• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Өңірлердегі жұртшылықпен кездесулер

473 рет
көрсетілді

Алматыда жұмыс бабындағы сапармен жүрген Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев қаланың Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Шара барысында кеңестің Парламент Сенатымен өзара іс-қимыл тетіктері, сондай-ақ алматылықтарды алаңдататын негізгі мәселелер талқыланды. Еліміздегі азаматтарды уақытша тіркеу туралы жаңа заң ережелеріне қатысты жағдайларға ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар қабылданған заң ережелерінің бүгінгі ахуалға бейімделуі жөнінде оңтайлы шешім іздестіру үшін егжей-тегжейлі талдау жасауға арналған бірлескен жұмыс қажет екені туралы шешім қабылдады.  Бұл мақсатқа Алматы қаласының Қоғамдық кеңес құрамында жұмыс тобы құрылатын болды. Т.Мұқашев Қазақстан Кәсіпкерлер форумы кеңесінің және Алматы Кәсіпкерлер ассоциациясының мүшелерімен де кездесті. Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері монополистер жұмысын ретке келтіру, квазимемлекеттік сектордың, экология, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу салаларындағы жұмыстардың ашықтығын арттыруға қатысты сауалдар қойды. Кездесуге қатысушылар күндізгі уақытта автомобильдердің жақынға түсетін жарығын қалаларда жағып жүру туралы талаптың қажеттігіне күмән келтірді. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл ереженің Алматы қаласына қатысты экологиялық зардаптарына толықтай сараптама жүргізілуі тиіс.  Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ *** Ақтөбе облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов жергілікті тұрғындармен кездесті және аймақтағы бірқатар кәсіпорындарды аралады.  Сенатор мемлекеттік бағдарлама­лар­ды, оның ішінде ауыл шаруашылы­ғын дамытуға арналған жобаларды іске асыру барысымен танысты. 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 72 өндірістік кооператив құрылды, жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша 29 мың адам жұмыспен қамтылды. Индустрияландыру картасы аясында 6 миллиард теңгенің 3 жобасы іске қосылды, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылдам салынатын үй құрылысының алғашқы жобасын іске асыратын  үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы *** Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдар мен мекемелер басшылары және округ әкімдері қатысты.  З.Балиеваның айтуынша, әр отбасының кемінде бір мүшесі кәсіппен айналысуы тиіс. Ол үшін жыл басынан бері мемлекет тарапынан қолдау екі есеге күшейген. Яғни, кәсіпкерлікті ашудағы шектеулер алынды,  мүмкіндіктер молайды. «Қазір кез келген жұмыс істеймін деушіге жол ашық. Кешеге дейін арнайы жеңілдетілген несие беретін мемлекеттік бағдарламалар тек ауыл шаруашылығын дамыту мақсатына жұмылдырылған болса, бүгінде 20 миллион теңгеге дейін несие алып, өзге де бизнесті бастауға болады», – деді депутат. Зағипа Яхияқызы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының жай-жапсарын да түсіндірді. «Бүгінде қол-аяғы балғадай ер-азаматтар үй кезегінде тұр. Одан қалса, түрлі сылтаулар айтып, шағымданады. Дәл осындай ер-азаматтарға айтайын, кедейлік – асқынған ауру. Оның алдын алу үшін еңбекпен шұғылдану қажет», – деді З.Балиева. Жиын барысында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, ойларында жүрген сауалдарына жауап алды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы *** Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов аймақтарға сапарлар аясында Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында болды. Сенаторлар Шиелі ауданындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салуға бөлінген 2,8 миллиард теңгенің игерілуі және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Жергілікті халықпен кездесулер барысында аудан орталығындағы инфрақұрылымды дамытудың келешегі сөз болды. Депутаттар Ақмая ауылындағы күрішшілермен, Арал ауданындағы   шабақ өсіретін «Қосжар» питомнигіндегі жұмысшылармен жүздесіп, еңбек өнімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Қазіргі кезде балық зауытында жеке әріптестік негізіндегі экономикалық қатынастар нығайып келеді. Балықшылар қауымы қазіргі кезде 4 мың тонна балық өнімдерін шетелге экспортқа шығарып отыр. Сенаторлар сапары Қазалы және Қармақшы аудандарында жалғасты. Олар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мектептер мен ауруханалар және басқа да ұйымдарда болды, еңбек ұжымдарымен кездесті. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы *** Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүрген Сенат депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков Мұнайлы ауданында болды. Аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында сенаторлар Парламенттің заң шығару қызметі мен Сенаттағы «Өңір» тобының жұмысы туралы әңгімеледі, сондай-ақ аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. М.Бортник пен Б.Шелпеков аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында да болды. Депутаттар кезектің жоқтығын және тұратын жері бойынша уақытша міндетті тіркелу ережелерінің күшіне енуіне байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің сапалы жұмысын атап өтті. Парламентшілер Маңғыстау облысын­дағы құрғақтағы негізгі қақпа болып табылатын Маңғыстау темір жол вокзалында да болды. Жолаушылар тасымалының ұлғаюына байланысты 2016 жылы вокзал маңы аумағын жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 71 миллион теңге бөлінген екен. М.Бортник пен Б.Шелпеков, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында да болды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы *** Парламент Сенатының депутаты Ертарғын Астаев Жамбыл облысындағы аграрлық сектордың даму барысымен танысты. Аймаққа сапар барысында сенатор бірқатар кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында Е. Астаев ауыл шаруашылығын өркендетудің қазіргі заманғы тәсілдерін қолдана отырып, жеміс-жидек өсіретін «Шығыс бағы» ЖШС жұмысымен таныс­ты. 50 гектар жерге алма бағын өсіру қолға алынып, аймақта алғаш рет тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Е.Астаевтың айтуынша, алманың көптеген түрлерін өсіруге мүмкіндік беретін аймақтың табиғи жағдайы бақша шаруашылығына жаңа технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Депутат жергілікті жеміс-жидектерді бұдан былай экспортқа шығару қолға алынатынына сенім артатынын жеткізді. Сенатор асыл тұқымды жылқы мен мүйізді ірі қара өсірілетін «Бiрлiк» шаруа қожалығында да болды. Сапарды қорытындылай келіп, депутат мемлекеттік органдар басшы­лары­ның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мұқтаждықтарына назар аударуы және қолдау білдіруі қажеттігі туралы ойларын ортаға салды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы *** Қостанай облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген сенаторлар Серік Бектұрғанов пен Жеңіс Нұрғалиев Әулиекөл ауданында болды. Аудан орталығындағы кездесуде аграрлық сектор мен кәсіпкерлікті қолдау, ауылдағы оқу сапасын арттыру мен мамандар даярлау мәселелеріне депутаттар баса назар аударды.  Ауылдық округтердің әкімдерімен, аудандық мемлекеттік бөлімдердің және серіктестіктердің басшыларымен жүздесулерде ауданның көптеген мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жатқаны әрі аймақ экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып жатқаны айтылды. Қазіргі кезде аудан аумағында 300-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. Ж.Нұрғалиев бірқатар жобалардың табысты іске асып жатқаны туралы айта келіп, Қостанай облысының экономика­лық көрсеткіштерін жоғары бағалады. «Кәсіпкерлікті қолдау картасына 358 миллиард теңгенің 20 жобасы  енді және 5400 жұмыс орындары ашылды. Өткен жылы Қостанай облысында ауыл шаруашылығының дамуы 3,2 пайызды көрсетті», – деді сенатор. Кездесуде жаңа жылдағы микро­несиелеу бағдарламасының шарттары туралы да әңгіме болды. «Ауыл шаруа­шылығын қолдау қоры ауыл еңбек­керлерін қолдауды жалғастыра береді. Тек сандарда ғана өзгерістер бар. Бірін­шіден, бағдарламада берілетін несие 6 пайыздан аспауы тиіс екені туралы қатаң жазылған. Екіншіден, берілетін несиелер 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін болуы тиіс, биыл оның бір қолға тиетіні 18 миллион теңгені құрайды», деді С.Бектұрғанов. Кездесуден кейін депутаттар техника мамандарын даярлайтын Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің жұмысымен танысты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы *** «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Гүлнар Бижанова, Снежанна Имашева және Серік Құсайынов Қарағанды қаласының Достық үйінде өткен облыстық және қалалық Қоғамдық кеңестердің отырысына қатысты. Мәжіліс депутаттары заңнамаларды, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар жинақтау мақсатында аймақтың жұрт­шылығымен кездесулер өткізіліп жат­қанын атап өтті. Іс-шараның аясында Қоғамдық кеңестердің мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасының жаңа пішіндерін қалыптастырудағы маңызды рөлі айқындалды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, оларға аймақ тұрғындарының атынан  түскен өтініштері көбінесе денсаулық сақ­тау­ға, білім беруге, коммуналдық шаруа­шы­­­лық­қа, жер мәселелеріне, еңбек дау­лары­на және экологияға қатысты болып келеді. Отырыс барысында Шахтинск қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Дүйсекеевтің құлаған үйден жапа шеккендерге қолдау көрсету туралы ақпараты тыңдалды. Осы трагедиядан жапа шеккендерге көмек көрсету үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары бір күндік жалақыларын аударған болатын.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы *** Парламент Мәжілісінің депутаттары Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде мәжілісмендер Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Звольский, Петр Шарапаев және Мұрат Теміржанов еңбекшілермен бірқатар мәселелерді талқылады және заң шығару қызметі туралы әңгімеледі.  Бүгінгі таңда кәсіпорын Қазақстан нарығында сұранысқа иенің бірі болып табылады. Бұл – 50 жыл бойы мұнай өндіруші компаниялар үшін, техниканы және мұнай-химия мен мұнай өңдеу кәсіпорындары үшін жабдықтар шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт. Зауыт Қытай, Ресей, Жапония, Германия, Норвегия, Англия, АҚШ, Канада, Италия, Беларусь ірі компанияларымен ынтымақтасады. Осында 1000-ға жуық адам еңбек етуде, орташа жалақы 95 мың теңгені құрайды. Өндіріс саласының жұмыс­шыларымен кездесу кезінде мәжілісмендер өнеркәсіптік өндірістің елеулі өсуін және Солтүстік Қазақстанда бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда табыстылығын атап өтті. Қызметкерлермен әңгіме барысында депутаттар кәсіпорын қызметіне жоғары баға берді және зауыт қызметкерлерінің отандық мұнай саласының дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Депутаттар облыс активінің жиналысына қатысты, «Нұр Отан» партия­сы аймақтық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке қабылдады және аграрлық компаниялар: «Даму» қорының және Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесті.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы *** Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотниковтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс бабындағы сапары барысында «Жайылымдар туралы» заң жобасын қарау кезіндегі өзекті мәселелер талқыланды.  Өскеменде жергілікті билік өкілдерімен, шаруашылық субъек­тілерінің басшыларымен, ауылдық округтер әкімдерімен кездесу болды. Депутат талқыланып отырған тақы­рып­тың маңыздылығын, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін жайылымдарды тиімді пайдаланудың маңызы зор екенін атап өтті. Заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа келгені және оның бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда қаралғаны туралы айтылды. Сенатор ауыл еңбеккерлерінің бірқатар сауалдарына жауап беріп, түсіндірмелері мен ұсыныстарын тыңдады. С. Плотниковтың айтуын­ша, мұндай пікірлесу адамдарға ақылдасудың, олардың мүдделерін ескерудің тамаша мүмкіндігін туғызады. Депутат Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында да кездесу өткізді. Оның басшысы Александр Томашенко ұжым­ның өткен жылғы қызметіне тоқталып, алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы