Индер ауданында тұратын гинеколог-дәрігер Оңай Арыстанова 2010 жылы кәсібін кәсіпкерлікпен ұштастырды. Алғашында өзінің әріптесі Гүлшат Бердіғалиеваның жеке ауруханасында бастаған екен. Алайда, емделушілердің көптеп келуі кәсібін кеңейту қажеттігін ұғындырды. «Сырқаттарға сапалы қызмет көрсету үшін емдеу-сауықтыру орталығын ашуды көздедім», дейді ол.
Өз кәсібін ашу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 5 миллион 500 мың теңгенің несиесіне қол жеткізді. Сөйтіп, дербес емдеу-сауықтыру орталығын ашты. Мұнда алты керуеттік күндізгі және гинекология бөлімдері бар. Сырқаттарды сүлікпен де емдейтін Оңай Арыстанованың жекеменшіктегі медицинаны дамытуына хирург мамандығын меңгерген күйеуі Қаршыға Сәпиев те қолдауын көрсетіп отыр. Ал өзі Израильде білімін жетілдіріп келді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы