аясын кеңейтеді
Негізінде, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің саяси ұстанымдарында да алшақтық жоқ. Бірқатар өзекті халықаралық және аймақтық мәселелерге қатысты ұстанымдары бірдей. Бұл жайт екі елдің саяси саладағы өзара іс-қимылдарын тереңдете беруге мүмкіндік береді. Мәселен, БАӘ Қазақстанның бастамашы болуымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) 2008 жылдың шілдесінде толық құқылы мүше болды. Парсы шығанағы аймағындағы жетекші мемлекеттің бірі – БАӘ-нің осы халықаралық ұйымға мүше болуы АӨСШК-нің беделі мен салмағын арттыратыны анық. Ислам әлеміндегі лайықты орнына байланысты БАӘ басшылығы өздерінің елі ішінде және халықаралық аренада конфессияаралық үнқатысудың орныққанын қолдап келеді. Бұған Астанада дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің жұмысына БАӘ өкілдерінің белсенді қатысып жүргені дәлел болады. Екіжақты мәдени-гуманитарлық қатынастар ұдайы даму үстінде және оның аясының кеңейе түскені байқалады. 2009 жылы наурызда Елбасының БАӘ-ге ресми сапары шеңберінде Қазақстанның БАӘ-дегі Мәдениет күндері өтті. 2010 жылы мамырда Астанада БАӘ-нің Мәдениет күндері өткізілді. БАӘ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың қорғаны, этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі деп қарастырады. Әбу-Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян 2011 жылғы 30 қаңтарда Астана қаласында 7-ші қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 2014 жылғы 30 сәуірде Әбу-Дабиде Халықаралық кітап көрмесі шеңберінде алғаш рет араб тілінде басылған «Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Әбу-Дабиден (БАӘ) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды