Қазір ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жақындаған сайын, үлкеннің де, кішінің де ол туралы білсем деген ынтызары мол. Жергілікті фотограф, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Георгий Шаповалов «ЭКСПО әлемі» атты көркем фотографиялар көрмесін ашқанда жерлестерінің осы тілегін қаперге алыпты.
Г.Шаповаловтың көшпелі фото көрмесінде ол дайындаған жиырмадан астам сурет бар. Оның барлығы да өркениеттің өскенін білдіретін осынау халықаралық көрменің тарихынан сыр шертеді. Көрмені алдымен Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары тамашалады.
Астанада «Болашақ энергиясы» деген атпен 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында 100 елдің қатысуымен өтетін әлемдік көрме Қазақстанды жер жүзіне таныта түсері хақ. «ЭКСПО әлемі» фотосурет көрмесіне әр жылдары, әр заманда өткен көрменің сол уақыттың символына айналған әйгілі тұстары таңдалып алыныпты. Ең бірінші Лондонда өткен көрме – Гауһар сарай, Париждің бет бейнесіндей Эйфель мұнарасы, Астана павильоны секілді ЭКСПО тамашаларын көрермен тапжылмай тамашалайды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандарының бастамасымен ұйымдастырылған бұл көшпелі көрменің көрермендер үшін танымдық, ағартушылық та маңызы зор болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ