• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Ғасыр жасаған қария

526 рет
көрсетілді

Қаңтар айының бірінші күні Алғабас ауылдық округінің тұрғыны Рахима Есенғалиева 100 жасқа толды. Кейуананы ға­сырлық тойымен құттықтай барған аудан әкімі Абат Шы­ныбеков қуаныш иесіне құрметін көрсетіп, иығына қамзол-шарқатын жапты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов те аудан басшысымен бірге лебіздерін білдірді. Рахима Есенғалиева 1917 жылы Жаңақала ауданының қазіргі Жаңақазан ауылында дүниеге келген. 1924 жылы мектепке барып, 4 сыныптық білім алған. Рахиманың тағдыры әп дегеннен оңай болмады. Аштықты, жоқшылықты көрді. 12 жасынан бастап ер адамның жұмысын жасады. 30-жылдардың аласапыранында қалған Рахимаға басқа амал да болған жоқ еді. Ол егін салды, шабындыққа шалғы сілтеді, шөмеле үйді. Сауыншы болды, малшыларға көмекші болды. Соғыстағы жауынгер азаматтарға қолғап тоқыған да – осы Рахима. Рахима әже 1934 жылы Исат Есенғалиев деген азаматпен тұр­мыс құрды. Екеуі алты бірдей пер­зентті тәрбиелеп, өсірді. КСРО Министрлер Кеңе­сінің 1947 жылғы 3 маусы­мын­дағы қау­­лысына сәйкес Ка­пус­тин Яр раке­талық полигоны құ­рылды. 1952 жылы кеңестік оз­быр­лық­тың кесірі Нарынға мық­тап тұрып тиді. Ел тоз-тоз болып, басы ауған жаққа күш­теп кө­шірілді. «Мыл­тық ататындардың кесі­рі­нен елден көштік!» дейтіні осы ғой әжейдің. – Бізді әскери көлікпен кө­шірді. Астына сабан төселген көліктің аядай бортына дү­ние­сімен, мүлкімен бірге 4-5 отбасы бір тиеледі. Жаңақазаннан Ақырапқа солай келдік. Бірер айдан кейін малымыз келді, – дейді әже өткенді еске алып. Сөйтіп Есенғалиевтер 1952 жылы Жаңақазан ауылынан Жымпиты ауданының Ақрап ауылына (қазіргі Сасықкөл елді мекені) көшіп келді. Әжеміз 1967 жылға дейін сауыншы болып еңбек етті. Сол жылы зейнет­керлікке шықты. Ол осы уақытқа дейін он үш немере, жиырма үш жиен, екі шөбере сүйіп отыр. Қазір ауылда ұлы Жексенғали, қызы Қалимамен бірге тұрады. Әлі тың. Газет оқиды, тіпті ине сабақтайды. Әңгімешіл. Бос сөз емес, дұрыс әңгіме айтады. – Бақытқа жету үшін адамға көп ештеңенің керегі жоқ. Тек арманынан айнымаса болды. Бір байқайтыным, қазіргі ұр­пақ­та тасқындық көп. Ысы­рап көп. Бұрын­дары бірнеше отбасы бір дас­тар­ханға сиятын-ды. Қазір бір отбасы бір үйге сый­майды. Береке деген нәзік нәрсе. Соған мұқият болың­дар, ай­налайындар! – дейді Рахима әже. Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы